Қандастар Ассамблея

Адамзатты адастырған ғылыми тұжырымдар тізімі

12.01.2015 7383
Ғалымдар объективті шындықты іздеймін деп жүріп, өз зерттеулерінен талай рет жалған гипотезалар шығарып, дұрыс емес қорытындылар жасады. Бүгін сол қате теорияларға бір шолу жасайық.

«Мен жеңілген емеспін. Мен тек жұмыс істемейтін 10 000 амалды таптым» — деп америкалық ғалым Томас Эдисон оптимистік мәлімдеме жасаған еді. 

Ғалымдар объективті шындықты іздеймін деп жүріп, өз зерттеулерінен талай рет жалған гипотезалар шығарып, дұрыс емес қорытындылар жасады. Бұл бұрыс ұйғарымдардың ішіндегі кейбіреулері шындықтан алыс болғаны сонша, олар тұтас адамзат үшін үлкен зардаптар әкелді. Бүгін сол қате теорияларға бір шолу жасайық.

Френология

Негізгі қағидасы: адам психикасы оның бас сүйегінің пішініне байланысты

Френологияның басты теоретигі австриялық Франц Йозев Галльдің пайымдауынша, адамның психикалық қасиеттері, ойлары мен эмоциялары мидың екі бөлігінде де орналасқан және олардың белсенділік танытқан кезде бас сүйек формасы өзгеріске ұшырайды. Тіпті Галль «френологиялық карталар» да салған: мысалы, мидың самай бөлігі шарап пен тамаққа деген әуестілікке жауап берсе, шүйде бөлігі достық пен көпшілдікке жауап береді, ал «өмірге деген махаббат» аймағы, неге екені белгісіз, құлақтың артқы жағында орналасқан. Галль бойынша, бас сүйектегі әрбір дөңестік – психикалық қасиеттердің жоғары дамығандығының белгісі де, әрбір ойыс – төмен дамығандығының белгісі. Мұның бәрі хирософияны, яғни қолдың формасы мен алақандағы сызықтардың адам мінезі мен тағдырына қатысы бар деп санайтын ілімге еске салады.

Френология ХІХ ғасырдың басында өте танымал болды: бұл теориямен АҚШ-тың оңтүстігіндегі құл иеленушілер қатты әуестенді, өйткені олардың қолында адамдарды бөліп-жаруға көмектесетін дайын материал болды. «Азаттық алған Джанго» фильміндегі Леонардо Ди Каприо сомдаған қаһарман дәл осы френологияны зерттеп жүреді. Бұл ғылым нәсілдік теориямен және дискриминацияға жол беретін өзге де негізделмеген гипотезалармен тығыз байланыста. Дәл сол «Джангода» құл иеленуші Кэлвин Кэнди бас сүйек арқылы қара нәсілділердің неліктен табиғатынан құл болуға бейім екендігін түсіндірмек болады.

Френологиямен жаппай әуестену 1840 жылдары нейрофизиологияның дамуымен азая бастайды, өйткені сол жылдары адамның психикалық қасиеттері бас сүйектің бедерлеріне еш тәуелсіз екендігі дәлелденді.

Фокалды сепсис

Негізгі қағидасы: физикалық және ақыл-ес аурулары ағзадағы ауру жерлерден бөлінетін токсиндерден пайда болады. Ауруды емдеу үшін ағзадағы сол жерді тауып, залалсыздандыру қажет.

Фокалды сепсис теориясы ХІХ ғасырдың ортасында танымал болып, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өз күшінде болды. Бұл негізсіз теорияның кесірінен көптеген адам қажетсіз оталар жасап, өз денсаулықтарына үлкен зардаптар келтіріп жатты. Осы кезде өмір сүрген дәрігерлер ойынша, ағза ішіндегі бактериялар жиналатын «ошақ» ақыл-естің төмен болуына, артрит пен қатерлі ісіктің болуына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде тістердің жұлынуы, аппендикс пен ішектің бөліктерін, сондай-ақ өзге де маңызды ағза мүшелерін алып тастау кең таралған тәжірибеге айналды.  

ХХ ғасырдың басында ағылшын дәрігері Уильям Хантер мақала жазып, онда ауыз қуысындағы гигиенаның сақталмауынан көптеген қиындықтар туындайтынын, ал ауру тісті емдеудің еш пайдасы жоқ екенін, себебі ол жағдайда инфекцияның жойылмайтындығын жазады. Осының салдарынан Еуропа мен Америкада кариесі бар адамдардың тістерін жұлып, таңдай бездері мен аденоидтарды алып тастай бастады.

1940 жылы инфекция ошағы туралы теория жоққа шығарылды. Оталар емделушілерге зардап тигізетіні, ауру тістерден бөлінеді деп есептелген токсиндер адам психикасына еш әсер етпейтіні, көп жағдайларда емделушілерге жай ғана диета мен өзге де жеңіл емделу жолдары қажет екендігі анықталды.

Теорияның жоққа шығарылуына қарамастан, ондаған жылдар бойы әлі де балалардың таңдай бездері мен аденоидтарын негізсіз алып тастап отырды. Олар осы арқылы ангинаны тазалап отырмыз деп сенді.

Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы

Негізгі қағидасы: адам өскен сайын оның қажеттіліктері өзгере береді

Қажеттілік пирамидасына негізделген мотивация теориясы, іс-жүзінде, гуманистік психологияның негізін қалаушы Абрахам Маслоудың зерттеуіне тікелей байланысты емес.

Маслоу стандартталған қажеттілік иерархиясының болуы мүмкін емес деп есептеген. Өйткені, оның ойынша әрбір адамның жеке ерекшеліктері бар және бұл бірыңғай иерархия жасауға жол бермейді. Шын мәнісінде Маслоу зерттеулері белгілі бір сипаттағы адамдарды қамтыды. Ол сондай-ақ зерттеліп отырған адамдардың жас ерекшелегіне де назар аударды.

Маслоу бойынша, қажеттіліктер тобы адам өскен сайын ұлғая береді. Мәселен, кішкентай сәбиге қажеттісі – тамақтану және ұйықтау, жасөспірімдерге – өз қатарластарының құрметіне ие болу, өзін мойындату, ересек адамдарға – отбасында және қоғамда өз орнынының болуынан ләззат алу. Ғалымның назары бастапқыдан пирамиданың ең жоғары бөлігіне, яғни адамның өзін өзі тануына, тұлғалық дамуға ұмтылуына (self-actualization) ауды. Оның зерттеу объектілеріне: Альберт Эйнштейн немесе Авраам Линкольн секілді өте белсенді әрі шығармашыл адамдар кірді.

Пирамида – жасанды түрде құрастырылған жеңіл құрылым. Ол барлық адамның шынайы қажеттілігін көрсете алмайды. Маслоу пирамидасын ғылыми база ретінде менеджментте, маркетингте және әлеуметтік жобалауда пайдалану көп жағдайда қажетті нәтижені бермейді, алайда спекуляция жасауға бұл зор мүмкіндік. Бір қызығы осы пирамиданы құрастыруға негіз болған қажеттіліктер иерархиясы теориясы ешқандай эмпирикалық зерттеулермен расталмаған.

Нәсілдік теория

Негізгі қағидасы: адамдардың бірдей емес бірнеше нәсілге бөлінуі

Бірыңғай нәсілдік теория жоқ: нәсіл түрі әртүрлі еңбектерде төрттен жетіге дейін ауытқиды және ондаған шағын антропологиялық түрлер ерекшеленеді. Нәсіл түрлерін зерттеудің құл иелену дәуірінде пайда болуы бекер емес. Бір адамдар қоғамдық өмірдің барлық деңгейінде өзге адамдарға билік жүргізетін жүйені ғылыми түрде негіздеу қажет болды.

ХІХ ғасырдың ортасында Жозеф Гобино арийліктерді өзгелерді билеу үшін жаралған жоғары нәсіл деп жариялады. Кейіннен осы нәсілдік теория нацистердің дискриминациялық саясатын жүзеге асыруда ғылыми база ретінде қолданылды. «Нәсілдік гигиена» деп аталған бұл саясат ең алдымен еврейлер мен сығандарға қарсы бағытталды. Гобиноның идеялары Гюнтердің нәсілдік теориясында (теория ғылыми түрде жалған болып саналады) жалғасын тауып, одан әрі дамыды. Гюнтер әрбір антропологиялық түрге белгілі бір ақыл-ой қабілеті және мінез сипаттамалары сәйкес келеді деп сендірді.  Дәл осы теория үлкен апатқа әкелген қырып-жоюдың ғылыми негізі болды.

Заманауи ғылым адамдарды нәсілдік бөлуді жоққа шығарады: батыс ғалымдарының көпшілігі адамдардың сыртқы әралуандығы оларды қосымша категорияларға бөліп, ақыл-ой қабілетін анықтауға себеп емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық нәсілдік теория жарамсыз деп табылды.

Евгеника

Негізгі қағидасы: адамдарды құнды қасиеттерді өндіру мақсатында селекциялау

Адамды селекциялау идеясын Чарльз Дарвиннің аталас інісі Фрэнсис Гальтон ұсынды. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдықтарында кеңінен танымал болған евгеника ілімінің мақсаты генофондты жақсарту еді. Уақыт өте келе бұл теорияның позитивті және негативті деп аталатын екі түрі пайда болды. Позитивті евгениканың жақтастары аталмыш идеяны жүзеге асыру арқылы қоғам үшін құнды, сапалы адамдардың дүниеге келуіне жол ашуға болады. Алайда құнды және сапалы болудың критерийлері қандай? Оны кім анықтамақ? Зияткерлігі жоғары және шығармашылығы потенциалы бар адамдардың көпшілігі тумасынан соматикалық кемістікпен ауырады. Оның үстіне ішкілікке әуестілік немесе керісінше зор денсаулық пен жоғары IQ секілді қасиеттердің ата-анадан балаға қалай берілетіндігі әлі толық зерттелмеген. Бұл қасиеттердің көбі адам өмір сүретін және оған ықпал ететін қоршаған ортаға байланысты.

Евгениканың ғылым ретінде беделі 1930 жылдардан кейін төмендей бастады. Өйткені осы кезде ол нацистік Германияның нәсілдік саясатын негіздеуге көмектесті. Үшінші Рейхта негативті евгеникані жүзеге асыру жоспарланды: нацистер мирасты ауруларға ие адамдардың туылуын болдыртпауды көздеді. Олар ондай адамдарды нәсілдік тұрғыда жетілмеген деп санады. Ауыр қылмыс жасағандарды немесе ақыл-есі кем жандарды мәжбүрлі түрде стерилизациялау Швеция, Финляндия, АҚШ, Дания, Эстония, Норвегия және Швейцария елдерінде қолданылды. Евгеникалық бағдарламаның бір ретінде дәл осы тәжірибе аталмыш елдердің кейбіреулерінде 1970 жылдарға дейін жүзеге асырылып келді.

ХХ ғасырдың соңында, ойлау қабілеті жоғары сүтқоректілерді клондау жөніндегі тәжірибелер сәтті өтіп, генетиктерде ДНҚ құрылымын өзгерту мүмкіндігі пайда болған тұста, адамзат генофондын жақсарту мәселесі қайтадан өзекті бола бастады.

Қазір мирасты аурулармен генетикалық деңгейде күресуде.

Мақаланың түпнұсқасы


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар