Қандастар Ассамблея

АКТЕРЛІК ӨНЕР

28.08.2014 6559
АКТЕРЛІК ӨНЕР — адам бойындағы қабілеттерінің көмегімен белгілі бір кезең мен уақытқа тән тірі образ жасау өнері.

АКТЕРЛІК ӨНЕР — адам бойындағы қабілеттерінің көмегімен белгілі бір кезең мен уақытқа тән тірі образ жасау өнері. А.ө. шабыт күшін, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет. Негізінде салт-дәстүрлік рәсімдерден басталған А.ө. жан-жақты өнер түрі болып қалыптасты. Салт-дәстүрлік рәсімдерде ән, би, музыка, сөз, грим, киім т.б. қолданылатын. Бертін келе А.ө-дің балетте — бимен, операда — әнмен, ал драма театрында — сөзбен тығыз байланысты үш түрі айқындалды. Драмалық спектакльдерде де би мен ән болады, бірақ ол қосымша құрал ғана. А.ө-дің “таза түрі” де бар, ол — пантомима. Әсерлі сезімге толы қимыл пантомиманың негізін құрайды, мұнсыз А.ө. де жоқ. Сондықтан пантомиманы А.ө-дің негізі деп қабылдаймыз. А.ө-дің өзіне тән маңызды ерекшелігі бар. Мыс., кескіндемешілер кенеппен, бояумен, мүсіншілер гипс, мәрмәр, ағашпен жұмыс істейді. Ал актердің жұмыс құралы — өзі, яғни жүрісі, қимылы, мимикасы, үні және психикасы. Сондықтан А. үнемі қимыл ептілігін, дауыс мүмкіндігін жетілдіруге тырысады, грим тех-сын үйренеді, ең бастысы іштей түрленуге тырысады. А.ө-де ізденуді образдың сомдалуынан бөліп алуға болмайды. Премьера — тек қана істің нәтижесі емес, ол жасампаздық еңбектің жалғасы, шарықтау шегі. Актер көрермендер алдында жұмыс үстінде, ол әрбір спектакль сайын жаңарып көрінеді. Актер мен образ бірігіп кеткендей әсер қалдырса, А.ө-дің табысты болғаны. Коңқайды Серке Қожамқұлов ойнайтынын жұрттың бәрі біледі, бірақ Қоңқай—Серке сахнаға шыға келгенде көрермен өткен ғасырда өмір сүрген түйсіксіз надан Қоңқайға деген ызасы мен мүсіркеуін жасыра алмайды, өйткені сахнада Қожамқұлов емес, Қоңқай тұрады. А.ө-дің бір құралы — тапқырлық. Сахнада тапқырлық автор мен режиссердің артқан міндетін орындай отырып, рөл табиғатын сақтап, әсерлендірудегі актердің еркіндігінен көрінеді. Қазақ театрында оның классик. бір түрін 1936 ж. Мәскеуде өткен онкүндікте Қ.Жандарбеков көрсетті. “Қыз—Жібек” операсында Бекежан рөлін ойнап жүрген актер кезекті бір көріністе даусының жетпей қалатынын байқап әнді шырқай көтерудің орнына қарқылдап күліп жібереді де, әрі қарай нотадан шықпай әнін жалғастырады. Бұл әрекеттің сәтті тапқырлық болғаны сонша, кейін Бекежан рөлін орындаушылардың бәрі осылай айтатын болды.

А.ө-дің алғышарттарының бәрі қазақ тұрмысында болған. Мыс., айтыстағы шұғыл, тапқыр әрі әсерлі сөз сайысы әдемі қимыл, орынды мимикамен бірге көрінеді. Әзіл айтыс болса, айтысушылар түр-әлпетін сайқымазақтарша өзгертіп отыратын болған. Ал, қазақтың қыз ұзату, келін түсірудегі дәстүрлі ырымдар, ән мен бидің, күлдіргіштердің әрекеттері сол бойы сахнаға сұранып тұрған көріністер. Жәрмеңкедегі ағашаяқтардың, жарапазан айтушылардың, көкпар мен қыз қуудағы әрекеттердің бәрінде А.ө-дің элементтері жатыр. Театр өнерінің жатырқалмай қабылданып, тез дамуына да себеп болған осы жайттар болса керек. Қазақ театрының іргесін қалап, шаңырағын көтерген актерлердің бәрінде де А. ө-ге қажетті қабілеттер мол болатын. Біресе қыздың, біресе кемпірдің, біресе шалдың рөлін орындайтын, тіпті сиыр мен лақтың үнін де айнытпай салатын Қ.Қуанышбаев, бір спектакльде қыздың, кемпірдің және жас жігіттің рөлін қатар ойнайтын Е. Өмірзақов, бір өзі бүкіл ансамбльге тұратын И. Байзақов, аққуға үн қосқан Әміре т.б. нағыз халық арасынан шыққан актерлер болатын. Бұлардың бәрі те “таза” А. ө-ді ешбір оқусыз меңгерген табиғи таланттар. Өркениетті қоғамдағы театр тарихында сахнадағы үнсіз көріністің (пауза) мәніне айрықша назар аударылады. Актер неғұрлым дарынды болса, соғұрлым оның үнсіз ойнауы әсерлі көрінеді. Осы өлшеммен қарағанда Қуанышбаевтың “Ақан сері —Ақтоқты” спектакліндегі мылқау Балуан рөлін “таза” А.ө-дің үлгісі деп тануымыз керек. Оның әрбір қимылы, көзқарасы, көкірегін жара шығатын күрсінісі, сынған домбыраны аялай ұстап тұрып егілгендегі көз жасының әсерлілігі сонша, мылқау сөзі анықтауыштан зат есімге айналып “Мылқау балуан” кейіпкер аты болып қалыптасты. Бұл да қазақ театрындағы А. ө.-дің айшықты бір көрінісі болып табылады. Қазақтың А.ө-і кәсіптік жағынан қалыптасқан, өзіндік сахналық мектебі бар бірнеше буыннан құралады. Актер кадрларын 1932 жылдан театр студиялары, ал 1978 жылдан Т. Жүргенов атынд. театр және кино институты даярлайды.

Ә.Сығаев

"Қазақстан энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар