Ағайындылар

21.08.2014 5763
Ағайындылар – бір ата-анадан немесе ағалы- інілілерден өрбіген жақын туыс адамдар. Туысқандықты білдіретін және туыстық қарым-қатынас нормаларын реттейтін бұл ұғымның көшпелі шаруашылық-мәдени қатынастарында атқаратын өзіндік «қызметі» бар.

Ағайындылар – бір ата-анадан немесе ағалы- інілілерден өрбіген жақын туыс адамдар. Туысқандықты білдіретін және туыстық қарым-қатынас нормаларын реттейтін бұл ұғымның көшпелі шаруашылық-мәдени қатынастарында атқаратын өзіндік «қызметі» бар. Олардың жасына қарай бір-біріне аға-іні, әпкелі-сіңлілі болып есептеледі. Сондықтан олар, өз әкесінің ағасын әке деп айтуға хақы бар. Соның айғағындай әкесінің аға-інілерін «үлкен әкем немесе кіші әкем» деп атау қалыптасқан. Дастарқан басында отырғанда А. жасына қарай үлкені жоғары, кішілері төменірек отырады. Дәм татқанда да осы әдеп (этикет) сақталады. А.-дың балалары азамат жасына жеткендері олжа бөліссе, онда жол жасы кіші болса да аға баласына тиеді. Мұны қазақ жолы үлкен (әкесі үлкен) дейді. Егер бұл жол бұзыла қалса, ол ағаға зәбір жасағанмен бірдей.

Шормановтар әулеті. Семей обл. ҚР МОМ қорынан (ФКП 10651/2)

Егер А.-дың біреуінің әке-шешесінің біреуі балалары есейген кезде дүние салса, онда ағайындары оған жан-жақты жәрдем етуге міндеттейді. Жыласуға туысқан жақсы, сыйласуға жат жақсы; Ағайынды жігіттің кере қарыс жалы бар, жалғыз басты жігіттің шығар-шықпас жаны бар, – деген мақал-мәтелдер А.-дың татулықта, бірлікте болу керектігін меңзейді. Ағайын-туыс адамдар, дәстүрлі ортада «ауылы аралас, қойы қоралас», бір-біріне жақын ауылдас, қоңсылас болып тіршілік кешкен. 

Ағайын-жұртты аралау/ ағайын жұртпен қоштасу – қазақы ортаның қатынас нормаларынан туындаған ғұрып түрі. Ол – алыс сапарға аттанарда, басқа жаққа қоныс аударар алдын- да, ал ұзатылатын қыз ұзату тойы болмас бұрын өз ағайын-туғандарын, туысқандарын аралау, ағайынның шаңырағына бас сұғып, дидарласу, «от жаққан жерінен» дәм тату ғұрпы.

 

Ауыл арасында атқа мінген жастар. КР МОМ қорынан (НВФ 5289/14)

Ертеде ата-анасы ұзатылар қыздың жанына бірнеше қыз, бір-екі жеңге, ат бағатын бір жігітті қосып, ағайын-туыспен қоштасуға жіберетін болған. Олар бір-бірін өсиет, үлгі-өнегелі ғибраттарын айтысып, өкпе-реніштері болса кешірісіп, «көзіндей» көріп жүретін бағалы жеке дүниелері мен өз қолынан жасаған сәнді әдемі бұйымын ескерткіш ретінде алмасады. Бұл көшпелі қазақы ортада ағайынның арасындағы бірлікті ұйыстыратын, қауымның берекесі мен ынтымағын арттыратын қатынас қағидасы ретінде қалыптасты.

Қазақта туыстық ұғым өте кең мағына береді. Әсіресе ағайын деген сөздің ішіне барлығы да сыйып кетеді. Ағайынмен араздаспа, ағайыннан ұят болады дейтін де сөздер қалыптасқан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»