Ақсақалдар кеңесі

25.08.2014 9711
Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі маңызы жоғары саяси-қоғамдық институалдық мазмұндағы, басында ел ағалары тұратын халықтық жиын, кеңес.

Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі маңызы жоғары саяси-қоғамдық институалдық мазмұндағы, басында ел ағалары тұратын халықтық жиын, кеңес. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған “Хан кеңесі”, “Билер кеңесі” де өз бастауын осы Ақсақалдар кеңесінен алады, бірақ айырмашылығы елеулі. “Хан кеңесі” мен “Билер кеңесі” аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген.Ол ел ішіндегі түрлі мәселелерді, атап айтқанда дау-жанжал, кикілжіңді реттеу, бітістіру сияқты қалыптасқан т.б. ахуалдарды шешу үшін шақырылады. Ас берудің алдында ел-ағалары, ақсақалдар, марқұмның туған-туыстары бірігіп кеңес өткізеді. Бүкіл елге сауын айтып ас өткізу мәселесі арнайы алқалы отырыста (ақылдасу кеңесі) арқылы шешіледі. Негізінен марқұмның қырқын берген күні немесе қырқы өткеннен кейін, ел аяғы басылған соң кеңес шақырылады. Алқалы кеңеске ең алдымен марқұмның туыстары мен ел жақсылары, ақсақалдарын жинап, ас беру кеңесіне салып, қанша ел шақыру, қанша малсою, неше үй тігу, ошақ қайжерге (ас өткізетін орын) орнау керек екенін ақылдасып, уақытын белгілеп сауын айтады. Көптің шешімімен тілге шешен, сөзі өтімді, елге сыйлы, ақылды, байыпты асты басқарушы еразамат және оған бірнеше көмекшілер тағайындалады. Кеңестің аяғында тамақ тартылып, марқұмға бата бағыштаумен аяқталады. Әулиеата уезінің қазағы Қонақбайдың айтуы бойынша, Ақсақалдар кеңесі негізінде немере ағайындар өз арасында, бір-біріне малмен қайтарымсыз көмек береді. Егерде жақын болмай, алыс туыс болған жағдайда және малдың реті келмесе, оның орнына құны арзан бір зат немесе тағам береді. Кеңесті жүргізушінің өзі жұмыстың іске асуын талап ететін, ауылға беделді, аузы дуалы адам болуы керек. Ас беру өткеннен кейін ақсақалдар «ас жақсы ұйымшылдықпен, ысырапсыз өтті, дегенмен астың қалай өтуі кеңесшіге байланысты ғой» деп риза болып жатады. Кеңесшімен қатар, асты қадағалаушы да тағайындалады. Қысқасы, астың қалай өтуі осы екі кісіге байланысты болады.

Ақсақалдар кеңесі. Билер мен ауыл ақсақалдарының азаматтық даулы істі қарау сәті. ХIХ ғ. Омарханов Қ. Қазақ елінің

дәстүрлі құқығы. Астана: Елорда, 2003 атты еңбектен                

Көне деректерге қарағанда Ақсақалдар кеңесінің екі түрі анық көрінеді. Олар — “Ру ақсақалдарының кеңесі” мен “Тайпа ақсақалдарының кеңесі”. Қазіргі кезде осылайша жиналып ақылдасуды «кеңес шай» деп атайды.

Әдеб.: Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент, 1889; Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. В трех частях. СПб., 1832.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Ұқсас материалдар