Қандастар Ассамблея

50 теңгенің ерекшелігі неде?

03.11.2015 5980
Қалтаңызда дәл қазір 50 теңге бар ма? Бар болса, алып, мұқият қарап шығыңыз.

Күнделікті қолданыста жүрген ақшаның неден және қалай жасалатынын білесіз бе? Оның құрамы, сақтау мерзімі, жасалу технологиясын ше? El.kz порталы Ұлттық валюта күніне орай, өз оқырмандарына ақшаның жасалу жолы туралы қызықты ақпарат топтамасын ұсынады.

Қалтаңызда дәл қазір 50 теңге бар ма? Бар болса, алып, мұқият қарап шығыңыз. Ішкі бетінің орта бөлігінде 50 саны мен «теңге» сөзі орналастырылған, ал төмеңгі жағында ұлттық ою элементі бейнеленген. Сыртқы жағында Қазақстан Республикасының елтаңбасы мен соғылған жылы жазылған. Монетаның жиегінде айналдыра «Қазақстан Республикасы» жазуы орналасқан. Теңгенің диаметрі 23 мм, қалыңдығы 1.6 мм, массасы 4.7 грамм. Айтпақшы, ең алғаш рет 50 теңге 1998 жылдың 11 қарашасында қолданысқа берілді.

Еліміздегі айналымда жүрген монеталардың көп бөлігі «нибрасс» атты сары қоспадан жасалған болса, тек 50-теңгелік монета «нейзильбер» атты ақ түсті қоспадан соғылған.

Нейзильбер – неміс тілінен «neusilber» жаңа күміс мағынасы береді. Мыс, никель, мырыштан тұратын бұл қоспаның бағасы әлдеқайда төмен болғанымен, мельхиордың құрамынан еш кем емес. Күміс түстес қоспа коррозияға төтеп бере алады, асқан беріктігі де бар. Мықтылығы сонша, тек 1050 С ыстықта ғана балқи бастайды. Жалпы, нейзильбер валюталық «шикізат» ретінде ғана емес, сондай-ақ, медициналық құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ, тіпті гитара жасауда да қолданылады.

Нейзильбердің қолдану тарихы тереңде жатыр. Алғаш рет оны «пакфонг» атымен б.з.д. VIII ғасырдан бастап Қытай зергерлері қолдана бастады. Кейіннен, XVIII ғасырдан бастап қоспа «қытай күмісі» ретінде Еуропа елдеріне де жетті. Еуропалық алхимиктер бұйымдардың әсемдігіне тәнті болып, құрамын зерттеуді бастады. Нәтижесінде, «жаңа күміс» пайда болды.

Қазіргі таңда дәл осы «жаңа күмістен» Қазақстан Ұлттық Банкі ұлы тұлғаларға, мемлекеттік маңызы бар оқиғаларға, мәдени мұраларға орайластырып ондаған монеталар шығарды. Оның қатарында, Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық, Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық, Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық және тағы да басқа елге белгілі, белді тұлғалардың құрметіне шығарылған монеталар бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына, Ұлы жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік банк монеталары жарық көрді.

Теңге айналымында миллиондаған монеталар бар. Дегенмен, әрқайсысының өз тарихы, құны мен маңызы бар. 


Ұлболсын Мұхамбетқали

Ұқсас материалдар