Қандастар Ассамблея

Алқа

26.08.2014 12134
Алқа 1 – бірнеше бөлік асыл тастардан, түрлі-түсті шыны көздер орнатылған бірнеше алақаннан тұратын, топсалы шынжыр арқылы тағылатын мойын әшекейі.

Алқа 1 –  бірнеше бөлік асыл  тастардан,  түрлі-түсті шыны көздер орнатылған бірнеше алақаннан тұратын, топсалы шынжыр арқылы тағылатын мойын әшекейі.

 

Алқаны жасөспірім және бойжеткен қыздар, жас келіншектер таққан. Алғашында алқа дөңгелек пошымда, әрі әшекей ретінде тағылғанымен, бертін келе оның түр-сипаты өзгеріп, тұмарша түріне, дәлірек айтсақ, үзбелі салпыншақты пішінге ауысқан. алқа моншақтан тізген асыл тастардан, алтын мен күмістен соғылып, бетіне асыл тас қондырып, ою-өрнектеп, салпыншақты етіп жасалады. Алқа бірнеше бөліктен тұрады: алақан – бір-бірімен топса арқылы байланысатын жалпақ күміс немесе күмістелген қаңылтыр (оны кей жерде тақта деп те атайды); алақанбау – мойынға байлайтын жібек жіп немесе күміс шынжыр; аяқ – алқаның шынжырлары, салпыншағы; қас – алқа көзіндегі тас; қоза – шар сияқты ұсақ домалақ әшекей; тойнақ бекітілген топса тәрізді тетігі.

Түркітанушы В.В. Радлов алқаның түркі тілдеріне араб тілінен енгендігін, оның дөңгелек, шығыр, шығыршық, сырға, алқа, сақина, білезік сияқты мағынада қолданылғандығын айтады. Оның сөздігінен түркі тілдеріндегі мынадай атауларды оқимыз: мойын алқасы, бармақ алқасы (сақина), білек алқасы (білезік), қапы алқасы (есіктегі құлып). Қазақ тілінде де ертеректе алқа деп сырғаны да атаған. Бірақ, ол бүгінде ұмыт болып отыр.

Алқа өңір әшекейі ретінде әдеби тілде алтын алқа, күміс алқа және т.б. түрінде аталса, жергілікті тілде әйкел, көкірекше, қаза, омырауша, өңіржиек сияқты атаулары кездеседі. Мұндағы атаулар алқаның көлемі мен дененің қай тұсын жауып тұратындығына немесе киімнің қай бөлігіне тағылатындығына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Омырауша – алқаның, өңіржиектің жергілікті аты. Өңжорға – алтын мен күмістен жасалған алқаның көне атауы. Бұрын алқаға қоса шолпыны да онжорға деп атаған. Өңіржиек – алқаның жергілікті жердегі атауы.

 Алқа түрлері өте көп: алқатас – жіпке тізген моншақты асыл тас. Алтын алқа – алтын жалатылған өңір-жиек; алтын жамбалы алқа – кесек алтыны бар я сом алтыннан соққан, шоқ орнатқан алқа; бойтұмар алқа – әшекейленген тұмардың өзі; дан алқа – ертеде қызметі, лаузымы жоғары адамдардың мойнына тағатын белгісі. Сондай-ақ, салпыншағы мол, бірнеше шашақты сәнді зер шашақты алқа; көлемі шағын көкірекше алқа; шар тәрізді сылдырмақтармен әшекейленген қозалы алқа; екі қатар етіп алтын-күмістен соққан қос алқа; төрт бұрышты екі алақаннан (пластинкадан) тұратын қос тақта алқалар кездеседі.

ҚР МОМ қорында (КП 12509/1,2) сақтаулы күміс алқаның шынжырының ұз. 22 см, салпыншақтарының ұз. 17 см. Мойынға ілетін шынжырдан төмен қарай аяқ деп аталатын тағы да қысқа шынжырлар бекітілген. Олардың ұштарына сөлкебай деп атаған Патшалық Ресейдің күміс ақшалары мен бес дана ақық тағылған (1860-1896 жж. сегіз дана сөлкебайдың бесеуі 20 тиындық және 25, 30, 50 тиындық бір-бір сөлкебай бар). Бес дана ақықты металмен қырсаулап, қоза етіп жасаған және үшкіл пішінге келтірілген сіркелеу техникасымен әшекейленген. Жиектерін айналдыра сым жүргізіліп, олардың да іші сіркеленген. Қырсауланған қоза тәрізді ақықтар сөлкебай салпыншақтардың арасына тағылған. Оның біреуі мойынға тағатын шынжырдың ұшы тойнақпен жалғастырылып, шынжырды тұйықтап бекітуге арналған топса салынған. Бұларға қосымша ұзынша собық тәрізді қоза және екі дөңгелек гүл пішінінде перузадан көз салынған шытыра орнатылған.

Әдеб.: Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Алматы: Қазақстан, 1993; Тохтабаева Ш. Қазақтардың қолөнерге байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Алматы: Арыс, 2005; ҚР МОМ – материалдары- нан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

Алқа 2 – алдыңғы жақ өңірге шалғыш тәрізді етіп шалатын етегі төртбұрыш немесе доғалдау пошымды, мойынды орай желкеден байланатын бауы бар кестеленген әйел киімінің түрі. Алқа әйел адамның кеуде киімінің өңіріне кіріктіріп тігуге немесе кеуделік тәрізді етіп байлауға арналған.

 

Алқа. ҚР МОМ қорынан (КП 13077/5)

Әйелдердің бұл киімі Батыста омырауша, Жетісуда белшалғыш, Арқада өңір деп әр өлкеде әртүрлі аталады. Әйел көйлегінің өңірін жауып тұратын бұл бөліктің ұзындығы әркімнің қалауы мен дене бітіміне сай пішіледі. Ол ертеде Талас, Бөкей ордасы аймағында қалыңдық киімінің құрамдас бөлігіне саналған. Жетісу, шығыс, оңтүстік-шығыс өңірде кең таралған.

ҚР МОМ қорындағы ( КП 13077/5) алқа доғалдау төртбұрыш пошымды, ұз. 36, ені 33 см. Сәнді киімнің бөлігі ретінде дайындалған шағын алқаның оң жақ шетінде мойынды орай желкеден байланатын бау, екінші ұшында түйме қадалған. Жоғарғы жағына ені 2,2 см-лік зерлі оқа бастырылған. Тең ортасында 27х10 см келген таңқурай түсті барқытқа ширатпа зермен рәмізделген гүл өрнегі тігілген және бүртік әшекейлер қадалған. Оны айналдыра ені 6 см әдіп, ал ту сыртынан 5 см күреңқызыл барқыттан ені 5 см-лік әдіп салған, теңге, күміс түйме, кестелі өрнектермен сәнделген.

Әдеб.: Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі. Ғылыми каталог (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Ғылыми редактор және жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. Алматы: Өнер, 2009; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

Алқа 3 – белгілі бір әлеуметтік мәселемен байланысты жиналған топ, жиын, жиналыс. Алқа, алқалау сөзінің төркінін академик Р.Сыздықова араб тіліндегі дөңгелек деген мағынадағы хәлха сөзімен байланыстыра отырып, қазақ тілінде «адамдар тобы» деген ауыспалы мәнде қолданылғанын айтады. Этнографтардың айтуына қарағанда, Орта Азияны және Қазақстанды мекендеген халықтардың ислам дәуіріне дейінгі әдет-ғұрпында жылына бір рет өлгендердің бейітіне баратын дәстүр болған. Бейіт басына жиналған әйелдер алқа құрып, қол ұстасып, ауық-ауық алақан соғып, дұға оқып, ортаны айналып жүретін болған. Қазақы ортада алқа ұғымы, бір жағынан, ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі, билер соты сияқты арнайы жиындардың ұйымдастырылу бітімін, екінші жағынан, сол институттардың ең шешуші кезеңін, яғни белгілі бір мәселені шешуге байланысты жиынға қатысушылардың арнайы мәжіліс-кеңесін білдіреді.

Әдеб.: Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. Алматы: Мектеп, 1980.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»