Қандастар Ассамблея

АҚ МҰСТАФА

28.08.2014 1879
АҚ МҰСТАФА — қола дәуірінің қонысы (б. з. б. 14-12 ғғ.) Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-ның оңт.-шығысында 40 км жерде Атасу өз-нің оң жағасында орналасқан.

АҚ МҰСТАФА — қола дәуірінің қонысы (б. з. б. 14-12 ғғ.) Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-ның оңт.-шығысында 40 км жерде Атасу өз-нің оң жағасында орналасқан. Көлемі 5 га аумақты алып жатыр. 1976-81 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшілері М.Қ.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов) зерттеген. Дөңгелек пішімді, диаметрі 6-10 м. 49 үй орны сақталған Оның екеуі қола дәуірінің орта кезеңінен ( б. з. б. 14-12 ғ.), біреуі соңғы кезеңінен қалған (б. з. б. 12-11 ғ.). Қоныс тұрғындары негізінен мыс балқытып, егін егіп, мал баққан. Осы кәсіпке байланысты мыс балқытқан пеш, дән үккіш, жер қопсытатын тас кетпендер, мыс шаппа шот (кельт), қола пышақ, тері илеп, жүн түтетін сүйек құралдар, әсем өрнектелген көзелер, малдың, аңның сүйектері табылды. Қоныс үйлері жартылай жер кепе тәрізді, төрт бұрышты қабырғалары тігінен көмілген бөренелермен бекітілген. Үй ішінде екі-үш ашық және тас ошақтар бар. Қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі үйлер дөңгелек пішінді, киіз үй сияқты құрастырмалы болған. Ол, осы кезеңде мал басының көбейіп, жартылай көшпелі мал ш-ның үстем болғанын байқатады.

АҚ МҰСТАФА ҚОРЫМЫ — қола, ерте темір дәуірлерінен және орта ғасырлардан сақталған ескерткіші. Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-нан оңт.-шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. 1976 — 1981 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшілері М.Қ.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов) зерттеген. 107 бейіт бар. Тігінен қадалған жақпар тастармен көмкерген 89 қоршау сақталған. Пішімі шеңбер, дөңгелек, төртбұрышты. Зерттелген 40 қабірдің бәрі бұрын тоналған. Адам сүйектері шашылып қалған. Сақталған сүйектерге қарағанда олар тізелері бүгіліп, қырымен, басын батысқа қаратып жерленген. Бас жағына қыш ыдыс қойылған. Асқа сойып, өлікке бағышталған қой мен жылқы, кейбір жерде сиыр мүшелері қабір ішіне немесе оның батыс жағына қойылған. А.М.қ-нан геом. өрнегі бар көзе, 5 қабыршақ бойтұмар, мыс моншақ, білезіктер, сыртын алтынмен қаптаған құйма салпыншақтар, жебе ұштары табылды. Атасу кезеңінен кейін келетін Нұра кезеңіне тән қоршаулы төртбұрышты обалардың қабырғалары жалпақ тастардан қаланған. Сыртқы қоршау көлемі 5,6х5,6 м, ортасындағы қоршау көлемі 2,8х2,9 м. Оның ішіндегі терең қабір қабырғалары да жалпақ тастардан өрілген (циста). Ортасына өртелген кісі сүйектері үйілген. Қабір ішінен мыс моншақ, қоладан иіп, сыртын алтынмен қаптаған 2 дөңгелек сырға табылды. Ер-тұрманымен көмілетін атқа арналған қоршау қорымның шығыс жағында бөлек орналасқан. Қоршау дөңгелек пішінді, шығысында ұз. 2 м, жоғары жағы ат тұмсығындай етіп үшкірлеген сымтас қойылған. Оның айналасында қабір ішінен лахат жасап кісі жерлеген орта ғасыр молалары да бар. 

Ж.Құрманқұлов

"Қазақстан энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар