Қандастар Ассамблея

Ақмола туралы аңыз

20.10.2015 9754
Ақмола туралы аңыз

Ақмола атауы туралы аңыз көп. Тіпті, Ақмола атауының шығу тарихына кейбір деректер «мола», «сүт», «қорған», «қамал», «батыс» ұғымдарының еш қатысы жоқ дейді. Бұл адамның ныспысымен байланысты дейді. Кезінде әбден жырланған Қарабалуанның Ақмалай атанған ұлының шын аты Ақмолла екен. Анасы – Төле бидің жиені Жасқана. Кейін келіндері ат тергеп, Жақсыана атандырған. Ақмолла дүниеге келген күні Қарабалуанның үйіне татардың Ақмолла атты белгілі бір кісісі келіп қонады. Балаға ат қою жолы құтты һәм құрметті қонаққа тиіп, ол Бу малайға (татарша бала деген сөз) өз есімімді берейін, өскенде бек оқымысты молла болсын деп азан шақырып, есімін Ақмолла қояды. Осы Ақмолламен байланыстыратындар көп. Ал, «Бабалар сөзі» ұсынған аңыздарда бұл туралы кеңінен айтылады.

Расында қазіргі Ақмола облысының ежелгі атау туралы не білеміз? Бір кездері Ақмола сөзі – ақ мол, яғни сүт көп деген мәнде деген де пікір болды. Жазушы, публицист Алдан Смайыл Ақмола сөзінің мәні – «батыстағы қамал, батыстағы қорған», – деп ой түйеді.

Аңыздың І нұсқасы

Ерте заманда, жазу-сызудың жетілмеген кезінде Арқа өңірінде бір молла адам дәріс жүргізуге келіпті. Ел оны ауылдан-ауылға алып кетіп, балаларын оқытқызыпты. Өзінің білгірлігімен, сауаттылығымен көпшілікке жаққан жаңағы молланы ел құрметтеп өз атымен атамай, «Ақмолла» деп атап кетеді.

Өзі де атына сай аққұба кісі болса керек. Күндердің бір күнінде жаңағы Ақмолла балаларды ел аралап оқытқаннан гөрі, бір жерге жинап, дәріс бергенді жөн көреді де мешіт салғызады. Сол мешіт орнаған мекенді халық «Ақмолла мешіті», кейін «Ақмола» деп атап кетеді.

 

ІІ нұсқа

Баяғы заманда бір молла адам бала оқытумен Арқа өңіріндегі ел-жұртқа танылады. Ол жай молла ғана емес, көріпкелдігі де бар екен. Осындай қасиеті бар әулие адамды ел сыйлап, жоқ жоғалтса, басқа да жағдайлары болып қалса, сол кісіге барып жүгінеді екен.

Бірде-бір адамдардың жылқысы жоғалып, оны жаңағы молланың айтуымен көрші ауылдың бай адамынан барып тауып алады. Бірақ өшіккен бай молланың соңына түседі. Жақсы адамдардың айтуымен елден қашып шыққан молла өзі сырқаттанып жүрген болса керек, жапан түзде қайтыс болады.

Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: «Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы маңға жерлеп, басыма бейіт соғарда саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып жасаңдар», - деп өсиет қалдырады.

Аманатты айтқанындай етіп орындаған халық мазарды тұрғызып болғаннан кейін назар аударып қараса, ақ түсті болып шығыпты. Сонан көпшілік осы өңірді «Ақмола» деп атап кетеді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар