ҒАББАСОВ Халел (Халиулла) Ахметжанұлы

28.08.2014 5617
ҒАББАСОВ Халел (Халиулла) Ахметжанұлы (1888, бұрынғы Семей обл. Семей уезі, Шаған болысы — 1931, Мәскеу) — Алаш қозғалысының қайраткері.

свуҒАББАСОВ Халел (Халиулла) Ахметжанұлы (1888, бұрынғы Семей обл. Семей уезі, Шаған болысы — 1931, Мәскеу) — Алаш қозғалысының қайраткері. 1898 — 1909 ж. Семейде приход, орыс-қазақ мектептерінде, гимназияда оқыған. 1910 жылға шейін Сейтен болысында мұғалім болып қызмет еткен. 1910 ж. Мәскеу ун-тінің заң ф-тіне түсіп, 1911 ж. студенттер ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылған. Осы жылы Мәскеу ун-тінің физика-математика ф-тіне оқуға түсіп, оны 1915 ж. алтын медальмен бітірген. 1915 — 17 ж. Орт. ұсақ кредит басқармасының Семей қ-ндағы бөлімшесінде есепші, Мемл. банктің Семей бөлімшесінде инспектор болып қызмет атқарған. 1917 ж. Семей обл. Қазақ к-ті төрағасының орынбасары, обл. земство басқармасының мүшесі, “Сарыарқа” газетінің редакторы (1917 — 19) болды. Семей обл. қазақ съездерін өткізуді ұйымдастыруға белсене қатысты. 1-жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына мүшелікке кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылдың қазан айынан бастап Алаш партиясының Семей обл. к-тінің төрағасы қызметін атқарды. 2-жалпықазақ съезінде Алаш милициясын құру жайында баяндама жасады. Алашорда үкіметі құрамына сайланды. 1918 ж. қаңтардан Семей обл. земство басқармасы төрағасының орынбасары болды. 1918 ж. 20 наурызда Алашорда үкіметінің тапсыруымен телеграф арқылы И.В. Сталинмен сөйлесіп, кеңес үкіметімен келіссөз жүргізіп, ұлттарға өзін-өзі билеу құқығын беруді талап етті. Кеңес өкіметі тұсында білімін, қайрат-жігерін қазақ халқының мүддесіне бағыттады. 1920 ж. губ. рев. к-ттің ұлттық бөлімінде қызметкер, губ. земство басқармасы алқасының мүшесі, Қазақ рев. к-тінің Сібір рев. к-тіндегі өкілетті өкілі, Қазақ рев. к-тінің мүшесі, 1921 — 23 ж. Қазақ АКСР ОАК жанынан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу үшін құрылған төтенше комиссияның мүшесі, губ. атқару к-ті жер бөлімінің меңгерушісі болды. 1924 — 25 ж. Алаш (Жаңа Семей) ауд. а. ш. одағында қызмет атқара жүріп, қоғамдық-мәдени шараларға қызу араласты. 1924 ж. 29 желтоқсанда география қоғамының ұйымдастыруымен өткен Абайды еске алу кешінде “Абайдың өмірбаяны” деген тақырыпта баяндама жасады. 1926 ж. ақпанда Қазақ АКСР Жоспарлау комиссариатына қызметке шақырылды. Онда Төралқа мүшесі, сектор меңгерушісі, ғыл. қызметкер болып қызмет істеді. 1930 ж. “халық жауы” деген жалған айыппен тұтқынға алынып, ОГПУ “үштігінің” 1931 жылғы сәуірдегі шешімімен өлім жазасына кесілді. Мәскеу түрмесінде атылды. 1988 ж. ақталған.

 

Әдеб.: Протоколы Революционного комитета по управлению Казахским краем (1919 — 1920). Сб. документов, А., 1993; Аманжолова Д.А., Казахский автономизм и Россия, М., 1994; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; Нұрпейісов К., Алаш ҝәм Алашорда, А., 1995. Қазақ Энциклопедиясы

 

                                                                                                                                С. Рүстемов