Қандастар Ассамблея

Адам өз миының тек 10 пайызын ғана пайдаланатыны рас па?

05.06.2015 4146
Көпшіліктің пікірі бойынша адам өз миының мүмкіндіктерін тек 10 % пайдаланады, ал қалған 90 % пайдаланусыз жатады. Шын мәнісінде бұл – адасу.

Көпшіліктің пікірі бойынша адам өз миының мүмкіндіктерін тек 10 % пайдаланады, ал қалған 90 % пайдаланусыз жатады. Шын мәнісінде бұл – адасу. Бұл туралы америкалық нейробиолог Ричард Сайтович TED конференциясында мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, біздің миымыз энергияны дұрыс пайдалана алатын өте тиімді есептеу машинасы.

Осы күнгі дейін ғылымға аса қатты жақын емес әртүрлі дүмше адамдар өз кітаптарында неврология арқылы адам миының барлық мүмкіндіктерін аша алатындықтарын жазып жүрді, әлі де жазуда. Іс жүзінде бұл – алдау.

Адамзаттың үштен екі бөлігі және оқытушылардың жартысынан астамы осы аңызға сенеді. Америка психологиясының атасы саналатын Уильям Джеймс 1980 жылдары: «Көпшілігіміз өзіміздің ақыл-ой мүмкіндіктерімізді толық пайдаланбаймыз» – деген болатын. Ол бұл сөз арқылы біздің қабілеттерімізді дамыту қажеттілігін меңзеді, оның айтпағы миымыздың шектеулігі емес еді. Алайда жалпақ жұрт оның сөздерін дұрыс түсінбей, миымыздың шектеулігі туралы ой танымал болып кетті. Бұл пікір одан кейін де көптеген ғалымдармен қуаттала берді, себебі олар бас миындағы кей бөліктердің мән-мағынасын түсіне алмады. Олардың бұзылуы адам қозғалысы мен сезіміне әсер ете қоймады, сол себепті мидың бұл бөлігі ешқандай қызмет атқармайды деген түсінік пайда болды. Ондаған жылдар бойы бұл бөліктер «тыныш аймақ» деп аталып келді. Біздің қазіргі білетініміз: ол бөліктер рационалды ойлау, жоспарлау, шешім қабылдау және бейімделу секілді қызметтерге жауапты.

«Егер нейрондардың басым көпшілігі пайдаланылмаса, эволюция мидың қажетсіз бөлігінен әлдеқашан арылар еді»

Мидың 90% пайдаланылмайды деген ойдың шындыққа жанаспайтынын түсіну үшін оның қаншалықты энергия тұтынатынына назар аудару қажет. Мәселен, кеміргіштер мен сүтқоректілер мидың жұмысына денедегі энергияның 5% ғана жұмсаса, маймыл – 10%, ересек адам – 20% жұмсайды. Сөйте тұра, ми адам денесінің тек 2% көлемін алатынын естен шығармаған жөн. Бұл көрсеткіш кішкентай балаларға келгенде тіпті өсіп кетеді. Бала ми жұмысына дене энергиясының 50% пайдаланса, жаңа туған сәби 60% пайдаланады. Адамның миының салмағы – 1,5 кг, піл миының салмағы – 5 кг, киттікі – 9 кг. Біз нейрондық байланыстар бойынша кез келген жануарды басып озамыз. Бұл үшін бізге өте көп мөлшерде энергия қажет және біз оны дайындалған тағамның арқасында үлкен көлемде ала аламыз. Тағам біздің асқазанымызға қорытылуға дайын күйінде түседі, себепті біз 86 миллиард нейроны бар миымызды қамтамасыз ете аламыз. Миымыздағы нейрон саны маймылдыкінен 40% көп. Егер барлық нейрон бірдей жұмыс істесе, жалпы салмақ ағзамыз көтере алмайтын деңгейге жетер еді. Осы себепті бір мезетте миымыздың санаулы бөліктері ғана белсенділік танытып. Бұл бізге мейлінше аз энергия жұмсап, барынша көп ақпаратты қорытуға мүмкіндік береді. Бір уақытта адам миындағы нейрондардың 1 пайыздан 16 пайызға дейінгі бөлігі белсенділік танытады.

Адам бірден көп тапсырманы орындауға осы себепті қиналады – бізге бәрін қадағалап, басқарып отыруға энергия жетіспейді, нәтижесінде біз әр тапсырманы төмен деңгейде орындаймыз. 


Дәурен Омаров

Мақалаға арқау болған сілтеме

Ұқсас материалдар