Қандастар Ассамблея

ҚАҢЛЫ

31.08.2014 14089
ҚАҢЛЫ – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Қ. этногенезі мен тарихы туралы жазба деректер аз емес.

ҚАҢЛЫ – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Қ. этногенезі мен тарихы туралы жазба деректер аз емес. Қаңлылардың шығу тегі туралы Хиуа ханы Баһадүрхан Әбілғазы төмендегідей аңызды келтіреді: “Оғыз хан барып, татарларға тиді. Татар ханы сан мың әскерімен оған қарсы шықты; олар шайқасып, Оғыз хан кенет шабуыл жасап, оның (татар ханының) қолын быт-шыт қылды. Оғыз ханның қолына көп олжа түсті, оларды тиеп алып кетуге лау жетпейді. Олардың қасында қолы епсекті бір шебер кісі болып, ол ойланып-толғанып арба жасады. Оған қарап, бәрі де арба құрастырып, оған олжаны тиеп, бәрі үйіне қайтып келді. Арбаны “қаңлы” деп атады. Бұған дейін оның (арба) аты да, заты да болған  емес, ол қозғалғанда “қаңқ-қаңқ” дегенге ұқсас дыбыс шығаратын себепті оны “қаңқ” атады. Оны жасаған адамды “қаңқылы” деді. Бүкіл қаңлы елі – сол адамның үрім-бұтағы”. Шығыстанушы Н.Аристов: “Қаңлылар – дулат тәрізді ежелгі түркі руы. Бәлкім, Авеста мен Махабхаратада қаңқа деп еске алынатындар солар шығар”, – деп жазады. Сырдариядағы, Заравшан мен Әмударияның төм. ағысындағы ұсақ отырықшы аймақтар бағынатын Кангюйдың ұлан-байтақ иелігі б.з.б. қытай деректерінде айтылады (қ. Қаңлы мемлекеті). Кіші хандар дәуірінде (25 – 221) Кангюй мен қаңлылар Арал мен Каспий т-дерінің аралығындағы аландарды биледі. 568 ж. Земарх Дзивул Холиат аталатын Византия елшісі түркі қаңлыларының жерін басып өткен. Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах қосынында Таластан келген он мыңдаған Қ. қызмет еткен. Италиялық саяхатшы Плано Карпини құмандардан (қыпшақтардан) кейін Қ. елімен жүріп өткен. 1258 ж. фламанд саяхатшысы В.Рубрук та олардың жерін басып өткен. Ақсақ Темір кезінде Қ-лардың біраз бөлігі Сырдың оң жағасын жайлады. Оған дейін Еуропаға құйындай тиген ғұн мен қыпшақ жауынгерлерінің өздерімен бірге ілестіре кетуі Қ-лар санын азайтты. Қазақ-қырғыз одағына Қ-лар аз ру болып қосылады, Себебі олардың көпшілігі Шайбани әулетімен Мауераннахрға кеткен болатын. Қ-лар 14 ғ-дың аяғында Жошы ұлысының бір бөлігін құрап, Сырдария мен Талас арасында көшіп жүрді. 17 ғ-дың басында Қ-лар Ташкент аймағын мекендеді. 1629 ж. Есім хан оңт. өңірдегі қазақтарды тонағаны үшін Тұрсын ханды өлтіріп, Қ. мен қатағандарды қуғындады.

Кангюй, Қ. этнонимдерінің этимологиясына байланысты айтылып жүрген пікірлерде бірізділік жоқ. Қ-ларды зерттеуде Н.А. Аристов, А.Н. Бернштам, С.Г. Кляшторный, В.Мурзаев, М.Тынышбаев, В.В. Бартольд, С.Аманжолов, В.Востров, Ә.Қайдаров т.б. қажырлы еңбек етті. Әсіресе, Ә.Қайдаров Қ. руының этногенезі мен этн. тарихы, тайпалық құрылымы мен ерекшеліктері туралы жазды. В.Востров Қ-лардың ежелгі тайпа және олардың түркі тілдес екенін нақтылап берді. “Кангюй” атауына қатысты пікірталас әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Дегенмен ғалымдардың көпшілігі (Қайдаров, Востров, Арғынбаев, т.б.) кангюйлер мен Қ-лар бір деп есептесе, аздаған бөлігі (Т.Жданко, т.б.) мұны қолдамайды.

Қайдаровтың тектану кестесінде Қ-лардың атасы Майқы би болып саналады. Қ. сары-қаңлы мен қара-қаңлы болып екіге бөлінеді, оның үстіне Сырдария мен Жетісу Қ-лары осылай жіктеледі. Ұлы жүздің Төбейден басталатын шежіресінде, Төбейден – Бәйтерек, одан – Қаңлы, одан Қанкөжек, Келдібек таратылады. Келдібектің бірінші әйелі Сары бәйбішеден – сары қаңлы ұрпақтары, ал екінші әйелінен қара қаңлы ұрпақтары өрбиді. Сырдария Қ-лары сары қаңлы мен қара қаңлы  болып бөлінеді. Жетісу Қ-лары да сары қаңлы мен қара қаңлы болып тарайды. Қайдаров Жетісу Қ-ларының атасы Сырдария қаңлылары деп есептейді. Жетісуда қоныстанған Қ-ның кейбір рулық тобы – ақ қаңлы және қызыл қаңлы деп бөлінеді, соңғылары сары қаңлының бір тармағы – телқожа атасының ұрпақтары болып саналады.  Тіршілік ету аясына байланысты әрбір топ екіге бөлінеді. Мыс., сары қаңлылар да, қара қаңлылар да Сырдария және Жетісуда екі атадан тұрады. Сырдарияның сары қаңлылары 5 ата: ақбота, ақынқожа, телқожа, омыртқа, миям; Жетісудың сары қаңлылары 6 ата: әлсейіт, ақбарақ, құйысқансыз, бозым, ешкілі, шанышқылы. Сырдарияның қара қаңлысы 6 ата: тоғызбай, оңбай, тоғанбай, бақа, бадырақ, қара; Жетісудағылар да 6 ата: ерезен, қоспан, еңке, танта, оразымбет, бақа. Бұл тізімге қызыл қаңлы мен қаңлы рулық құрылымын қоспағанда, осы төрт топтан 23 ата тарайды. Мұның өзі бұрын Қ-ның көп болғанын көрсетеді. 19 ғ-дың аяғында Аристов Қ-ның шағын тобы Верный уезінде (300 үй) кездесетінін хабарлайды. Олар Әулиеата (350 үй), Шымкент (478 үй), Ташкент (1650 үй) уездерінде де тұрған. Аристов еңбегінің тағы бір жерінде Қ-лар мен шанышқылылардың жалпы саны – 10 мың үй болды деп көрсетеді. Қайдаров 1885 ж. Ташкент уезінде Қ-лар мен шанышқылылар 14 мың түтін болған деп есептейді. Тынышбаевтың 1917 жылғы келтірген мәліметінде Қ-лар мен шанышқылылардың жалпы саны уездер бойынша берілген. Мыс., бұл жылы жоғарыдағы үш уезде барлығы – 190 мың жан өмір сүрген. Сырдария Қ-ларының негізгі шаруашылығы суармалы егіншілік болды, ал жетісулықтар егін салумен қатар да төрт түлік өсірумен шұғылданды. Ұраны – “Бәйтерек”, “Айрылмас”, таңбасы – көсеу (/).

Әдеб.: Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина, в.3 – 4, СПб., 1896; Бартольд В.В., К истории культурной жизни Туркестана, Л., 1927; Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В., Қазақ шежіресі хақында, А., 2000.

"Қазақ энциклопедиясы"