Қандастар Ассамблея

"Ұлы дала ойындарының" жүлдесі қомақты

25.09.2015 2757
азақ хандығының 550 жылдығына орай 8-9 қазан күндері Таразда өтетін "Ұлы дала ойындары" жарысының жүлде қоры 32 млн 300 мың теңгені құрайды.

Қазақ хандығының 550жылдығына арналған шаралардың ең үлкені Тараз қаласында өтеді. 8 қазан күні Мәңгілік ел» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Оған Қазақстан, Қытай, Моңғолия елінен ақындар қатысады. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 8-9 қазан күндері Таразда өтетін "Ұлы дала ойындары" жарысының жүлде қоры 32 млн 300 мың теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мəслихаты барысында Жамбыл облысы əкімінің орынбасары Абдалы  Нұрəлиев мəлім етті.

"Қазір Қазақстан жұртшылығының назары Тараз өңіріне ауып отыр. Себебі, қазан айының 8-9 жұлдызында Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының жалғасы болады. Сондықтан, дүбірлі тойға жан-жақты дайындалып жатырмыз. Жоспарланған шаралардың түгелдей дерлігі дайын деуге болады. Атап айтсам, "Қазақ хандығы" монументінің құрылысы аяқталды, 9 қазанда салтанатты ашылу рəсімі болады. Қазір монументтің айналасын абаттандыру жұмыстарын да аяқтап қалдық. Тараз қаласының əуежайы да жөндеуден өтті. Ал, мерекелік іс-шаралар аясында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен "Ұлы дала ойындарын" өткіземіз. Қауымдастықпен бірлесіп шараның жоспарын бекіттік, сол жоспарға сəйкес, аламан бəйге, топ бəйге, ұшқыр бəйге өтеді", - деп хабарлады А.Нұрəлиев.

"Ұлы дала ойындарын өткізуге тек демеушілер тарапынан ақша бөлінді. Яғни, əкімдік немесе мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөлінген жоқ. Осы ретте, ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қосып жатқан демеушілердің жомарттығын айта кету керек. Сонымен, жүлде қорына тоқталсам, аламан бəйгенің 1-орнына 10 млн теңге, 2-орынға 5 млн теңге, 3-орынға - 2 млн теңге, тағы жеті атқа ақшалай жүлделер беріледі. Осылайша, тек аламан бəйгенің жүлде қоры 19 млн теңгені құрап отыр. Екінші бəйге - топ бəйгеде жүйрік бес жылқыға жүлде беріледі. Топ бəйгеде 1-ші келген ат иесіне - 5 млн теңге, 2-орын алған атқа 2 млн теңге, үшінші орын алған жылқы иесіне 1 млн теңге, 4-ші орынға 500 мың теңге, бесінші келген жылқыға 300 мың теңге жүлде тігіліп отыр. Ал, ұшқыр бəйгеде бірінші келген жылқы иесіне 3 млн теңге, екінші орын иесі 1 млн теңге, 3-орын иесіне 500 мың теңге беріледі. Жалпы, "Ұлы дала ойындары" жарысының жүлде қоры 32 млн 300 мың теңгені құрайды. Тағы да баса айтқым келеді, бұл ойындарды өткізуге бюджеттен ешқандай қаржы тартылған жоқ, демеушілердің қолдауымен өткелі отыр", - деді аймақ басшысының орынбасары.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар