Ақын қашаған күржіманұлының шығармалары – тәуелсіз қазақстанның рухани құндылық мұрасы - 3

03.03.2014 6415
Нұрым мен Қашаған айтысында екі ақынның да қазақтың халық даналығын, ойшылдығын, тапқырлығын танытатын көркемдік-эстетикалық дүниетаным тағылымын байқаймыз.

Нұрым мен Қашаған айтысында екі ақынның да қазақтың халық даналығын, ойшылдығын, тапқырлығын танытатын көркемдік-эстетикалық дүниетаным тағылымын байқаймыз. Айтыстың тақырыптық арқауы – адамзат тарихының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы туралы білімділік пікір сайысы. Аға ақын Нұрым өзінен бата алғалы арнайы келіп отырған Қашағанды осындай өнер сынағына ұсынады. Жас ақын Қашаған да «Мүйіз шықса басыңа сен талай түстің алқаға, тілің шешен, ернің еп», «Көл едің айдын жаппалы, сен қазақтың тақтағы» атты бейнелі бағалауларымен көтермелей жырлап, тарихнамалық білім сынағының сұрағын қояды:

...Бала, білсең хабар бер,

Үдерегелі Хауа Анадан,

Қанша заман өтті арадан?

Дүниенің басы неден жаралған?

Жер мен аспан – бұ не зат?

Мақұлық қалай тараған?

Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы

Неден жаралған?

Өлгенге мансұқ, неше аят

Анау отыз парадан? [2, 82-83].

Екі ақын да жер-жаһанның, ғарыш әлемінің, адамзат ұрпақтарының пайда болуындағы, өсіп-өркендеуіндегі жетекші ықпалды орын алатын Ислам тарихын, Жаратушы Алланың құдіретін, Құран Кәрімнің шындығын, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) елшілік-тәрбиешілік қызметін – бәрін де білім сынағы – жұмбақ айтысында тақырып арқауында жырлаған. Қашаған жырлауында да сыншылдықпен («Құс қарайтын еді қырымға, ит қарайтын еді жырымға»), Ислам дінін ұлықтаумен («Иманнан жарық болмайды, таспихқа айтып санаған, жұмаққа барад дейді тергеусіз Алласы анық қалаған») назарға ала жырлап, аталған сұрақтарға тарихи-мәдени білім тұрғысынан жауап берілген:

Дүниенің басы әуелі,

Меруерт тастан жаралған.

Меруерт тас еріп су болған,

Судан түтін бу болған.

Аспан, Жер содан жаралған.

«Адам, Лаухы, Ғалам, абзал – баршасы

Сол заттан – дейді – жаралған».

Он сегіз мың ғалам болғанда

Үш бөлім болып тараған.

Алтауы болар жәмәдат,

Алтауы болар нәбәдәт

Алтауы болар хайуанат

Үш алтыны қоса ғой

Он сегіз мың жан болад.

Білмеген адам таң болад.

Шариғат жолы бойынша

Өлгенге – намаз, ысхат шарт [2, 83-84].

Қарсылас ақынның пікір сайысқа ықыласын күшейту үшін тілеулес ұстаз ақындар қолданатын психологиялық тәсіл әріптесін көтермелей, мадақтай отырып, сыншыл тілмен қамшылау – дәстүрлі ерекшелік. Нұрым да осы әдіспен Қашағанды көтермелей («Шамданба, шайыр данамыз», «Сен бір – қойма, дүкенсің, ұрулы тұрған құлыбың, ашарман келіп ашпасақ, ішіндегі тауарды бүгін қалай аламыз?») отырып, тағы да жұмбақ сипатты сұрағын ұсынады:

Екеуі жансыз, екі арам,

Бейішке кім ед баратын?

Дүлдүлді мініп парлатқан

Кәпірдің шәрін қандатқан

Шәһимәрден Ғалиға

Жебірейіл келгенде,

Келіп хабар бергенде,

Неше қылыш келген екен жәннаттан?

Ніл дарияның көпірі

Болған екен не заттан?

Көлде жүрген күмпілдек,

Судан даусы шыққан әупілдек,

Бұл болған екен қай жақтан?

Суда жүрген итбалық,

Неден азған екен бұл халық? [2, 84-85].

Қашаған ақынның Ислам діні тарихы аясындағы адамзат жолын білетін білімділігі қайтарған жауаптарынан көрінеді.

«Екі арамы дегенің: қытымыр деген қызыл ит, ... астына мінген есегі; екі жансыз дегенің: біреуі Айсаның аса таяғы, біреуі – Ідірістің киген кебісі».

«Хамхам менен Самсамдай, Зұлпұқар мен Зұлқажжа – жәннеттен келген төрт қылыш»; «Перғауын мен Мұсаның көп соғысы болғанда, Ніл дарияға ұрғанда көпір болған деседі Мұсаның аса таяғы» жауаптарын айта келе жақсылықпен жағаласқандардың жазалану тарихын да түсіндірген:

...«Көлде жүрген күмпілдек,

Суда жүрген әупілдек.

Қарсы болған бұйрыққа

Перғауынның – дейді – өзі».

Асасын тартып алғанда,

Перғауынның әскері

Суға болды бұ қарық.

«Мұса қолын сілтепті,

Кетсін – деп – көрмей ол жарық!»

Суда жүрген итбалық,

Перғауынның әскері

Қарғаған соң Құдайым,

«Осылай азған – дейді – бұ халық» [2, 87].

Ақындар – адамзат ұрпақтарының асыл сапалы қасиеттермен өмір сүруіне тілеулес тәрбиеші-ұстаз тұғырындағы тұлғалар. Сондықтан, олар шығармаларында жақсылық пен жамандық егізделген тіршілік қозғалысындағы адамгершілік қасиеттерді саралап бағалауды үнемі басты назарда ұстайды.

Нұрым мен Қашағанның тарихнамалық білім мен адамгершілік қасиеттер туралы сұхбат, жұмбақ тұтастығындағы пікір сайысынан олардың ұстаздық-тәлімгерлік-тәрбиешілік тұлғалары айқындалады. Нұрым ақынның кезекті сұрағына («Пайғамбардың кезінде қанша қауым өтіпті өз пиғылынан өзі ауып?») да Қашағанның қайтарған жауабы адамзат ұрпақтарын адалдық, жақсылық, ізгілік жолына үгіттеумен өткен пайғамбарлар (Хазіреті Нұх, Лұд, Аухад) ұлағатын және олардың айтқанын істемегендердің топан суға кеткенін, жер жұтқанын айта келе, адамдардың іс-әрекеттеріне, мінез-құлық психологиясына баламалап бірнеше мысалдамалар да келтірген. Табиғаттағы жануарлардың, хайуанаттардың (нар түйенің аунауынан аяғы тиген інінің бота, тайлақты бақыртатынын, қарақұстың тырнағының әлсіздігі, бүркіттің жемін ұшқыр қырғи құстың қағып кететіні, шағала мен шақшақайдың судағы шабақ пен шаянды бергісі келмейтіні, байғыздың торғайды жейтіні, жапалақтың тәкаппарлығы, қара қарға қалбағайдың жемін ала алмай босқа ұшатыны, менменсіген, күші мығым шымшықтың қыран жемсауына түсіп мыш болатыны, т.б.) іс-әрекеттерін пернелей бейнелеп, адамдар ортасының тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар сырларын саралай бағалайды. Қашаған адамгершілік-имандылық жолын берік ұстанған өздеріндей қайраткер-қамқор тұлғалар тағылымын дәріптей,  ұрпаққа ұсынылар үздік өнеге екендігін атап көрсетеді, сөз өнері жүйріктерінің шынайы бағасын айтады:

...Қапталдағы көп жаман

Сені мен маған ұрысса,

Түсіп кете жаздайды

Түбі жоқ терең айлаққа.

Қанатты тұлпар сен едің,

Қосылып жүрген байраққа.

Дүбірлі дүлдүл шайырсың,

Кіші жүз бенен Орта жүз

Атағың кеткен аймаққа.

...Сені мен менен озғанша

Жыл айналып қыс болар [2, 88-89].

«Қашан мен Ізбас» айтысы – ақындық шығармашылық өнер иесі тұлғасын халықтың қайраткер перзенті, тарихи дара тұлға тұғырындағы тұтастықпен бейнелеуге арналған туынды. Ақындардың әдеби көркем бейнесі әуелде олардың өздерінің туындыларында сомдалатыны мәлім. Әсіресе, лирикалық шығармалардағы лирикалық қаһарман, лирикалық кейіпкер сымбатымен сомдалғандар авторлардың өзіндік тұлғалық бейнеленуін байқатады. Ақындар айтыстарының лирикалық толғаныстар тұтастығы басым туындылар екендігі мәлім. Әрине, кейбір сүре айтысында эпикалық көлемді сюжеттік-композициялық желілер де болады. Ал, «Қашаған мен Ізбас» айтысында ұстаз ақындарды (Сәттіғұл, Қашаған, т.б.) менсінбеген, шатты-бұтты өлеңсымақтарын құрап-сұрап, өзін көрнекті ақындар қатарында танытқысы келіп жүрген ұсақ пиғылды, қабілетсіз, дарынсыз Ізбастың «... қарт ақын Қашағанның мұрагерсіз, кедейлігін айтып мұқатуды...» [2, 91] ойлап, «Оңтайлы жігіт, жүйрік ат қашқанмен сені қоя ма?»- деп өзін зорсындырғанына сыншыл ойларымен тойтарыс береді. Сексен жастағы ұзақ ғұмырында ардақты атасы Ер Қосайдың, Жанғабылұлы Сәттіғұлдың («Жүйрік еді қашаннан, келе жатқан баға алып, үстіне халық қамалған») және т.б. ел асылдарының дәстүрін жалғастырған ізгілік жолын дәріптейді. Айтыстағы ақындық сыншылдық ой ағынында Ізбас тектес өзін-өзі зорсынған ұсақ пиғылдылардың сықпытын да салыстырмалы бейнелі өрілімді тіркестермен дәйектейді:

...Сен бір жүрген зияндас,

Айналдырған жындысың.

... Озған өрен жүйрікпін,

Қосылдым талай дүбірге.

...Мен мұхит жатқан тереңмін,

Шамшырақ жанған түбінде.

Сен бір – жабы, мен – тұлпар,

Сен – қарға да, мен – сұңқар.

...Түкірігім сөндірер

Сенің жаққан отыңды.

Жүйрік едім қашаннан,

Ақ бөкендей орытқан,

Талай келдім бәйгіден.

Жоқ еді жерім зорыққан [2, 92-93].

Ізбастың елдегі дәулеттілердің (Жалмұрза, Жантен, т.б.) сойылын соққан қолшоқпар – жағымпаз, ауылдарға кесірі тиіп тозғындатқан («Сүйінді Көктен айырып Базар деген ауылдың») бүлдіргіш, ақындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын далбаса екендігін («Сен – бір қара маңдайсың», «Сен өзекті жыртық қайықсың», «Аузың қартаң байталдай, сен шайтаннан туған малғұн, малғұннан туған албасты») бейнелейді. Халыққа танымал болған қасиетті өнер иелерін сыйламаған надандардың бәріне ортақ қасиеттер сипатын ақын аллегориялық (пернелеулік) – мысалдамалық баламалаулармен анықтап дәлелдейді, ұрпақтардың адамтану арнасындағы көркемдік-эстетикалық көзқарастарына бағыт береді:

...Күйкентай деген құс болар,

Далада жүріп мақтанса,

Қайраты бұтпен бұт болар.

Қарға деген азғын құс,

Қасиеті оның жоқ болар.

Құс жаманы жапалақ,

«Кесіртке, тышқан жедім!» – деп,

Қырғидың күшін көрмесе,

О да жүрер есіріп.

Шөже деген бір торғай,

Ұясында жатқанда

«Көкті тіреп жатсын!» деп,

Аяғын жатар көсіліп.

Қырғи құсқа жолықса,

Төрт бөлініп төс еті,

Қанаты қалар кесіліп.

Ойлап тұрсам, көпшілік,

Ізбас сондай есірік.

Өзінен зорға жолығып,

Тілегі қалар кесіліп [2, 95].

Қашағанның айтыстары – қазақтың дәстүрлі ақындар поэзиясының ұлттық сөз өнері үдерісіндегі ықпалды көркемдік ықпалының үлгілері. Ауызша авторлық поэзияның халық ықыласына ие болған беделін қалыптастырған ақындар айтыстары – әдеби үдеріс дамуындағы көркемдік бағытын үздіксіз жалғастырумен келеді.

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар