Қандастар Ассамблея

Ақылды боламын десеңіз...

15.02.2016 4752
Ақылды болу үшін жеті нәрсені әдетке айналдырыңыз.

Адам баласының миы бұлшық ет тәрізді. Әрдайым шынығып отыруды талап етеді. Кәсіпкер әрі блогер Томас Оппонгтың айтуынша төмендегі жеті нәрсені әдетке айналдырсаңыз, ақылыңызды ұштайсыз.

 

  1.  Қызыққұмар болыңыз.

Менің айтарлықтай талантым жоқ. Мен бар болғаны қызыққұмар адаммын.

Альберт Эйнштейн.

Өзіңізді кызыққұмармын деп санайсыз ба? Егер жауап «жоқ» болса, бүгіннен бастап осы бір қасиетті әдетке айналдырыңыз. Айналаңызда болып жатқан барлық құбылыстардың қыр-сырын меңгеруге тырысыңыз. Мысалы: Жер шарының салмағы қанша? Атмосфера неден тұрады? Компьтер қандай құрылғылардан жасалған? Бұл әрине жай ғана мысалдар ғана. Өзіңіз қызық деп тапқан барлық дүниелер жайлы мейлінше көп білуге тырысыңыз.

2. Кәсібіңізге қатысы жоқ кітаптар мен мақалаларды оқыңыз.

Көбіне адамдар: «өз мамандығымды жетік меңгердім», - деп білім алуды доғарады. Бұл мидың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан кемінде аптасына бір рет өз мамандығыңызға қатысы жоқ мақалалар мен кітаптар оқуды әдетке айналдырыңыз.

3. Мидың жұмысын арттыратын жаттығулар жасаңыз.

Миға арналған жаттығулар сіз ойлағандай қиын емес. Мысалы: Күнделікті оң қолыңызбен атқаратын қызметтерді бір күн сол қолыңызбен істеп көріңіз немесе жұмулы көзбен душ қабылдаңыз...

4. Спортпен шұғылданыңыз.

Физикалық жаттығулар адамның бұлшық етіне ғана емес, мидың жақсырақ жұмыс жасауына да пайдасы зор. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырым. Физикалық жаттығулар бастағы қан айналымын жақсартып, мидағы нейрон байланыстарының өсуіне көмектесетін ақуыздардың пайда болуына септігін тигізеді.

5. Шығармашылықпен айналысыңыз.

Күнделік, өлең немесе шығарма жазу миыңыздың жақсы жұмыс жасауына көмектеседі. Жазған дүниелеріңізді барлығы оқып, атақты жазушы болуыңыз маңызды емес. Жазу барысында адам өзімен жеке қалып, миы тынығады.

6. Пайдалы сайттарды ғана оқыңыз.

Егер сіз бұл мақаланы оқып отырған болсаңыз, «дұрыс жолдасыз», - деп толық сеніммен айта аламыз. Ғаламторға бөлген уақытыңызды тиімді пайдалану үшін өзіңізге пайдасын тигізетін бірнеше сайттарды ашып оқып отырыңыз. Өйткені, пайдалы ақпаратпен қоса қажеті жоқ, санаңызды улайтын ақпараттар қатар жүретіні белгілі. Ондай ақпараттардан сақ болған жөн. 

7. Өз блогыңызды ашыңыз.

Әлемде өз блогының арқасында миллионер атанып отырған адамдар өте көп. Олардың көбі «Алдымен сен атағың үшін жұмыс істейсің, содан кейін атағың сен үшін жұмыс жасайды», - деген принціпті ұстанып, әуесқойлықтан бастаған. Блог жазбаларыңызбен миллиондап ақша таппағанның өзінде, бұл сіздің шығармашылығыңыздың артып, ақыл-ойыңыздың жетілуіне септігін тигізеді. 


Рүстем ӘЛПИ