Қандастар Ассамблея

«Шабыт» XIX. Бас жүлдеге қай ақын лайық?

07.11.2016 6410
«Шабыт» жастар байқауы басталды

Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтіп жатыр. Бүгін «Үздік әдеби шығарма» аталымы (поэзия) бойынша іріктеуден өткен жүзге жуық конкурсант шығармаларын тыңдау, талдау жұмыстары басталды.

Қазылар алқасының құрамында Н. Айтұлы, Қ. Сарин, О. Тұржан сияқты  әдебиет саласындағы белгілі және танымал қайраткерлер бар.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы осы фестиваль арқылы жас таланттардың бағы жануы мүмкін деп есептейді.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қазақ халқының ең үлкен бақыты. Азаттықты, тәуелсіздікті жырламаса, ақын ақын бола ма?! Жаңа таланттар ашыла ма деп ойлап отырмыз. Қазылар алқасы шешімімен 7 қарашаға дейін жүлделі орындарды анықтаймыз», – дейді.

«Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша бақ сынағалы отырған жас ақын Шерхан Талап фестивальдің жастар шығармашылығы үшін маңызы зор екендігін айтады:

«Алматы қаласының атынан қатысып жатырмын. «Шабыт» – өлеңнің, поэзияның тойы болатын үлкен мереке. Негізі мақсат жүлде алу емес, бір-бірімізбен етене араласып, өлеңде де, өмірде де жақын араласу. Қатысушы ақынның осы  күнге дейінгі шығармашылығы, ізденісі әділ бағаланады деп ойлаймын».

Астана қаласынан қатысып жатқан конкурсанттың бірі Қымбат Бұқарбаева «Легенда о белом сайгаке» атты шығармасын оқыды. Қазақ жерін мекендеген киіктердің қырылуына алаң болған ақын қыз «қазақ пен киік егіз» дейді.

«Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Шабыт» фестивалі жас дарындарды жарыққа шығарып, олардың бойындағы өнерлерін көпшілікке насихаттап келеді. Өзім Торғай өңірінің қызымын. Торғай жеріндегі бейкүнә киіктер алдымен қырылды. Жалпы, аңыз бойынша киік пен қазақ жаны егіз ұғым. Осы бір даланың киесі болған сұлу жануарды қорғай алмасақ, адам баласы үшін кешірілмес күнә болар еді. Өз тарапымнан жан айқайымды осы өлең арқылы жеткізгім келді» дейді Қымбат Бұқарбаева.

Әдебиет, классикалық музыка, бейнелеу өнері, эстрадалық жанр, классикалық би, халық музыкасы номинациялары бойынша өткізіліп отырған фестивальға Қазақстаннан және шет елдерден мыңнан астам өнерлі жас қатысып жатыр. Лауреат  атанбаған  ақтық  айналым қатысушылары қазылар алқасының шешімімен дипломдармен және «Халықаралық фестиваль дипломанты» атағымен марапатталады.

8 қараша күні Қазақ Ұлттық өнер университетінің Ж. Жабаев атындағы залында байқау лауреаттарына сыйлықтар, дипломдар мен грамоталар табыстау салтанаты ұйымдастырылады. Осы күні кешке Бейбітшілік және келісім сарайында ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің жабылуы, Гала-концерт, Гран-При, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогын табыстау рәсімі өтеді.

Құрметті оқырман, мына сілтемеден өтіп "Шабыт" байқауына лайық ақынға өз дауысыңызды беріңіз!


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Ұқсас материалдар