Қандастар Ассамблея

Ғабидуллинаның арнайы сыйлық алуға мүмкіндігі бар

14.09.2016 1774
Сүйінші!

Жүзуден Рио паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина Халықарлық паралимпиада комитетінің Whang Youn Dai Achievement Award сыйлығына үміткерлердің тізіміне ілікті.

Бұл туралы Халықаралық паралимпиада комитетінің ресми сайты хабарлады. Сыйлық мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спортты насихаттауға үлес қосқан екі спортшыға беріледі. Жеңімпаздың есімі 15 қыркүйекте жарияланады. Сыйлыққа 75 грамм таза алтыннан жасалған медаль табысталады.

Whang Youn Dai Achievement Award сыйлығына Ғабидуллинадан бөлек әйелдер арасында мүгедектер арбасымен жарысуда Рио паралимпиадасының чемпионы Татьяна МакФаден (АҚШ, 27 жаста) мен осы паралимпиадада бір аяғы не бір қолы жансызданған спортшылар арасында 100 метрге жүгіруде күміс алған Вероника Сильва Хиполито (Бразилия) үміткер.

50 жастағы Зүлфия Ғабидуллина жүз метрге еркін жүзу бойынша мәреге алғашқы болып қана келмей, әлем рекордын жаңартқан еді. Зүлфия осылайша Қазақстанның паралимпиада қозғалысы қоржынына алғашқы алтынды салды.    

Vesti.kz спорттық порталы Зүлфия Ғабидуллина туралы келесідей қызықты деректер жариялаған болатын:

  • Зүлфия Ғабидуллина Раухатқызы 1965 жылы 22 қарашада Тараз қаласында өмірге келген. Жеке кәсіпкер.
  • Ол спортпен 1990 жылдан бері шұғылданады. Ал жүзумен кәсіби тұрғыда шұғылдануды 2007 жылдан бастады. Зүлфия жүзуден халықаралық сыныптағы спорт шебері, әрі Қазақстан паралимпиадасы құрамасының капитаны. Ол әлем бойынша бірнеше дүркін рекорд жаңалаған спортшы. Бірнеше әлемдік турнирлер мен Пара Азия ойындарының жеңімпазы.
  • Рио паралимпиадасы Зүлфияның екінші үлкен сайысы. Ол 2012 жылы Лондон олимпиадасында 12 орынға табан тіреген болатын.
  • Спортшы әлем бойынша ең мықты жүзетін сегіз спортшының  қатарына енген. 50 метрге еркін жүзуден жүзгіш спортшылардың арасында кәсібилігі жағынан 4 орын алады.

 Мақаланы әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Ұқсас материалдар