Қандастар Ассамблея

Абайтанушы Б. Ердембековтың бес томдығының тұсауы кесілді

27.02.2015 4186
Өскемен қаласында Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы аясында танымал абайтанушы, филология ғалымы, профессор Бауыржан Ердембековтың бес томдығының тұсауы кесілді

Өскемен қаласында Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы аясында танымал абайтанушы, филология ғалымы, профессор Бауыржан Ердембековтың «Абайдың әдеби ортасы», «Әріп ақын», «Алаштың ақиығы – Әріп ақын», «Бұл өлең шыққан екен бірталайдан», «Әріп Тәңірбергенұлының шығармалары» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Бауыржан Ердембеков 200-ге тарта ғылыми баяндамалар мен ғылыми-танымдық мақалалар, сонымен қатар, екі монография, бір оқулық, алты оқу құралы, екі оқу-әдістемелік нұсқаудың авторы. Облыстық кітапханада өткен тұсаукесерде ғалымның еңбектеріне бес томдық ғылыми жинақ қосылды. Соның ішінде 10 жыл зерттелініп, 2008 жылы басылып шыққан «Абайдың әдеби ортасы» монографиясының араб қарпіндегі нұсқасы бар. Қазақтың ақын-жазушылары мен ғалымдарының еңбектеріне сұранысы жоғары Қытай, Түркия, Моңғолияда тұратын қазақтардың өтініші бойынша 2014 жылдың қыркүйек айында Пекин қаласындағы Орталық Ұлттық университетте аталмыш монографияның тұсаукесері өткен.

Бес томдық жинақтың тұсаукесеріне келген билік және зиялы қауым өкілдері, студенттер ғалымның еңбектерінің жарыққа шығуымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

«Бұл тақырыпты мен 2000 жылдан бастап зерттеп келемін. Республика ішінен бөлек шеттегі қандастарымыздың кітаптарымызды оқу мүмкіндігінің жоқтығы тағы бір мәселе. Қытай мен Түркиядағы қазақтар араб қарпінде оқитындықтан, жалғыз өз еңбектерімді емес, шәкірттерім арқылы қазақ жазушылары мен ғалымдарының бірқатар еңбектерін төте жазуға түсіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деді Б.Ербембеков.

Бес томдық – филология ғалымының көптеген жылдар жүргізген ғылыми еңбегінің нәтижесі.

2016 Абайдың ең талантты шәкірттерінің бірі Әріп Тәңірбергенұлының туғанына 160 жыл толады. Оның шығармашылығы көптеген жылдар бойы көлеңкеде қалып қойды. Осы олқылықты жою үшін Бауыржан Ердембеков Әріп ақынға 4 кітабын арнады. 

Ұқсас материалдар