Қандастар Ассамблея

1970 жылдары Иран қазақтарына жер беріліп, қуантқан еді.

16.10.2014 2209
Иран қазақтарының екінші рет ата мекеннің шарапатына бөленген кезі 1968 жылғы ойда жоқта болған оқиға болатын.

Иран қазақтарының екінші рет ата мекеннің шарапатына бөленген кезі 1968 жылғы ойда жоқта болған оқиға болатын. Сол жылы сол кездегі Иранның патшасы Мұхаммед Реза Пəһлевидің Кенестік Қазақстанға сапары кезінде, Алматы қаласында руспубликаның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың арнайы қонағы болғаны белгілі. Иран патшасы Димекеңнің қонақжайлылығына риза болғандықтан оны Иран еліне қонақ болып қайтуға шақырған. Бірақ Димекең біздің Иранға баруымыз екі талай, өйткені бұл мəселенің шешімі Мəскеудің қолында екенін ескертеді. Əңгіме барысында Дінмұхаммед Қонаев Иран шаһынан қазақтардың жай- күйін сұрайды. Иран патшасы күтпеген сұраққа : Қазақтар туралы ешқандай мағлұматының жоқтығын айтып, еліне оралған сəтте Иран қазақтарының жəй-күйін білуге уəде береді. Дінмұхаммед Қонаев болса Ирандағы бауырларына сəлем жолдап, патшадан оларға оң көзбен қарауын өтінеді. Иран патшасы елден орала сала қазақтардың тез арада мекен-жайын анықтауды тапсырған. Сөйтіп, Мұхаммед Реза Пəһлевидің Дінмұхаммед Қонаевпен кездесуі, оның алыста жүрген бауырларына ағалық сəлемі баспасөз беттерінде толық жарияланып, Ақсақалдарды патша сарайына шақыру хат та дер кезінде келді. Сол кездегі қазақ қауымы ақсақалдар төралқасының төрағасы Ақмолда Талиб-ол-ілім бастаған бір топ қария Теһрандағы «Ниявəран» атты патша сарай-ында оның қабылдауында болады. Патшаның ілтипатына бөлінген олар патшаны отбасымен қазақ ауылына қонақ болуға шақырады. Патшаның зайыбы Мəлике Фəрəһ қазақтардың имам Əбу-Ханифа атындағы Горган қала-сында жаңадан салынған мешітіне кіріп, иран кілемін патшаның атынан тарту етеді. Сол кілем соңғы бір-екі жылға дейін аталмыш мешіттің төрінде төсеулі тұрды. Қырық жылға жуық мешіттің ғибадат етушілеріне қызмет жасаған кілем əбден тозығы жетіп қолданыстан шықты.

Аталмыш оқиғалар қазақтарға жаңа бір серпіліс берді. Ақсақалдар қала, аймақ тіпті мемлекеттік шенеуніктердің көзіне ілініп, олардың ілтипатына бөлене бастады. Қазақтың аурушаң екі ұл-қызы қаражаттың жоқтығынан ем алуға дəрменсіз болып жүрген жерінен тегін емделуге жолдама алды. Азаматтық ала-аламай жүргендердің ісі жеделдетіліп азаматтық куəлікке қол жеткізді. Қазақтарға жер бөлінді. Қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуына жол ашылды. Бай-ауқатты отбасылар көбейді. Жоғарғы оқу орындарына түсуге жаңа бір талпыныс пайда болды. Əйтеуір, Димекенің жалынды жүрегінің лебі Иран қазақтарының мерейін аспанға көтерді.

Бұл 1970 жылдың табалдырығын аттар алдындағы елдің еңсесін көтерудегі жаңа баспалдақ еді. Горган радиосының түркімен тілінде жарияланатын бөлімінде күнде жарым сағат қазақ əндерін əуе толқынына жібере бастады. Темірбай, Емберген, Қожаназар, Қайырбай, Жаңбыр тағы басқалардың орындаған əндері сонда жазулы тұр.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар