Қандастар Ассамблея

Ақмолалықтар «20 ізгі іс» акциясына не қосты?

27.02.2015 2624
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «20 ізгі іс» республикалық акциясына ақмолалықтардың үлесі жайында әңгімелеп берді.

 

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Ақмола Медиа» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай өткізілген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде «20 ізгі іс» республикалық акциясына ақмолалықтардың үлесі жайында әңгімелеп берді.

Этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан баспасөз мәслихатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанатында ақмолалықтар астаналықтардан қабылдап алған «20 ізгі іс» эстафетасының символы Тайқазанды көршілес Солтүстік Қазақстан облысына табыс ету көзделіп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, аймақта «Мейірім» атты қайырымдылық акциясы одан әрі жалғасуда. Аталған шара аясында қалалар мен  аудандарда құрылған Қоғамдық келісім кеңестері арқылы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге, жетім-жесірлерге қоғам назарын аударып, қайырымдылық көмек көрсету көзделген. Бұған қоса, осы игілікті істерді «Айналайын», «Ботажан», «Игі іске асығыңыз!», «Сенің бір тамшы қаныңда – біреудің өмірі!» қайырымдылық шараларымен байыта  түсу көзделуде.

Нұрлан Нұркенов брифингте облыста атқарылар шаралардың тағы екеуіне кеңінен тоқталды. Оның бірі – қалалар мен аудандардың ұлтаралық татулық мәселелерінде өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік беретін Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы болса, екіншісі – кәсіпорындарда өткізілетін  «Ассамблея – бірлікке жол!» акциясы. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге де ассамблея мүшелері белсене қатыспақшы. Астана–Брест «Ұрпақтар естелігі» автошеруімен ақмолалық жастар да қазақстандық жауынгерлер жерленген жерлерде болып, ерлікке тағзым етіп қайтпақшы.

 «Бірге өмір сүру» тағаттылық пен  отбасылық құндылықтар форумы, «Қазақстан – менің Отаным!» танымдық экскурсиясы және «Біздің күшіміз – бірлікте!» фестивалінің да өңір жастарының белсенділігін арттыра түсетіндігіне сенім мол. Жыл сайын дәстүрге айналған «Қазақша караоке» болса, ұлттық ән өнерін насихаттаудағы айтулы шара. «Үздік» этно-мәдени бірлестік төрағасы, «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің үздік оқытушысы, «Қазақстан халқы Ақмола  ассамблеясы жанындағы балалар мен жастар ұйымдарының үздік үйлестірушісі»  байқаулары мен журналистер арасында этносаралық татулық тақырыбына ұйымдастырылатын байқау да осы шараларға қатысушыларды игі мақсаттарға жұмылдыра түспекші. Жалпы, «Бақыт шаңырағы», «Менің елімнің мемлекеттік рәміздері» патриоттық акциялары мен «Ата Заңды ардақтайық!» дөңгелек үстелі, «Біз Қазақстан балаларымыз!» форумы, «Керейден Кенесарыға: «Алаш жолы» атты ғылыми-практикалық конференция, облыстық «Қасиетті домбыра» байқауы, барлығы  ірілі-ұсақты 500-ден астам  шара  биылғы мерекелі жылдың алтын арқауына айналады. 

Брифингте одан әрі сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Нина Митчинова Ақмола ассамблеясы жылының  «Мейірім» атты қайырымдылық шарасынан басталуының өзі осы қоғамдық институттың мақсат-міндетін айқын көрсетіп беретінін ерекше  атап өтті. Бүгінде ақмолалықтардың ассамблея жылына  үлес қоссам деген ынтасы жоғары. Мәселен, Есіл ауданының «Заречный» ЖШС қазірден  «Үздік қайырымдылық жобасы» байқауына қатысуға ниет білдірген. Мұнда жергілікті  саябақты жөндеуден өткізіп, тұрғындардың дем алатын сүйікті орнына айналдыру, әрі оны «Достық» саябағы деп атау көзделіп отыр. 

Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев Тайқазанның «20 ізгі іс» эстафетасының басты символына айналғанын жақсылыққа балады. «Ақмола облысы поляктары бірлестігінің» төрағасы Александр Суховецкийдің пікірі де осымен үндес. Демек, қазақ жерінен өз бақыттарын тапқан өзге ұлт өкілдері Ассамблея  жылында жарқын істердің жаршысы болады деп сенеміз.

Перизат Бөлекова

Ұқсас материалдар