Қандастар Ассамблея

Абсентеизм дегеніміз не?

06.01.2016 7037
Абсентеизм (лат. absentia – жоқ болу, жоқтық) – сайлаушылардың сайлауға қатысудан жалтаруы.

Абсентеизм (лат. absentia – жоқ болу, жоқтық) – қызмкеткерлердің жұмысқа немесе сайлаушылардың сайлауға қатысудан жалтаруы. Анықтамадан белігілі болғандай, ұғымды екі түрлі жағдайда қолданады: еңбек қатынастары мен азаматтардың саясатқа қатысуы.

Еңбек қатынастарындағы абсентеизм

Еңбек саласында тіпті абсентеизм коэфициенті де болады екен. Мәселен, жоғалған жұмыс күндерінің немесе қызметкердің жұмысқа шықпаған күндердің бір ай немесе жыл ішіндегі жалпы жұмыс күндеріне қатынасы.

Еңбек абсентеизмінің екі түрі бар: айқын және жасырын. Олардың әрқайсысы нені білдіреді?

Айқын абсентеизмді анықтау оңай. Қызметкер жұмысқа кешігіп келеді, сұранып ертерек қайтып кетеді, түскі асты берілген уақыттан ұзақ ішеді, жұмыстан жиі сұранады, денсаулығының немесе мазасының жоқтығына жиі сүйенеді. Мұндай адамдар өте көп кездеседі. Абсентеизмнің бұл түрі оңай анықталады және басшы қызметкерге қатысты шара қолданып, абсентеизмді тыя алады. Ал жасырын абсентеизмге келгенде жағдай қиындай түседі. Қызметкер жұмысқа уақтылы келеді, белсенді жұмыс істеп жатқан адамның кейпін танытады, бірақ шын мәнісінде жұмыс процесіне қатты ат салыспайды. Әріптестерімен қызмет бойынша сөйлеспей, жақын таныстарымен жеке мәселе бойынша әңгімелеседі, әр сағат сайын темекі шегуге немесе телефонмен сөйлесуге шығып тұрады. Ондай қызметкердің интернет-қаралымдар тарихына көз шалсаңыз, қызметкердің жұмыс уақтысының тең жартысынан астамы Фэйсбук пен Твиттерге жұмсалғанын көресіз.

Абсентеизм мәселесін зерттеумен айналысқан ғалымдар абсентеизмнің пайда болу себептері мен даму ерекшеліктерін анықтаған.

Зерттеулердің кейбір қорытындыларына тоқталып көрелік:

 - көптеген зерттеулерге сәйкес, нәзік жандыларда абсентеизм деңгейі ер адамдарға қарағанда жоғарырақ болады екен. Бұл әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек стресс алуына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер әдетте үйіне қайтқан соң отбасылық міндеттерін атқарады, яғни екінші ауысымдағы жұмысты атқарады. Мұндай режим физикалық және саналық деңгейде шаршауға әкеледі де, оның бәрі жұмыстан көрініс табады. Сөйтіп «жалқаулық ауруы» пайда болады.

- жас келген сайын абсентеизм деңгейі төмендей береді. Адам жасы неғұрлым ұлғайған сайын оның жұмыс жағдайы жақсарып, беделі артады, сонымен қатар жұмыс беруші мен жақындары алдында жауапкершілігі көбейеді, уақыт пен ақшаны қадірлей бастайды.

- бір жастағы адамдарды салыстыратын болсақ, жоғары білімі бар және еңбек тәжірибесі мол адамдарда абсентеизм деңгейі орта біліммен шектелгендерге қарағанда төменірек болады.

- сонымен қатар жылы уақытта абсентеизм деңгейі суық уақытқа қарағанда көбірек болады екен. 

Саяси абсентеизм

Абсентеизм тұлғаның саяси еркіндігі ретінде танылады, ал автократиялық сипаттағы саяси режимге тән жаппай саяси белсенділік жалған қатысушылық (таңдау болмаса да қатысу) болып саналады.

Бейсаясаттыққа қарағанда, (бұл жағдайда адам өзінің саясатқа қатысуының мәнін көрмейді) абсентеизм саяси өмірге қатысудан саналы түрде бас тарту болып табылады. Абсентеизмде протест те, саясаттың мағынасыздығы да, саяси таңдау мүмкіндігіне қанағатсыздық та көрініс табады. Осылайша, абсентеизм адамның биліктен бөлінуін көрсетіп, халықтың саяси жүйеге сенімінің жойылуы мен саяси өмірге деген қызығушылықтың жоғалуының көрсеткіші бола алады. Жаппай құбылысқа айналу арқылы, абсентеизм биліктің легитимдігіне қауіп төндіре отырып, не саяси апатияға, не экстремизмге алып келуі мүмкін.

«Абсентеизм – ол да бір саяси көзқарас».

Cанистебан Л. «Саяси ғылым негізі».

Бейсаяси абсентеизм деңгейін төмендету үшін бірқатар елдерде (Эстония және т.б.) сенімхат, пошта немесе интернет арқылы сайлауға қатысу түрін енгізілді. Абсентеизммен күрес міндетті вотумды енгізу арқылы жүзеге асуы, яғни сайлаушылардың сайлауға қатысуға заңмен бекітілген міндеттілігі болуы, (Италия, Австралия, Бельгия, Греция, Түркия, Аргентина, Египет), сондай-ақ  сайлау белсенділігін ынталандыру да қолданылуы (мәселен, Андоррада сайлау учаскесіне келгендер бір стакан вино мен ақшалай сыйлықтар алады) мүмкін. 


Дархан Өмірбек

 

Ұқсас материалдар