Қандастар Ассамблея

«Әміре» Үшқоңыр жайлауында түсірілді

05.09.2016 3068
Қазақ киносы

«Әміре» көркем фильмінің соңғы түсірілім жұмыстары Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауында өтті.

Естеріңізде болса, 23 шілдеде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен кинопродюсер, инвестор Әлидар Өтемұратов Голливуд продюсерлері Кери Гранат, Оскар Эд Джонстармен бірігіп, «Әміре» киножобасын түсіруге кіріскен болатын.  

– «Әміре» фильмі – Қазақстан мен АҚШ бірігіп жасаған жаңа форматтағы алғашқы жобалардың бірі. Біздің мәдениетімізді, біздің Әміремізді және қасиетті қара домбырамызды бүкіл әлем таныса екен дейміз. Картинаны 2017 жылы халықаралық прокатқа шығарамыз деп жоспарлап отырмыз» дейді атқарушы продюсер Анна Чакиртова.

«Әміре» фильмі ғажайып тенор дауыстың иесі, қазақтың талантты әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жылдар) өмірін баяндайды. Дәл осы Әміре қазақтардың әншілік өнері мен қара домбырасын 1925 жылы Парижде өткен бүкіләлемдік музыка байқауында Еуропа жұртшылығына таныстырған болатын. КСРО делегаты Әміре Қашаубаев ІІ орын алып, күміс медальға ие болғанда, бүкіл қазақ қоғамы дүр сілкінген еді.

Фильмде Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз жанрының өкілі Джордж Гершвинмен танысуы және әншінің Отанына оралған соң тап болған қиындықтары туралы айтылады. Сондай-ақ, жобада Қашаубаевтың репертуарындағы  «Балқадиша», «Дударай»,  «Сұржекей», «Жалғыз арша»,  «Үш дос», «Бес қарагер», «Ағаш аяқ» и «Əй-əй бөпем» әндері орындалады.

– Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын домбыра тартуды үйрендім. Маған домбырашы Нұржан Тәжікенов көп көмектесті. Сондай-ақ, мен вокалдан дәріс алдым, – дейді басты рөлде ойнайтын Санжар Мәдиев.  

Түсірілімге белгілі британдық актер Бен Алдридж, америкалық әртіс Эбби Корниш және т.б. қатысқан.

 

АНЫҚТАМА:

Халықаралық түсірілім тобының құрамы:

Қоюшы-режиссер: Джеф Веспа (АҚШ),

Оператор: Максим Осадчий

Сценарий авторы: Бенжамин А. ван дер Вин

Басты рөлдерде: Санжар Мәдиев (Әміре) Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай), британдық актер Бен Алдридж, америкалық актриса Эбби Корниш және т.б.

Тарихи кеңесші: Әміре Қашаубаев туралы еңбектердің авторы Жарқын Шәкәрім.

Музыкалық продюсері: «The Magic of Nomads» жобасының авторы әрі жетекшісі Ғазиза Ғабдрахимова.

Қоюшы суретші: Екатерина Залетаева,

Костюм бойынша суретшілер: Әсел Шалабаева, Дайва Петрулите.

Фильмнің атқарушы продюсерлері: Әсет Кенжебаев, Анна Чакиртова.


Жансая ТӨЛЕГЕН

Суреттер «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен алынды