Қандастар Ассамблея

“Қырымның қырық батырын” айтатын көнекөз жырау

27.08.2014 2791
“Қырымның қырық батырын” айтатын көнекөз жырау

КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының орынбасары Қ.Сəтбаев пен Қазақ филиалы Тіл, əдебиет жəне тарих институтының директоры Н.Сауранбаев Қазақ КСР Халық комиссарлары советінің Төрағасы Н.Оңдасыновтың атына 1942 жылдың 12 қаңтарында хат жазып, онда Мұрын жырау Сеңгірбекұлының жырларын стенографияға түсіріп алуды өтінген. “1939 жылғы диалектологиялық экспедицияның есебі бойынша СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалына “Қырымның қырық батырын” айтатын көнекөз жыраудың есімі мағлұм болған еді. Бірақ, осы уақытқа дейін белгісіз себептермен, филиал тарапынан бұл жырларды жазып алу мақсатында ешқандай шара қолданылған емес”, деп басталады хат. Одан əрі былайша жалғасады:

“1941 жылдың қараша айының басында Қазақстан Комунистік партиясы Орталық Комитетінің секретары Бұзырбаев жолдастың мақұлдауымен СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақстанды зерттейтін қоғаммен бірлесе отырып, қазақ əдебиетінің тəжірибелі жинақтаушысы А.Хангелдин жолдасты Маңғыстауға жіберген болатын. Ондағы мақсат – аталған фактінің ақиқаттығына көз жеткізіп, мүмкін болған жағдайда жергілікті жердің өзінде-ақ сол жырларды толықтай жазып алу шараларын ұйымдастыру еді. Хангелдин жолдас Форт-Шевченко қаласында бір жарым ай болып, Алматыға оралғанда аталған жырау жайлы жəне оның жырлары хақында барынша толық мағлұматтар алып қайтты.

1. Жырау Мұрын Сеңгірбекұлы қазір 81 жаста. Ол адай руынан шыққан. Бұл күнде ол Форт-Шевченко қаласының Киров көшесіндегі №76 үйдегі күйеу баласының қолында тұрады. Ара-тұра зергерлікпен айналысады.

2. Өзінің жəне онымен замандас қариялардың сөзіне қарағанда, Мұрын Сеңгірбекұлы “Қырымның қырық батыры” туралы жырды жырлауды 18 жасында меңгерген майталман жыршы.

Ұзақ жылдар бойы ол осы жырды айта жүріп, бұрынғы Бұхара, Хиуа əмірлерінің қол астындағы Амудария мен Сырдарияның аралығын қоныс еткен елдерді, Каспий мен Қара теңіздің оңтүстік жағалауын мекендеген халықтарды аралап шығады. Өзін осы елдердің арасына танымал еткен ол есейе келе қазірге дейін жұрт ілтипатпен атайтын Мұрын жырау деген құрметті атаққа ие болады. Əйтсе де, қартая келе Мұрын жырау бұрынғы даңқынан айырыла бастайды. Ол қазіргі соңғы буын өкілдерінің арасында тіптен белгісіз. “Қырымның қырық батыры” жайлы жырдың дүниеге келуі турасында Мұрын жырау қария мынандай жайды мəлімдейді: бұл жырлардың бірінші шығарушысы – осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау. Сыпыра жырау өзінің бұл туындысын жаңа ұрпақ өкілі Абыл жырауға аманат еткен. Абыл жырау болса өзінен кейінгі Нұрым жырауға, ал ол – төртінші буынның өкілі Мұрын жырауға аманат етіп қалдырған. Одан аталған жырларды үйреніп қалған бесінші буыннан əзірге ешкім де жоқ. Көзімен көргендердің (Хангелдин, Жақыпбаев жолдастардың) айтуынша, “Қырымның қырық батыры” ерекше құнды, көлемді мəдени мұра. 

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар