Қандастар Ассамблея

28 немере мен 32 шөбере көрген ардагер

20.05.2015 4639
91 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері 6 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, 28 немере мен 32 шөберенің қызығын көріп отыр.

«Бүгінгі күн ертеңгі тарих» демекші, сонау 1941 мен 1945 жылдар аралығын тарих бетінде өшпес із болып қалатынын ешкім ойламаған еді. Өмірдің күтпеген «тосын сыйы» қаншама қайғы мен қасірет әкелді. Бірі әкесінен, бірі шешесінен айырылып, жетімдер мен жесірлер саны артты. Дұрыс құрылған жоспар мен сол заман адамдарының жеңіске деген ұмтылысы мен Отанымызды, елімізді, жерімізді, тіліміз бен дінімізді сақтап қалу үшін көрген қиыншылық пен азапқа деген төзімділіктерінің арқасында тыныштық пен бейбітшілік өмірді көріп жатырмыз.

Сұрапыл соғыста қыршын кеткен бабаларымызға мың тағзым!!! Тәуелсіздікке куә болған ардагерлеріміздің соғыс жайлы айтқан әрбір сөзін ақ қағазға түсіріп алу кез келген азаматтың борышы, өйткені оның бәрі тарихтың төрінен орын алатын, алтын әріптермен жазылатын жазба болып қала бермек. Б.Момышұлы,  Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Р.Қошқарбаевтың ерліктерін бүкіл қазақ елі ғана емес, КСРО мемлекеттері де біледі. Дәл сол кісілердей қан соғыста өз өмірлерін қыршын қиюдан қорқпаған, алайда есімдері күллі әлемге жайылуға лайықты болғанымен, таса қалған қаншама ардагеріміз бар. Соның бірі  1924 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданына қарасты Кескентоған ауылында дүниеге келген - Нұрланбеков Қашқынбек ақсақал. 91 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері 6 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, 28 немере мен 32 шөберенің қызығын көріп отыр.

Соғысқа дейін Киров атындағы колхозда әртүрлі жұмыстар істеген. 1942 жылдың қазан айында Меркі әскери бөлімінен әскерге аттанған. Қазан айының аяғында Қазан қаласында әскери дайындық курсынан өткен. Аталмыш жылдың 25-қараша күні Таллин қаласын азат етуге, ал 1943 жылы ІІ полк майданына қатысқан. 1944 жылы Берг қаласын азат етуге сүбелі үлесін қосады. Ленинград қаласын қорғауда да зор еңбек сіңірген. Дәл осы жылдың қазан айында Прибалтик майданында Литва, Латвия, Эстония қалаларын жау қолынан азат етуге қатысады. 1944 жылы Польшадан оралып, 5-атқыштар дивизиясы 260-полктың 5-ротасы, 3-батальонында Прибалтика бойындағы ішкі әскер министрлігінің қарамағында болады.

1947 жылы Таллин қаласында соғысты аяқтап, елге оралады. 1961 жылдан бастап, гидротехник болып қызмет атқарады. 1984 жылы «Құрметті колхозшы» атағымен зейнетке шығады.

Қашқынбек ата:  – Соғыс аяқталған соң оның зардабын тартқан халық, ақырындап бейбіт өмірдің дәмін тата бастады. Сұрапыл күндердің жүректе қалған жарасы да жазыла бастады, дегенмен соғыстың сол күндерін мәңгіге ұмыту әсте мүмкін емес-ау, әттең!!! 1980 жылдары «Құрметті колхозшы» атағымен марапатталған кезімде ауыл бойынша сыйлыққа алғаш рет түрлі-түсті теледидар алған жандардың бірі мен болатынмын. Қазіргі бейбіт заманның балалары үшін мұндай теледидар үйреншікті зат болса, біздің заманның адамдары үшін бұл бір таңсық дүние еді – деп еске алды ақсақал.

 

Қашқынбек ақсақал «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Георгий Жуков» медалімен, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «Германияны жеңгені үшін» атты медальмен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Еңбек ардагері» атты медальмен, «Тың жерлерді игеру» медалімен, Ұлы Отан соғысының 40, 50, 60, 70 жыл толуына орай медальдармен марапатталған. Елге сіңірген көп жылдық ерең еңбегі үшін «Құрмет грамотасымен» және Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай Меркі ауданының әкімі С. Жұмағұлов  «Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін» атты грамотамен марапаттаған. 

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отырған  ардагерлерге бізге сыйлаған бейбіт өмір үшін айтар алғысымыз шексіз.  

Құлжанбай тегі Арайлым

Ұқсас материалдар