Қандастар Ассамблея

АДАМЗАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНА ҚОСЫЛҒАН АСЫЛ ҚАЗЫНА - 2

03.03.2014 3088
Абыз ақынның бұл түйіні – қай кезеңде де көкейкестілігін жоймайтын, өскелең ұрпақ үшін ұлағаты мол, ғибратқа толы өнегелі пайым.

Абыз ақынның бұл түйіні – қай кезеңде де көкейкестілігін жоймайтын, өскелең ұрпақ үшін ұлағаты мол, ғибратқа толы өнегелі пайым. Каспий теңізінің дүлей тасқынынан халық басына төнген нәубетті әлеуметтік мәселелермен байланыстыра да білген ақын өмірдің еңбекпен көгеретінін, тұрмыстың талаппен жаңаратынын еске сала отырып, дастанын дана халқының келешегінің кемел болатынына сенетін оптимистік рухта аяқтайды:

Кейінгі бозбалалар,

Налымаңыз, шырағым,

Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда – балық, қырда – егін,

Диқаншылық көп болса,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Талаптың күші сел болып,

Кетерсіз дағы ел болып,-

дейді.

Құдайға шүкір, бүгін міне сол абыз ақын күйзеле жырлаған зар заман да, сор заманда өтіп, ата-бабамыз сан ғасырлар жан аямай күресе жүріп армандаған Тәуелсіздіктің бақ құсын да қолымызға қондырдық. «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды», – дейді дана халқымыз. Ендігі мақсат – жеңді түріп, белді буып, Тәуелсіздік бақытын баянды ету жолында жан аямай еңбек ету. Бұл биік мақсатқа ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын, білімді де білікті, қажырлы да табанды азат елдің азаматтарының табысты еңбегі арқылы ғана қол жеткізеріміз анық.

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз еліміз тарих үшін қас қағымдай 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың таңғажайып жетістіктеріне жетті. Әлем қауымдастығы мойындаған өркениетті ел қатарына қосылдық, алдағы мұратымыз – бәсекеге қабілетті елу елдің санатына қосылу, өркениет көшін бастау. Бұл жолда біздің Маңғыстауымыз тәуелсіз еліміздің қарқынды дамуына сенімді тірек болуда. Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша облысымыз алғашқы орында. Ел болашағы білімді жастар десек, мектеп бітіруші түлектеріміз екінші жыл қатарынан білім сапасы бойынша алдарына жан салмай, бірінші орында келеді. Мұндайда қазақ: «Ылдидағы тасы өрге домалады, қосқан аты бәйгеден келді», – деп қуанатын болса, біздің Адай тұқымды сәйгүліктеріміз де халықаралық бәйгелерден бірінші келіп, еліміздің мерейін тасытты. Әрине, бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Тәуелсіз еліміздің, оның ішінде өлкеміздің алар асулары, шығар биіктері әлі алда. Оған сүрінбей жету үшін кемел білім, биік парасат, терең ақыл, өз мүддесін ойлайтын рухани пасықтық пен жоқтан өзгеге күйгелектенетін рухани жасықтықты жеңетін қажымас қайрат, мұқалмас жігер, отаншыл биік рух керек.

Бұл жолда Қашағандай парасат пен ұлағат абыздарының намыс пен жігерге толы жырлары рухани медет бола білері даусыз.   

Ұлы ақын Қашаған туралы мақаласында заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әбіш аға Кекілбаев: «Дария десе дария екен ғой Қашекең. Нағыз жырдария, мұңдария, шердария, сырдария екен ғой. Оның ағыл-тегіл жойқынының қаншасы тұрымтай тұсына, балапан басына заманда құмға сіңіп жоғалды. Қаншасы құнтсыз елдің қоржыны мен сандығына қолжазба боп түсуге үлгере алмай, күннен-күнге көзі азайып бара жатқан құйма құлақ қариялармен бірге әлдеқашан дүние ауып, үйме топырақ астына кетті. Қалғанына тәуба! Қашағандай жырдарияның дүниеде болғанына тәуба»,- деген еді.

Облыс әкімдігі осыдан үш жыл бұрын жырдария Қашағанның асқақ рухты бейнесін шынайы бейнелейтін әсем қола ескерткішін құтты тұғырына қондырып, облыс жұртшылығын қуантса, мереке қарсаңында зерделі ағамыз Жетібай Жылқышыұлы және ақынның дарынды ұрпақтары Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Сабыр Адай, Әнуар Бимағанбеттердің жинақтауымен топталған «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жыр жинағының «Жазушы» баспасынан жарық көруіне, ақын жырларын талантты ізбасарларының орындауындағы «Айтамын хабар қиырдан» атты CD-дискідегі жыр-толғауларының шығуына мұрындық болды. Дарынды бабамыздың жыр жинақтары құтты болсын, ағайын!

Жаңа жинақтар арқылы жыр атасы Қашаған ақынның рухани мұралары берісі қазақ еліне, әрісі бүкіл түркі әлеміне жол тартып, адамзат поэзиясының алтын қорына қосылған асыл қазына болары даусыз.

Біз таяу күндері сондай-ақ, көзі тірісінде қатар жүріп, Қаратаудың қос бұлағындай елін руханият нәрімен қосыла сусындатқан екі тума талантты кейінгі ұрпағы бірге ұлықтап жүруі үшін әсем Ақтау қаласының орталығындағы «Ынтымақ» алаңында күй атасы Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ашамыз. Осылайша, артына баға жетпес рухани қазына қалдырып, қазақ елін әлемге танытқан қос таланттың тағылымды тағдырлары мен ғибратты ғұмырлары өшпес өнеге ретінде ұрпақтан ұрпаққа жете бермек.   

Тағы да Әбіш аға сөзімен айтқанда: «Қашекең Қырықкездегі ақшаңқан кесененің астында жатпаған сияқты. Желмая мініп, жерұйық іздеп кеткен Асан бабасының артынан сары атанын сар желдіртіп, елге ынтымақ, ерге ынсап, жалқыға парық, жалпыға пәтуа іздеп жүрген сияқты».

Абыз ақынның арманы орындалғай, іздегені келгей, елімізде бақ, береке, тұрлаулы ырыс болғай!

...басы

Ұқсас материалдар