Қандастар Ассамблея

1870-1923 жылдар. Қазақ қалай кедейленді?

05.06.2014 3697
Қазақ халқы 1731 жылдан бастап патшалық Ресейдің қол астына өтті. 1835 жылдан бастап қазақтың миллиондаған гектар шұрайлы жерлерін қоныс аударушы қарашекпендер иелене бастады.

Қазақ халқы 1731 жылдан бастап патшалық Ресейдің қол астына өтті. 1835 жылдан бастап қазақтың миллиондаған гектар шұрайлы жерлерін қоныс аударушы қарашекпендер иелене бастады. Бұл жағдайдың барлығы қазақтың дәстүрлі өмір сүру салтына, шаруашылығына кері әсерін тигізген еді. Шұрайлы, жайылымы құнарлы жерлер азаюы мал басы кеміп, халықтың әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуіне әкеп соқтырды.  

1925 жылы Советтердің Бүкілқазақстандық Y-сьезінде мал шаруашылығы жөнінде мынадай мәлімет келтірілген (әрбір шаруашылық бойынша, яғни әрбір түндікке шаққандағы мал басы):

1870 жылы – 59 бас;

1881 жылы – 29 бас;

1885 жылы – 27,9 бас;

1890 жылы – 23,3 бас;

1895 жылы – 23,3 бас;

1900 жылы – 22,2 бас;

1905 жылы – 21,2 бас;

1910 жылы – 21,2 бас;

1915 жылы – 26 бас;

1920 жылы – 14,8 бас;

1921 жылы – 9 бас;

1922 жылы – 9 бас;

1923 жылы – 10,1 бас;

Бұл деректердің тарихи-әлеуметтік себептеріне де үңілуге болады. 1870 жылдары қазақ жеріне қоныс аударушылар бірлі-жарым, некен-саяқ болды. Әр түндікке 59 мал басынан келіп, әлеуеті көңіл толарлықтай болған.

1881 жылдан бастап қазақ жеріне қоныс аударушылардың саны арта түсіп, оған коллониялық саясаттың қолдау білдіруі еліміздегі мал шаруашылығына нұқсан келтірді. Дәстүрлі шаруашылықтың әзелден бір қалыпқа түскен ырғағы бұзылды. Нәтижесінде әр шаруашылықта мал басы 29,9 көрсеткішіне дейін кеміді. Тіпті екі есеге дейін кеміп кетті десе болады.  

ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ 1910 жылдары қоныс аудару көші аздап саябырсыды, сондай-ақ, ма басының кемуі де айтарлықтай баяулады. 1910 жылы әр түндікке 21,2 мал басынан келуін осымен салыстыра қарауға болады.

1914 жылдары Германиядағы соғыстың басталуы қоныс аударушылар саны тоқтады, қайта бұрын қоныс аударғандардың біршамасы еліне қайтты. Бұл жағдай еліміздегі мал шаруашылығын қайта қалпына келтірмесе де, қайта жандануына үлесін қосқан еді. 1915 жылы әр түндікке шаққандағы мал басы 26,5 деген көрсеткішті құрады. 1910 жылдармен салыстырғанда 20 пайызға өсіп, айырмашылықтың жоғары болғанын көреміз.

1916 жылы соғысқа қажет деп қыруар мал майданға жөнелтілді. Нәтижесіне мал басы 40 пайызға дейін кеміп, әр түндікке шаққанда 14,8-ден келді. Ізін ала 1921 және 1922 жылдардың зобалаңынан әр түндіктегі мал басы 9-дан ғана болды.

1923 жылдары ауыр жағдайларға қарамастан, қоныс аударушылардың қатары тоқтағандықтан аздаған өім пайда болды. Он пайызға дейін өсім болып, әр түндікке 10,1 мал басынан келетін болды. 

Ұқсас материалдар