Ақын қашаған күржіманұлының шығармалары – тәуелсіз қазақстанның рухани құндылық мұрасы - 2

03.03.2014 6420
Ақынның бірқатар өлеңдері («Аралбайды жұбатуы», «Тойбастар», «Қонақкәде жыры», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы», т.б.) қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері негізіндегі этнопедагогикалық-этнопсихологиялық сипатты болып жырланған.

Ақынның бірқатар өлеңдері («Аралбайды жұбатуы», «Тойбастар», «Қонақкәде жыры», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы», т.б.) қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері негізіндегі этнопедагогикалық-этнопсихологиялық сипатты болып жырланған. Қазақтың ата-бабалық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ардақтауды, шығармалардың нысанына алып жырлау арқылы сөз өнері мұраларының халықтық көркемдік ойлау ұлағаты айқындалады. Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның қайғылы адамдарды жұбату, жігерлендіру, өмір сүруге құштарландыру мұратындағы оптимистік-романтикалық өршіл рухты көңіл-күй әуендері адамдардың өмір сүруге құштарлығын күшейтетіндей әсерлі поэтикалық мағыналылықпен жырланған. Жалғыз ұлы «өліп қамығып отырған ақынға арналған «Аралбайды жұбатуы» да екі көрнекті шығармашылық тұлғалардың көркем ойлы дүниетаным әлемін байқатады. Аралбайдың Қашағанға ағытқан мұңы да қайғылы, қасіретті адамдарға ортақ шерлі ой сипатын айқын елестетеді:

...Қатепті қара нар едім,

Артуын таппай мертіліп,

Мен базардан қалғанмын.

Тіккен туым жығылған,

Көкірегім қайғы, арман, мұң.

Тұяғы сынған тұлпармын,

Қанаты сынған сұңқармын.

...Мен қанаты сынған қаршыға.

Қанатынан айрылса,

Қаршыға түсер шаршыға.

...Мен ботасы өлген боз мая,

Тұлыбына келіп аңыраған.

Мен бір жүрген ақ киік,

Лағын түзде алдырып,

Орнына келіп маңыраған.

Мен қартайған арыстан,

Елсізде қалып ыңыранған.

Мен – жапанға біткен бәйтерек.

Жапырағы жерге төгілген.

Мен бір тұрған ақ сауыт

Адыра қалып сөгілген.

Қияға біткен терегім

Уақыты жетпей бүгілген [2, 43-44].

Қашағанның көңіл айту – жұбату жырында тектес көңіл-күйдегі тілеулес дос, ақын адамға арналған жігерлендіру, жұбату әуенді жыр өрнектері бейнелі, баламалы мағыналы сөздер мен сөз тіркестер қолданыстарымен жырланған. Бейнелі мағыналы сөздер мен сөз тіркестері «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп, шығар сөз» (хакім Абай) құдіретін дәлелдеген ықпалдылығымен байқалады:

...Замандасым Аралбай,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.

Қанаты бүтін сұңқар жоқ.

...Ашу деген – көк бөрі,

Ақылың – қорған тал болар.

Тәуекел – қайық, сал болар,

Ойлап кетсең, жеткізбес,

Түсіп кетсең, бойлатпас.

Уәйім деген жар болар.

...Ақыл деген – қой болса,

Ашу деген көк бөрі.

Бөрі қойға жолықса,

Дүние қиғаш шаң болар.

Сабыр етші, Аралбай,

Айы біткен айда өлер.

Күні біткен күнде өлер.

Жанына ажал келген күн

Таңға жетпей түнде өлер.

...Орынды жерде сөйлесем

Қызыл тілім дөңгелер... [2, 44-45].

Ақынның «Қонақкәде жыры» да қазақ ауылдарындағы арулар («Алтыннан құйған асықтай», «Күмістен құйған қасықтай», «Құбылған беті мақпалдай», «Солқылдаған жас талдай», «Қастары қама құндыздай», «Көздері шолпан жұлдыздай»), еланалары-отаналары («Ер де туды қатыннан, пір де туды қатыннан, әулие мен әнбие, небір тақтақ, бай, мырза, батыр да туған қатыннан, жадыратып қабақты, жарқылдат сырға, сабақты»), тұлғаларын даралай мадақтап, қонақкәде жырын айтушының – қонақтың, халыққа арнаған дәстүрлі қызметін де бағалайды:

...Жиналып отыр бұл жерге.

Бәйгеден келген керлерім.

Аямадым сендерден

Маңдайдан аққан терлерін.

Ұйқы – жанның тынышы,

Сөз – құлақтың құрышы

Қанша айтқанмен таусылмас.

Терме жырдың бұрышы [3, 54].

«Тойбастар» өлеңі де қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі әртүрлі мазмұнды тойларды мадақтайтын мағыналы арнау-құттықтау сарындылығымен ерекшеленеді. Өлеңнің құрылысында қазақ тойының сипаты («Халыққа хабар таратқан, ат жүйрігін жаратқан, әшекейлеп жасантып, отау тігіп от жаққан, байрақты тігіп ат шапқан, жыршысы болса жырлатып, аламан басын құрлатып, жақсыларға тыңдатқан, тартысы болса тартысып, өлеңі болса айтысып...») көшпелілер мәдениетінің көркем қазынасы тұрғысында баяндалған. Өлеңде ұзатылып келген қыздың ата-анасын («Ата-ананың хақы бар дейді сүт ақы мен ілуде», «Риза бол анаңа, мехнат етіп сақтаған, тоғыз ай, он күн ішінде дүниеге сені шығарды», «Аман қосып жұбыңа жеткізді сені мұратқа»), еркек пен әйел жұптасуының адамзаттың алғашқы тұлғаларын («Адам Ата жұптанып, Хауа ананы алғанда Исраил, Михаил некесін қиған екен екі періште»), Ислам дінін жер бетіне таратушы Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) («Расулы пайғамбар Хадишаны алғанда ақ некесін қисын деп Жәбірейілге Алла бұйырған»), той өткізу дәстүрінің қалыптасу жолын («Жұрт жинап, қызық той еткен, Атымтай Жомарт салған жол, бақыт пен дәулет қонған жол»), келін боп тұрған арудың тұлғасын, жаңа қадамын («Арғымақ аттай әнденген, сөйлесе сөзің пәмденген, тоты құстай таранып бойыңды түзеп сәнденген, өтейін деп отырсың балдырлы Балқаш көлдерден») – бәрін де бейнелі көркем кестелі өрілімдермен өрнектеген. Жұптасу-үйлену тойында халыққа, келінге ата-бабалық дәстүр жолындағы ұлағатты мадақтаушы ақынның өзіндік шығармашылық-әлеуметтік тұлғасы да дараланған:

...Шын шабытым келгенде

Ағыным тасты аударған

Мен бір қайнарлы өзен, бұлағың.

...Бұл жерлерде сөйлейтін

Біз секілді кемел бар.

...Риза бол, жарқыным,

Жырым еді сақтаған,

Арқасы құрғыр қозғанда

Жауар бұлттай қаптаған.

Ойқастап барып тоқтайын,

Қатты кетсем қайырылмас

Мен – басы қатты ақтабан [2, 49-50].

«Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» да қазақ сөз өнеріндегі этнопедагогикалық мұралар қатарындағы шығарма. Өлеңнің тақырып арқауындағы оң жақтан кетіп бара жатқан ару қыздың кескін-келбетін («Қырмызыдай кейпің құбылған, көрікті, көркем бала едің, базарың баста құрылған») мадақтай отырып, мәңгілікке бара жатқан еліндегі мінез-құлық мәдениетінің де қандай болуы керектігіне насихат-нұсқау сөзін арнайды:

...Қайын жұртқа барғанда,

Ұзартып жүрме тіліңді,

Ұстатып жүрме мініңді.

Жақсы адамдар онда бар,

Ақылы алуан білімді.

«Жақсының алды көше» деп,

Қайнағаң мен атаңның

Алдынан жүрме кеселеп.

Үйіңе келген қонаққа

Шытылмасын қабағың

Толы келсін табағың.

Ауыл үй түгіл, ел мақтар,

Сыртыңнан естіп қазағың [2, 78].

Бата-тілек өлеңінің құрылысында ұзатылып бара жатқан қыздың сол елдегі әуелде келіндік өмір жолындағы қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен жас кезеңдерінің бәрінде де адамгершілік-имандылық жолын ұстанып өтуі насихатталады. Әулетінің ақылшы анасы болып, келіні мен баласымен, ауыл үй адамдарының ауызбіршілігіне ұйытқы, мырза көңілді ел анасы бәйбіше («Бәйбіше болсаң балқыған, қас-қабағың шалқыған, қолыңда болса, шырағым, қос бауырдақты қос жүзік») болуына, кәріліктің келгенін байыпты, байсалды қарсы алуды өмір шындығының бейнелі суретімен елестетеді:

Жасың барса сексенге,

Сексеннен артық жасама.

Айып етіп сөксең де,

Сол сексеннің өзі де

Төс сүйегіңді тыржитып,

Кеңірдегіңді қыржиып,

Жауырыныңды күржитіп,

Семдіріп кетер бөксеңді [2, 79].

Қашаған ақынның айтыстары («Нұрым мен Қашаған», «Қашаған мен Ізбас») – дәстүрлі өнердің өзіндік мәнерлі үлгілері. Ауызша авторлық поэзиядағы шығармашылық психологиясының кесек бітімді болмысын танытатын ақындар айтыстарында халықтың көркемдік ойлау кеңістігі, материалдық және рухани мәдениет тарихын жан-жақты қамтитын білімділік деңгейлері айқындалған.

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар