Қандастар Ассамблея

«Адай тегі» мен «Маңғыстау»

27.08.2014 4641
«Адай тегі» мен «Маңғыстау»

Ақын жалғыз баласы Сайын дүние салғанда, алпысқа келген шағы еді. Баланың қазасы əке жүрегіне ауыр жүк бола тұра, Түкең иманынан адаспай күпіршілікке бой алдырмай, ең бастысы коммунизмның жалған идеологиясына уланбай Алла Тағаланың жазмышын мойындап, Алланың құлы екенін естен шығармайды. Бұндай парасат пен төзімділік тарих бойында қазақтар отаршы елдердің не бір зұлматына тап болса да өздерінің өжет мінезі мен биік рухын сақтай білетінін көрсетеді. Қараңғылық пен зұлматта тура жолды көрсететін жалғыз сара жол иман екенін аталарымыз білген.

Түмекең жалғыз ұлы қайтыс болған соң да он-шақты жыл өмір сүрді. Бірақ Аллаға деген иманын соңғы деміне дейін тілінде де, ділінде де сақтап жүрді. Сондықтан Түмен бабамыз қазақтың иманын биік ұстаған, орыстың отарлаушы қанды шапқынына қылыш ұcтап шаба алмаса да жанын күйзелтпестен рухын биік ұстап, соңғы деміне дейін күрес жолында жүрегіндегі има- нынан ауытқымаған тұлға кейпінде қала білді. Сонымен ұрпаққа өнегелі тұлға да болып қалуға əбден үлгі. Ол иманды болудың, төзімді болудың, парасатты болудың, еңбекқор болудың, білімпаз болудың анық өнегелі тұлғасы.

Түйіндеп айтқанда Түмен Балтабасұлы өнегелі ақын ретінде, ойшыл тұлға ретінде «баласы Сайынға жоқтауы» əкеге отбасы өмірінің темір қазығы екенін байқатады. Сондай-ақ өмірінде тіршілік үшін аянбай еңбек еткен ақын « Шахта жұмысшыларына үгіт сөз» атты өлеңімен еңбек жолының да өзіндік құны бар екенін баяндайды. Түмекеңнің тағы бір түйсігі- өзі өмір сүріп жатқан ортасына да бейжай қарамай төңірегіндегі қарапайым адамдардың қарапайым жанкешті тіршілігін «Айтекемнің екі сары саулығы» өлеңімен суреттейді. Қазақтың дүлдүл шайыры Сəтіғұл (1876-1966) 80 жасқа толғанда оған арнап «Сəтіғұл ақынға» деген арнау жазған. Ол арнауында замандас жыраудың өмір жолындағы əрбір адымына жүрегіндегі қуанышы мен сағынышын шашу етіп шашады. Мұны оқи отырып, адамның қуанышына ортақ бола білудің өзі үлкен қасиет екенін түсінесіз. Тегі мен туған өлкесіне сүйіспеншілігін «Адай тегі» мен «Маңғыстау» өлеңдеріне сиғызады ақын. Сүйген жүрегінің мөлдір сезімдері самғай бере «Қазақстан толғауы», «Анау біздің Алматы», «Жеңіс жыры» атты өлеңдерін жазып, қазақ халқының тағдыры мен кең даласына бейжай қарамай, сүйсіне қарайтын ақын екенін де көрсетті. Түкең рухани аспанында Пір Бекеттей сопысы, үш жүз алпыс екі əулиесі бар Маңғыстаудың шынайы перзенті еді. Ол өлім аузында жатқан мезетте де Аллаға иманын демеу еткен ақын екендігін «Құдіреті күшті кең Алла» атты өлеңімен айғақтап, бітімі бөлек адам екендігін де төңірегіне сездіріп, келер ұрпағына иманды болуды өсиет етіп кетті. Сөйтіп қоғамдық ортасына рухани тірек те бола білді. Түмекең өмірлік мүддесі жоқ, мақсаты жоқ өлең жырламаған. Ол əдебиетті өз кезеңнің тарихында болып жатқан озбырлыққа бағындырмай жүрегінің жырын жырлатқан ақын.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар