Қандастар Ассамблея

«Құтты білік» шығармасындағы тамұқ сөзі қандай мағына береді?!

30.06.2014 10909
Жүсіп Баласағұнның еңбегі «Құтадғу білікте» «тамұқ» сөзі «тозақ» мағынасында қолданылады

Жүсіп Баласағұнның еңбегі «Құтадғу білікте» «тамұқ» сөзі «тозақ» мағынасында қолданылады: iki ev jarattï bu χalqqa qamuγ / biri atï usmaq biriniŋ tamuγ барлық халыққа екі нәрсе жаратты / бірінің аты жұмақ, бірі тамұқ; һaram jegli ornï tamuγ ol batïγ харам болса, оның орны терең тамұқта.

Тамұқ сөзі қазіргі кейбір түркі тілдерінде осы мағыналас және, таму және тамы түрінде қолданылады. Мәселен, Алтай тілінде - тама, шор тілдерінде - тамы, кейде таамы нұсқасында айтылады, ал Осман түріктері мен ұйғыр тілдерінде таму формасында айтылғанмен, сол «тозақ, түпсіз терең шыңырау» мағынасын білдіреді.

Тамұқ сөзі тек Баласағұн шығармасында ғана кездеспейді, сондай-ақ Махмұт Қашқаридың лұғатында және кейбір көне ұйғыр, манихей жазба ескерткіштерінде таму тұлғасында осы мағынада қолданылған: Таму – тозақ; таму қапуғын ачар богатства (имущества) открывает ворота из ада; тамудақы - находящийся в аду, адский, отлуг (таму) ічінте - в очиенном аду.

 

Тамұқ сөзін алғашында көбісі араб не парсы тілінен енген деп ойлайды. Егер түрлі сөздіктер мен, ескерткіш тілдерімен таныс болған оқырман бұл ойын жоққа шығарары анық. Өйткені бұл сөз түркі халықтарының дүниетаным ерекшелігінде өте кездеседі. Мысалы башқұрт, түрікпен, ұйғыр, қарақалпақ, татар, құман, монғол тілдерінде тамук, ал шағатай осман түріктерінің тілдерінде тамуғ, ал чуваш тілінде тамаах түрінде қолданылып, екі түрлі мағына білдіреді: тозақ (ад, преисподняя) және жер асты (погреб), шыңырау (пропасть), зындан (темница), үңгір (пищера), шұңқыр, ор (яма), түрме. Түрме сөзі бұл жерде тамұқ сөзінің ауыспалы мағынасын білдіреді. Тамұұ сөзі кейде түркі тілдері мен монғол тілдерінде там түрінде кездеседі. Бірақ алдыңғы тамұқ, таму (тамы) тұлғаларына қарағанда, мұның білдіретін мағынасы біршама кеңірек. Мысалы ол қалмақ және монғол тілдерінде терең шұңқыр, ор (глубокая яма), шыңырау, тозақ, азап, (мука, мучение) мағынасын білдірсе; қазақ, қырғыз, азербайжан, түрік, ноғай, шағатай, құман тілдерінде «үй, үйшік, қабырдың үстіне салынған төбесі ашық не жайпақ жамылғы (плоская кровля), төбе, (крыша), қабырға (стена), қамал, бекініс (укрепление), қамал қабырғасы, (терраса), қорғаныш, папа, сенімді тірсе, жер үй, жер кепе, тозақ, қабат, жер қабаты (слой земли)» сияқты мәндерде жұмсалады. Там түбірінің соңғы «қабат, жер қабаты» мағынасы, біздің ойымызша жеті тамық тіркесімен, сондай-ақ түркілердің танымындағы «жеті қабат жер асты» сөз орамымен тығыз байланысты. «Жеті тамық» ұғымы жердің жеті бөлек қабатында, яғни әр қабатта бір тамық болатыны жөнінде түсінік бере алады.

 

Тамұқ сөзі діни ұғымында шайтан мен көр азабын, тозақ отын бейнелейді. Тамұқ сөзінің шайтан мен жындармен байланысын мына деректен де көруге болады. Якут тілінде мәселен адамдарды әрқилы түрде жындандыратын перінің қызын «тамык хотун» немесе «тәкәппар бейбіше» (надменная госпожа) деп атайды.

 

Демек, «Құтты білікте» ұшырасатын тамұқ сөзі «жер қабаты, жер асты әлемі, тозақ әлемі, азап» мағынасына ие. Ал, оған қосымша там – от алу, тұтану, жану мағынасын білдіретіндіктен «есім-етістік» үлгісі бойынша қалыптасқан синкреттік түбірге келіңкірейді. Тамұқ/тамық сөзі сірә синкертті осы там түбіріне -ұқ/-ық қосымшасы жалғану арқылы жасалған болу керек. Оның семантикасы қашанда «азап, қорлық» ұғымымен барып астасады. «Бұл жердегі азап ол – от азабы. Діни наным бойынша күнәһар адам осы от азабын өлген соң «о дүниеде», жер асты әлемінде көреді. Жоғарыда келтірілген дәлел-деректерге қарағанда, тамұқ сөзінің лексикалық мағынасы тек жер асты әлемімен, қинаумен, азап көрумен ғана емес, сонымен қоса ол белгілі дәрежеде «от» ұғымымен тығыз байланысты сияқты.

 

 Ғалымдардың пікірінше шығу тегі жағынан этнолингвистикалық осы тамұқ (тамық), таңба (тамга) сөздерімен «кеден» мәніндегі қазіргі таможня сөзі де түбірлес деген пікір бар. Бұл термин лексикографиялық еңбектерде жалпы мына түрде түсіндіріледі: «Учреждение, ведающие контролем над провозом товаров через границу и взиманием специальных пошлин и сборов за такой провоз». Мұның түркі текті сөз екені, яғни татарлардан ауысқаны алғаш рет И.К. Ошенконың «Иноземные элементы в русском языке» дейтін еңбегінде жазған. Сондай-ақ Н.К. Дмитриев те өзінің «О тюркских элементах русского словаря» атты зерттеуінде тамга /таңба сөзінің орыс тіліне Алтын Орда дәуірінде баж салығының және өз алдына арнайы таңбашы қызметінің етек алуына байланысты сіңе бастағанын айта келіп «такого же происхождение и слова таможня» дейді. Бұл пікірді кейін М. Фасмер біршама нақтылай түседі. Мысалы, ол таможня атауының «тамьга» сөзінен келіп шыққанын атап көрсетеді. Жоғарыда келтірілгең түрлі тіл деректерінен этнолингвистикалық тамұқ, таңба/тамға және таможня атауларының үшеуінің де айналып келгенде бір түбірден шығады және үшеуінің де семантикасында «от» ұғымы жатыр.

Түркі танымының жоғарылығын, бір сөздің астарында қаншама ұғымдар жатқанын, олардың бір-бірімен сабақтасып байланысып келетінін «тамұқ» сөзі дәлел болады.

Ұқсас материалдар