Қандастар Ассамблея

Адам биологиялық түр ретінде біреу ғана.

15.10.2014 24671
Бүгінгі ғылымда “ұлт”, “этнос” дегендердің айырмашылығы шамалы, алайда анықтамасы едəуір қалыптасқан.

“Əдетте адам баласы үш: ақ (европеоид), сары (моңғолоид) жəне қара (негроид) нəсілдерге бөлінеді. Алайда көптеген антрополог-ғалымдардың пікірінше нəсілдер бұдан əлдеқайда көп - 20-дан асады. Олардың ішінде көбірек қарастырылатын австролоидтық, американоидтық жəне койсан нəсілдері (готтенготтар мен Африканың оңтүстігіндегі бушмендер). Нəсілдік айырмашылықтардың адам организмдерінің табиғи-климаттық жағдайларға бейімделу реакциялары ретінде пайда болғаны ғылымда дəлелденген.

Адам биологиялық түр ретінде біреу ғана. Мұны əртүрлі нəсілдерге жататын адамдар арасындағы некелерден балалардың туылуы дəлелдейді. Шамамен 20 жылдай бұрын БҰҰ Ұлттар жөніндегі комитеті қызықты тəжірибе жүргізді - планетамыздағы негізгі ұлттар бойынша 1 миллионнан аса адамдардың дарындылығын зерттеді. Нəтижесінде бұл белгі бойынша ұлттардың бір де бірінің ерекшеленбейтіні анықталды. Сондықтан ұлттардың ешқайсысы да бірде-бір артықшылыққа ие бола алмайды”.

Бүгінгі ғылымда “ұлт”, “этнос” дегендердің айырмашылығы шамалы, алайда анықтамасы едəуір қалыптасқан. “Ұлт - ортақ тілі, қалыптасқан мəдениеті, біріктіруші салт-дəстүрлері мен діні бар адамдардың əлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады”, “Ұлт - адамдар тарихта қалыптастырған, ортақ тілі, ортақ аумағы, ортақ экономикалық тіршілігі, сондай-ақ ұлттық мəдени ерекшелігінде байқалатын ортақ психологиялық бітімі бар, орнықты ортақ тұлға... Қазірде, ұлттың ең алғаш қай дəуірде қалыптасқаны туралы бір ауыздылық жоқ. Біреулер ұлт капитализм өрлеген тұста қалыптасты. Феодализм жойылған жəне капитализм дамыған барыс-адамдардың ұлт болып қалыптасу барысы деседі. Енді біреулер ұлт бастапқы қоғамның соңы мен таптық қоғамның басында, мемлекетпен қоса пайда болды дейді. Ұлтты ертеде, ояну кезеңінде барлыққа келді деушілер де бар” .

Мен бүгінгі ұлттардың (мысалы қазақтың) бəрі де алғашқы тұқияндық- тамырларынан (мысалы Азиялық Сақтан тараған, Ғұн қағанаты дəурендеген кездегі тайпалар - Үйсін, Қаңлы, Алан, т. б. лардан), демек ертедегі тайпалық одақтарынан (мемлекеттерінен) бастау алады деп білем.

Оның арғы жағында аталық, рулық, тұқымдық – нəсілдік тарих жатыр. Бұлар тайпа мен ұлтқа ұқсамайды. Адамдардың ағзалық формациясындағы ортақ генетикалық ерекшеліктерін белгі ететін биологиялық категориядағы топ. Нəсіл тек көздің реңі, шаштың түсі мен пішіні, мұрынның, көздің, бастың пошымы, т. б. көрсеткіштер арқылы ғана айрылады. Өзге (терінің реңі, тіл, дін, ғадет сықылдылар) арқылы айыру мүмкін емес.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар