Қандастар Ассамблея

ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ

31.08.2014 46369
ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ (б.з.б. 2 ғ. – б.з. 5 ғ.) – қазақ жерінде құрылған алғашқы мемл. бірлестіктердің бірі.

ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ (б.з.б. 2 ғ. – б.з. 5 ғ.) – қазақ жерінде құрылған алғашқы мемл. бірлестіктердің бірі. Алғаш рет Қытай жылнамасы “Шы Жи. Дауан Лежуанда (тарихи жазбалар – Ферғана тарауы) жазылған “Қаң жүй го” (Қаң жүй, орыс әдебиетінде кангюй – қаңлы, го – мемл.) деген атаудан алынған. Б.з.б. 2 ғ-дың орта шенінде Іледен Әмударияға қоныс аударған даружылар (Ұлы юечжин) тайпаларынан бөлініп қалған рулардың Талас өз. бойында қайта бірігуі нәтижесінде құрылған. Аумағы шығысында – Талас пен Шудың төм. ағысының аралығында, оңт-нде – Ташкент ойпатының солт-нде – Сырдарияның төм. ағысының аралығында орналасқан. Мемл. билеушісі Дауанның (Ферғана) астанасы Эрти қ-нан солт.-батыста ірге тепкен Битянь қ-нда орналасқан. Ғалымдардың бірі оны – түркі, екіншілері – иран тілдес халық деседі. Қуатты мемл. бірлестік болған. Б.з.б. 1 ғ-да дәуірлеген кезеңінде 600 мың халқы болып, әскерінің саны 120 мыңға жеткен. Қаңлы билеушісінің шекарасы Каспийдің солт. жағалауына дейін жеткен. Оларға Арал мен Еділдің төм. ағысының аралығында билік құрған Сармат-алан тайпаларының одағы түгел тәуелді болған. Деректемелерде көрсетілгендей, әдет-ғұрпы мен киім-кешегі жағынан қаңлылардың сарматтар мен аландардан айырмасы болмаған. Солт-ндегі Оралдың орманды алқабының тайпалары қаңлыларға аң терісінен алым беріп тұрған. Қаңлының ұлы билеушісіне 5 иелік бағынышты болды. Қ. м. өз алдына жеке саясат ұстап, көрші елдердің сырт жауларына, басқыншыларына қарсы күрестеріне жәрдемдесіп отырды. Б.з.б. 101 ж. олар қытай әскерінің басқыншылық шабуылына қарсы ферғаналықтарға жақтасты. Б.з.б. 46 – 36 жылдарда Қытай империясына қарсы көтерілген солт. ғұндарға көмек беріп, б.з.б. 85 ж. Шығ. Түркістан қ-ларын иемденбек болған қытайлықтарға қарсы көтеріліске шыққан Қашғар билеушісіне әскер жіберді. Мұндағы қаңлы саясатының жалпы бағыты Ферғана арқылы Шығ. Түркістанға өтетін сауда жолына ықпалын сақтап қалу еді. 270 жылдардағы мәліметтерге қарағанда – Қ. м. жекелеген елдерге елшілік жіберіп отырған.

Қ. м-нің жоғары билеушісі Қытай деректерінде “Ваң” (Патша) деп аталады. Ол саяси, әскери, шаруашылық билікті өз қолында ұстады. Одан соңғы билеуші “Фу ваң” (орынбасар патша) патшаның мұрагері әрі бас қолбасшы болды. Үшінші орындағы билеушілерді “Гүй рын” (ақсүйектер немесе төрелер) деп атап, олар мемл. кеңесші міндетін атқарды. Төртінші орындағылар “Үнху” – “Ябғу” делініп, оған ірі рубасылар мен ұлыс билеушілері жатқызылды. Бесінші орындағылары “Ваньху” – әскери және әкімш. бастықтар болды. Басқару жүйесі үнемі дамып отырды. Б.з.б. 1 ғ-да Қ. м. барынша кеңеюіне байланысты 5-ке бөлініп, қытай жазбаларында аймақ билеушілері “Шао ваң”  (кіші патша) атанды. Ондай міндетке билеушінің ұлдары тағайындалып, патшаға тікелей бағынды. Қаңлы патшасы өзі тұрған солт. өңірді (Талас өз. аймағы) тікелей басқарды. 5 ғ-дың ортасында Қ. м-нің күш-қуаты кеміп, Эфталит мемлекетінің құрамына енді. Бұдан кейінгі кезеңде ол тайпа атауымен ғана белгілі.  Орта ғасырларда бірін-бірі алмастырған түрлі түркі мемлекеттерінің құрамында болған қаңлы тайпалары Орт. Азиядағы көптеген саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, мұндағы халықтардың этногенезіне өзіндік ықпалын тигізді; қ. Қаңлы.

Қаңлылар мал ш-мен айналысқан (сиыр, жылқы, қой, ешкі ұстаған), суармалы ойпаттарда дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірген. Елді мекендердің жұртынан бидай сақтаған ұралар, қол диірмен, астық пен бау-бақша өнімдерін сақтайтын құмыралар табылды. Жер тас соқамен жыртылып, егістікті өңдеуге сүйек құралдар да қолданылды. Жазба деректер мен археол. қазбаларға қарағанда – Қаңлы тайпалары Орта Азия мемлекеттерімен, Кавказдың бергі бетімен, Рим, Қытаймен қарым-қатынаста болған. Б. з. б. 2 – 1 ғ-ларда қаңлылар өздерінің шақаларын соққан (қ. Қаңлы ескерткіштері).

Әдеб.: Бернштам А.Н., Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана // Изв. АН КазССР, ғ67, Сер. археол., Вып. 2, А.-А., 1950; Қазақстан тарихы, 1-т., А., 1996; Бан Гу, Ханнама, 70-т., Пек., 1997; Ли Янчю, Бейнама (солтүстік патшалық тарихы), 9-т., Пек., 1997.

Н. Мұхаметханұлы

"Қазақ энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар