Қандастар Ассамблея

Ақ отауға жалғасқан алғашқы махаббат

17.06.2015 9333
Бала кезгі алғашқы жақсы көру, ұнату сезімдері бойжеткен мен бозбала арасындағы махаббатқа айналып, бір-біріне ғашық екі жастың отбасын құруы өте сирек кездесетін жағдай.

Бала кезгі алғашқы жақсы көру, ұнату сезімдері бойжеткен мен бозбала арасындағы махаббатқа ұласып, бір-біріне ғашық екі жас отбасын құрып жатса, ондай таңдауға ата-ана да риза. Өйткені, әдетте ондай шаңырақтар анау-мынау соққыларға бой алдырмайтын қамалдай берік келеді. Сондай сирек отбасылардың бірі Арман мен Аяулым Нугербековтер шаңырағы. Олар ерлі-зайыптылар ғана емес, олар он үш жыл таныс ескі достар. Мектептен кейінгі өмір толқынына бірге аттанып, бірге есейген, алғашқы жетістігі мен алғашқы жеңілісін бірге өткерген жаны жақын жандар. 

Танысу

Арман Нугербеков: 1997 жылы, ел астанасы Ақмолаға ауысқан жылы, қалаға отбасымызбен көшіп келгенбіз. Туған жерім негізі Егіндікөл ауданы. Астананың қала ретінде қалыптасуы менің көз алдымнан өтті. 2002 жылы 5-сыныптың үшінші тоқсанында Көкталдағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектепке ауыстым. Сыныптағы қыздардың ішінде Аяулымға бірден көзім түсті. Менің ойымша, ол сыныптағы ең сұлу, ақкөңіл, ақылды қыз болып көрінді. Бірақ көпке дейін оған өз сезімімді білдіруге батылым бармады.

Аяулым Елеуова: Біз де отбасымызбен Қарағанды облысынан 2002 жылы Астана қаласына көшіп келгенбіз. Ол уақыт Астана қаласының енді ғана көркейіп, улкейіп келе жатқан кезі. 5-сыныптан бастап Көкталдағы №40 орта мектебінде оқи бастадым. Сол жерде алғашқы махаббатымды кездестірдім. Арман оқуда, достарының арасында пысық болғанмен, қызға сөз айтуға, сезімін жеткізуге ұялшақ болатын. Маған оның қарапайымдылығы, басөа адамдармен тез тіл табысып кететіндігі ұнады. 8-сыныптың соңында қыз бен жігіт болып жүре бастадық.

Арман: Бізді мектептің үлкені де, кішісі де білетін. Мектептен кейін екеумізде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне оқуға түстік. Мен Халықаралық қатынастар факультетінің Шығыстану бөліміне түстім. Университетте қытай тілін үйрендім. Ол жерде ұлттық университет болғандықтан да шетелдік ұстаздардан жиі дәріс тыңдайтынбыз. Менің мамандығым бойынша Астанада оқудың тиімді жағы сол, бұл жерде Халықаралық масштабтағы жиындар жиі өтіп тұрады. Оған келген қонақтар көбіне біздің университетте дәріс оқуға келетін. Аяулым Физика-техникалық факультетінің Радиотехника және телекоммуникациялар бөліміне грантқа түсті. 4 жылдан кейін жоғары оқу орнын бітірген соң уйлену туралы шешімге келдік.

Аяулым: 6 шілде Астана күні ылғи жаңбырлы болады, бірақ бұл күнді асыға күтеміз, себебі қаламыз ерекше құлпырып кетеді. Бірде қала күнінде достарымызбен орталық саябаққа жиналамыз деп келістік. Жолда жаңбыр құйып кетті, такси тоқтатайық десек, үстіміз малмандай су, ешкім тоқтағысы келмейді. Амал жоқ, жаяу жетуге тура келді. Орнына естелікке сурет қалды.

Аяулым: Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды, болашақта өз саламда білікті маман болғым келеді. Қазіргі таңда оператор қызметінде жұмыс істеймін. Арман Есіл ауданының әкімдігінде жұмыс істейді.

Арман:Біз 2013 жылы қала күні қарсаңында үйленген болатынбыз. Қазір бір ұлымыз бар. Есімі Дидар. Қазіргі өміріміздің мәні сол. 

Біреуге салмақ салмай, адал қызмет етіп, өз болашақтарын жасауға тырмысып жатқан астаналық жас отбасылардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі осылай өрбіп жатыр.


Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Ұқсас материалдар