Қандастар Ассамблея

31 шілде – тарихи күн болуы мүмкін!

31.07.2015 2959
Бүгін Астана уақыты бойынша 15.45-те 2022 жылғы қысқы Олимпиаданың астанасы ресми түрде анықталады.

Бүгін Астана уақыты бойынша 15.45-те 2022 жылғы қысқы Олимпиаданың астанасы ресми түрде анықталады. Сондықтан, 31 шілде – қазақ тарихындағы атаулы күнге айналуы мүмкін. Алматы қаласының финалдық бәсекедегі жалғыз қарсыласы бар, ол – Пекин қаласы.

XXIV қысқы Олимпиада мен XIII қысқы Паралимпиада ойындарының астанасын анықтау үшін Халықаралық Олимпиада комитететінің отырысы Куала-Лумпур қаласында өтіп жатыр. 

Жақында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада қарсаңында Олимпиаданың талабына сай 80 пайыз дайын боламыз деп мәлімдеді. Сондай-ақ, бүгінде екі бірдей спорт сарайының салынып жатқанын, атлеттерге арналған қалашықтың құрылысы өз деңгейінде жүріп жатқанын, 2014 жылдан бері Алматының экономикасы екі есеге дейін өскенін айтты. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізетін болса, тікелей шығын 1,5 млрд. долларды, жанама шығын 4,5 млрд. долларды құрауы мүмкін. Ал, жарысты ұйымдастыру комитетінің бағамдауынша, Олимпиададан түсетін пайда көлемі 3 млрд. долларды құрайды екен. 

Халықаралық сарапшылар 2022 жылғы қысқы Олимпиада өткізуге Алматыға қарағанда Пекиннің мүмкіндігі жоғары екендігін айтады. Бұл пікірі Алматының мүмкіндігі жоқ деген сөз емес. 2011 жылғы қысқы Азиада, 2017 жылғы қысқы Универсиада өткізу мүмкіндігіне ие болған қала 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға 70 пайыз дайын болады деп есептейді. 

2018 жылғы  Қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. ХОК басшылары Қысқы Олимпиада ойындарын қатарынан екі рет Шығыс Азияда өткізуді жөн көрмейтін болса, Алматы қаласының үміті орасан.

Егер 2022 жылғы қысқы Олимпиада Алматыда өтсе, жарыстың өту шеңбері 30 шақырымды, ал Пекинде өтетін болса 200 шақырымды құрайды (жеті есе көп) екен. Ал, қардың түсу көрсеткіші Пекинге қарағанда Алматыда жоғары.

Егер, Пекин қаласының кандидатурасы өтіп жатса, жазғы және қысқы Олимпиаданы да өткізген қала ретінде тарихқа енеді.

Пекиннің Олимпиада өткізген тәжірибесі болса, Алматының қысқы Азиада және қысқы Универсиада өткізгені көмегін беруі мүмкін.

Алматы қаласы 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге алғаш болып ресми өтініш жасаған қала (2013 жылдың тамыз айының ортасында). Егер Алматы қаласының өітініші мақұлданса, Қазақстан мемлекеті посткеңестік елдер арасынан ең алғаш боп Олимпиада ойындарын өткізген елге айналады (Бұл тізімге 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Ресейді қоспағанда).


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

 

Ұқсас материалдар