Қандастар Ассамблея

Құқықтық сауаттылықты арттыру жолдары қандай?

19.10.2015 5253
Мәселенің түп-төркіні азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының төмен деңгейде болуында.

Көшедегі жолдың бойына өз көлігін қойғаны үшін ешкімге ақша төлеуге міндетті емес екенін біреу білсе, біреу білмес. Көпшілік арнайы униформадағы жігіттер шауып келгенде 50-100 теңгесін ұстата салады. Мәселенің түп-төркіні азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының төмендігінде. 

Шынқуат Байжанов, заңгер: «Адамдар заңдарды білмегендіктен өзінің ісіне дұрыс қарамайтын мемлекеттік қызметкерлерге жем болып жатады. Заңды түрде тіркелудің орнына еліміздің тұрғындары тиісті адамдарға ақша беріп жаман үйретеді. Негізсіз тіркемей бірнәрсе «дәм» етіп тұрса, екі адым жерде прокуратураға барып, мынау бізді заңсыз тіркемеді деп айтса, олар амал жоқ тіркейді ғой»

Тіркеп ғана қоймай, алдына келген адамның заңды білетініне көзі жеткен соң, оған мұқият көңіл бөліп, талаптарының бәрін орындауға тырысады. Өз құқығыңды біліп, оны талап ету құқықтық сауаттылықтың тек бір бағыты. Кейде, заңды біле тұра ешнәрсе істей алмайтындай жағдай болады. Себеп – байқаусыздық.

Артық Жұмағұлқызы, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Тұтынушылар шетелге бара жатқан уақытында өздерінің құжаттарын дұрыстап қарамайды. Сол келісім-шартқа отырған уақытында туристік компаниялар шетелдік компанияның атынан қол қойдырады. Сондықтан тұтынушылар сол шетелдегі компаниямен соттасуы керек. Ал ол шетелдік компанияның қай жерден табатыны ол да белгісіз. Сондықтан тұтынушылар ақшасы қайтарылмайтын уақыттар көп болады»

Осы секілді алаяқтық фактілері күннен күнге көбейіп келеді. Құқықтық және қаржылық сауатсыздықты пайдаланған қылмыскерлер түрлі құйтырқы амалдар арқылы қарапайым халықты алдап-арбауын тоқтатар емес.

Шынқуат Байжанов, заңгер: «Біздің азаматтарымыздың оңай алдануының себебі: тез әрі оңай пайдаға кенелу, аз қимылдап көп табу»

«Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағидаға сүйеніп, құқықтық сауатты болу әр адамның өз міндеті деп құр отыра берсек, мәселе шешілмейді. Күнде өзгеріп жатқан заңдарды бақылайтындай  халықтың бәрі заңгер емес. Ендеше мәселені шешудің бір жолы – ақпараттандыру жұмыстарын күшейту болса керек.

Шынқуат Байжанов, заңгер: «Орыс тілді телеарналарда сот процесіне, тергеу жұмыстарына арналған ток-шоу, деректі фильмдер және қарапайым танымдық бағдарламалар. Мұндай телеарналық өнімдер көрерменнің құқықтық сауаттылығын сәл де болса көтеретіні белгілі. Өкінішке орай, аталмыш форматта қазақтілді бағдарламалар не мүлдем жоқ, не өте аз»

Заңгер Шынқуат Байжановтың айтып отырғаны «Суд присяжных», «Федеральная судья», «Час суда» деп аталатын бағдарламар ресейлік болғандықтан, тек қана сол елдің заңын насихаттайды, бұл бізге жарамсыз. Сондықтан дәл осындай бағдарламалар Қазақстанға қажет екені анық. Еліміздің заңнамасын насихаттау үшін бізге отандық бағдарламалар, отандық ақпараттық өнімдер қажет. Тек сонда ғана бізде құқықтық сауаттылық артып, азаматтық қоғамның алғышарттары пайда болмақ.  


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар