Қандастар Ассамблея

"Ұлы дала елі" экспедициясы сапарға аттанды

12.09.2015 5677
Ақтау қаласының мемлекеттік рәсімдер алаңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедиция басталды.

Ақтау қаласының мемлекеттік рәсімдер алаңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедиция басталды. Экспедиция 6 облыстың аудандары мен қалалары арқылы өтеді.

Экспедиция еліміздегі тарихи-мәдени жерлерді төрт бағытта жүріп өтпек. Бірінші топ – Солтүстік және Орталық өңірге бет алады (Астана қаласы - Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары, Жамбыл облысы – Мерке қаласы – ТАРАЗ қаласы). Екінші бағыт – Батыс және Оңтүстік (Ақтау қаласы, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Мерке қаласы – ТАРАЗ қаласы).Үшіншісі, Шығыс және Оңтүстік-шығыс бағыты (Павлодар қаласы - Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, Мерке қаласы – ТАРАЗ қаласы). Ал төртінші топ Алматы – Қаскелең – Қордай – Мерке – Құлан – ТАРАЗ қаласы бағытында жүріп өтеді. 

«Экспедиция құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының және Маңғыстау облысы бойынша «Нұр Отан» партиясы филиалының мүшелері, ғалымдар мен өлкетанушылар, аймақтың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, жастар кірді. Үш күн ішінде олар Қарақия, Түпқараған және Маңғыстау аудандарында болып, сирек кезесетін тарихи ескерткіштер және сәулет ғимараттары туралы ақпараттар жинайды. Өлкенің тарихи мұралары туралы жиналған материалдар бірегей күнделік-кітапқа кіреді, оны қатысушыар бүкіл бағдар бойы толтырып отырады», - деді Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Гүлжан Есмұрзина.

15 қыркүйекте «экспедиция символы» – күнделік-кітап Атырау облысының тұрғындарына тапсырылады. 



Экспедиция топтары 9 қазанда Тараз қаласында түйіседі. Осы жерде «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, экспедицияның нәтижесі бойынша қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік жарық көрмек. 

«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өте ауқымды әлеуметтік-тарихи акциялардың бірі. 

 
Экспедицияға Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысады.

Экспедиция барысында өңір халқымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты - ел бірлігі» тақырыбына кездесулер; Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбы бойынша сұхбаттар; «Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» бойынша дәріс-таныстырылымдар; экспедицияның жүру бағытындағы қалаларда, кенттерде және ауылдарда орналасқан кітапханалар мен мұражайларға кітаптар сыйға тарту көзделген «Теңдессіз сый» акциялары өткізіледі.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар