Қандастар Ассамблея

“ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРЫҚ БАТЫРЫ” ЖЫРЫНЫҢ ƏДЕБИ МАҢЫЗЫ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХНАМАСЫ

27.08.2014 3356
“ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРЫҚ БАТЫРЫ” ЖЫРЫНЫҢ ƏДЕБИ МАҢЫЗЫ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХНАМАСЫ

Мұрын жырау Сеңгірбекұлының шығармашылығын зерттеудің басы 1942 жылдың 12-ші қаңтары күні Ғылым Академиясының басшысы, ғұлама ғалым Қ.И.Сəтбаев пен белгілі филолог ғалым, тілтанушы Н.Т.Сауранбаевтың Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, ғалым Н.Д.Оңдасыновқа жазған мəлімдеме хатынан басталады. Онда атақты ғалымдар 1939 жылы Маңғыстау өлкесіне экспедиция жіберу барысында əйгілі жыраумен кездесу жай-күйі туралы мəлімдейді. «Қырымның қырық батыры» жырының ел байлығы екенін ескере отырып жазылған мəлімдеме хаттан кейін, Н.Оңдасыновтың рұқсат етуімен қарт жырау Алматыға келеді.

Мұрын – Маңғыстау өлкесі, Бозашы түбегінде 1859 жылы өмірге келген. Жыраудың кіндік қаны тамған жер – Иткелді суы. “Мекенімді сұрасаң, Бозашы деген түбекте, Иткелді судың басы еді” деп басталатын жыраудың Нұрыммен кездесудегі толғау жыры бұған куə. Кейде Қоңырорпада туған деген нұсқасы да кездеседі. Байырғы тұрғындардың бекіте түсуіне қарағанда, “Иткелді” атауы бертінде “Қоңырорпаға” айналған. Бүгінгі ұрпақ Қоңырорпаға тоқтауда. Зерттеушілер, соның ішінде түбектің айтулы шежірелерінің бірі Алшын Меңдалиев Мұрынның ататегін былайша таратқан: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жарыс – Кеще (Мұрат) – Қожағұл – Құлқара – Айғыр (Алғыр) – Сеңгірбек – Мұрын (Тілеген). Ол 1954 жылы 29 тамызда дүние салды. Форт- Шевченко қаласы жанындағы Сислам ата зиратында жерленген.

Мұрынның əкесі Сеңгірбек, атасы Алғыр, тетелес ағасы Төлеген өз өмірлерін ұсталыққа, зергерлік кəсіпке арнаған. Туған əкесі Сеңгірбек Мұрынды жас кезінен қасында ұстап, ұсталық, зергерлік өнерге баулиды. Бірақ, Мұрын бала кезінен сөз, əн-күй өнеріне қатты құмар еді. Оның бұл қасиетін елден бұрын байқаған анасы Қалдыкөз (Қалдықыз) еді. Тек байқап қоймай, баласының халық қазынасы: өлең жырларға, əн-күйге, аңыз-ертегілерге қаныға түсуіне игі ықпал етеді жəне анасы да бұларды көп білетін, ырғақ-сазымен айтып отыратын. Сөйтіп, болашақ ұлы жырауға оларды үйретуден жалықпайтын. Ұлын жеті-сегіз жасынан жиын-тойларға ертіп барып жүретін. Осылардың арқасында бала Мұрын сөз өнеріне біржола беріле бастайды. Шешесі Төлегеннен соң көпке дейін балалы болмай, он жылдан кейін көрген ұлының атын Тілеген деп қойған. Мұрын жыраудың 10 жас үлкен ағасы Төлеген дəулескер домбырашы болған. Атақты Айжан қызбен домбыра тартысқан. Құрманғазымен кездескен, артына “Айжан қыз”, “Шашбауқақпай” атты та- маша күйлерін қалдырған Айжан ауылының қонысы – Жем бойы. 1868 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы шығып көтерілген бұл ел 1875 жылы Тəжікстанға қоныс аударады. Солардың ішінде Айжан қыз, Қалнияз ақынның ауылы да кетеді. Бір жағынан, жауынгер сарбаз, патшаның Дəукескен қамалын алуда көзге түскен ер, екінші жағынан, Махамбет сияқты жорық ақыны əрі сазгер Қалнияз Шопықұлының елін, жерін сағынған өлеңдері бізге кейінірек баласы Қортан жырау арқылы жетті. Қалнияздың “Жорық күйі” дейтін күйі мен Айжан қыздың “Шашбауқақпай” күйін 1986 жылы Қабиболла Сыдиықұлы Тəжікстан қазақтарына барған іссапарынан жазып алып келді. Айжан өте сұлу, кербез адам болыпты. Қыз күнінде киген сəукелесін келін болып түскен соң да тастамаған. Домбыраны көбіне таң құлан иектеніп атқан кезден бастап тартады екен. Онысын бұл уақыттағы саз тұнық шығады, əуені алысқа кетеді деп түсіндіреді. Төлеген солай Айжанмен бір жұма домбыра тартыстық, саусақ біткенде мұндай береннің енді болуы екіталай деумен өткен.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар