Қандастар Ассамблея

Құлпытастағы құпия сыр

22.07.2016 6841
Тарихи ескерткіштер

Еліміздің егемендік алып, мемлекетіміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі төл тарихымыздың ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша зерттелуіне соны серпіліс әкелгені баршамызға белгілі. Осы жылдар ішінде қазақ тарихын қайта таразылауда мемлекеттік деңгейде біраз іс-шара жүзеге асырылды. Түрлі бағдарламалар қабылданып, алыс-жақын шет елдердің мұрағаттарынан ұлт тарихына тікелей қатысы бар құнды жәдігерлер елге әкелінді. Ұлттық деңгейге көтерілген тұлғалар тарихын түгендеу бағытындағы тұлғатану саласында да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Осы саланы толықтыруда елімізде түрлі этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеу ізденістері жүргізілді. Соның ішінде қазақ құлпытастары да тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу нысанына айналды.

Өйткені, қазақтың сайын дала төсіндегі құлпытастар халқымыздың небір құпиясы мен тұңғиық тарихын iшiне бүгіп жатыр. Көне қорымдағы ескі құлпытастар ата-баба қабіріне қойылған тас белгі ғана емес, сырын ұғып, құпиясын аша білсек, ел мен жердің тасқа қашалып жазылған тарихы екендігіне куә боламыз. Яғни, құлпытастағы жазу мәтінін оқи алсаңыз, ол тарихтан сыр шертеді. Алайда, сол жазуды өзін сауатты санайтын кез-келген адам бүгінде оқи алмайды. Оның себебін өткен ғасырдағы кеңестік қызыл империяның қазақ әліпбиіне қатысты жүзеге асырған солақай саясатынан іздеген жөн. Өйткені әліпбидің бірнеше мәрте өзгеріске ұшырауы кейінгі ұрпақтың өткенін оқи алмайтын дәрежеге жеткізді. Ал жазу әлем тарихының қай кезеңінде болсын жоғары өркениеттің бірден-бір белгісі болып табылады. Демек, сол заманнан бізге дейін жеткен құлпытастағы жазба ескерткіштер ата-бабаларымыздың да әлемдік өркениетке өзіндік төлтума мәдениеті арқылы үлес қосқандығын көрсетеді. Зерттеушілер пікірінше, қазақ құлпытастарының түптамыры тым тереңде жатыр. Шындап келгенде, ол өз қайнар бастауын қола ғасырынан ба, жоқ әлде одан да кейінгі кезеңдерден алды ма, дөп басып айту қиын. Байырғы түрік жазба мұрасын зерттеген ғалым Ғ. Айдаров: «Құлпытастар ерте заманда түркі тайпалары қолданған балбалдардың өзгерген түрі. Балбалдарды ескерткіштер ретінде VI-VIII ғасырдағы түркі тайпалары да, оғыздар да, қарлұқтар да, қыпшақ-половцылар да кеңінен қолдан­ды. Орта Азияға мұсылман дінінің бірте-бірте еніп, кең өріс алуына байланысты жанды нәрселердің суреттерін бейнелеуге тыйым салынды. Сөйтіп, бұрынғы балбалдар орнына енді құлпытастар пай­да болды», — деп жазады.

Жалпы тас қашау өнері оның ішінде тасқа жазу түсіріп, ескерткіш ретінде қалдыру Батыс Қазақстан аймағында орта ғасырлардан бері келе жатқан дәстүр екендігі алға тартылуда. Ал араб графикасындағы эпиграфика, белгілі этнограф ғалым Серік Әжіғалидың анықтауынша, XVIII ғасырдың ортасы мен соңынан бастап кеңінен таралған. Бұл аталған өңірге ислам дәстүрінің біртіндеп енуімен байланысты болса керек. Дегенмен уақыты жағынан сол ғасырдың басына жататын эпиграфикалық қазақ құлпытастары да бар. Мәселен, «Маңғыстау» атты ұжымдық монографияда Е. Өмірбаев Жемнің төменгі ағысындағы Ақмешіт-Бекет қорымында 1723 жылмен белгіленген ескерткіштің бар еке­нін атап өтеді. Ал Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастар ішінде 1751 жылы Дәуқара батыр басына қойылған құлпытасты мерзімі жағынан алғашқылар қатарында атауға болады.

Батыс Қазақстан облысы – монументальды эпиграфикалық ескерткіштер көп таралған аймақтардың бірі. Дегенмен осы құлпытастардың барлығы ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, толық зерттелді дей алмаймыз. Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС-ның басшысы Жантас Набиоллаұлы мен «DANAkaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлының бастамасымен Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастар кешенді түрде зерттелу үстінде. Тарихымызды танып білудегі бұл игілікті бастама «Нұр Отан» партиясы, облыстық әкімдік пен облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау табуда. Өткен жылы Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарық көрген «Құлпытас сырын ашайық» жинағына Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарының аумағында орналасқан 50 құлпытас енгізілген еді. Онда құлпытастың жазу мәтіндері оқылып, қазақ тіліндегі мағынасы берілген. Оған қоса тұлғалық деңгейге көтерілген құлпытас иелерінің тарихына қысқаша анықтама, түсінік келтіріліп, оқырман қауымның тұлға туралы белгілі бір дәрежеде мағлұмат алуына мүмкіндік туғызды. Әсіресе, өлке тарихында өзіндік ізін қалдырып, XVIII-XIX ғасырлардың қоғамдық-саяси өмірде көзге түскен тұлғалар қатарында Дәуқара батыр, Бабатай би, Қойсары батыр, Есім хан, Тайлақ батыр, Есенгелді тархан, Науша батыр, Сатыбалды, Сатай батыр, т.б. ерекше атауға болады. Байұлы бірлестігіне қарайтын Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батырдың тарихы осыған дейін ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер арқылы танылып келсе, енді басына қойылған құлпытастағы жазудың алғаш рет оқылуы нәтижесінде батырдың 1751 жы­лы 64 жасында дүниеден озғаны анықталып отыр. Сол сияқты Есім хан 1797 жылы 53 жасында, Тайлақ батыр 1808 жылы 40(60) жасында, Есенгелді тархан 1834 жылы 93 жасында, Науша батыр 1849 жылы 81 жасында, Сатыбалды батыр 1857 жылы 88 жасында, Сатай батыр 1865 жылы 84 жасында фәниден озған. Аталған тұлғалар арасында Есім ханнан өзгесінің өмір сүру жасы мен қай­тыс болған уақытының төл тарихымызда тұңғыш рет анықталуы би, батырлар тарихына қосылған сүбелі үлес болатын. Оның үстіне күні бүгінге дейін облыстағы құлпытастардың жазу мәтінін тәптіштеп оқып, саралап берген зерттеулердің жоқ екендігін ескерсек, бұл жинақтың өлке тарихының өткенін анықтап, айқындаудағы маңызы айшықтала түседі. Қалай десек те, құлпытастардың құпия сырын ашқан бұл жинақ өзіндік ерекшелігімен дараланады. Осы саланың зерттеуші маманы А. Омарова Батыс Қазақстан эпиграфикалық ескерткіштерінің сыртқы пішіні ғана алуан түрлі емес, жазу стилі, мәтін мазмұны, графикалық ерекшеліктерінің де алуан түрлілігін және құлпытастардағы жазу негізінен қазақ тілінде жазылғанымен, татар тілінің әсері де басым болғандығын атап өтеді.

Сонымен облыстағы қазақ құлпытастарын зерттеудің қажеттілігі неде? Тарихи тұрғыдан маңызы қаншалықты?

Біріншіден, облыстағы қазақ құлпытастарын зерттеп, зерделеу өлке тарихын, соның ішінде тұлғалар тарихын түгендеп, толыға түсуіне зор септігін тигізеді. Себебі, аталған ескерткіштер жеке тұлғалар басына қойылатын белгі болғандықтан, оларда өлке тарихында өзіндік ізін қалдырған тұлғалардың тағдыр, тарихы түзілген.

Екіншіден, құлпытас баға жетпес шынайы дерек көзі. Өйткені ескерткіштер мәтіні қысқа да, мәліметтері соншалықты көп болмағанымен, деректік жағынан маңызы зор әрі нақты да анық дерек беруімен ерекшеленеді. Оның үс­тіне құлпытастағы жазу мәтіні түпнұсқалылығымен құнды. Яғни тасқа қашалған жазудың бүгінге еш өзгеріссіз сол қалпында жетуімен және басқа мәліметтерге қарағанда неғұрлым дәл түсінік беруімен маңызды.

Үшіншіден, кез келген құлпытас қазақтың төлқұжаты іспеттес. Онда марқұм болған тұлғаның қай рудан шыққанын анықтайтын ататегі туралы, лауазымы, қайтыс болған уақыты мен өмір сүрген жасы, ұрпақтары (баласы, немересі), ру таңбасы жөнінде мәлімет беріліп, тұлғаның өмірбаяндық ғұмырнамасынан нақты хабардар етеді. Мәселен, заманында қоғамдық-саяси қызметімен көзге түсіп, ел ісіне белсене араласып, сол арқылы аты-жөні мұрағаттық жазба құжаттарда молынан кездескенімен, нақты өмір сүрген жылдары беймәлім қаншама тұлғалар бар тарихымызда. Міне, осы бағыттағы ақтаңдақтарды тиянақтап, толықтыруда құлпытастардың рөлі өте зор.

Түйіндеп айтқанда, қазақ құлпытастарын зерттеу төл тарихымыздағы тұғырлы тұлғалар тағдырындағы түйткілдерді тарқатып, түгендеу үшін өте қажет. Облысымыздағы қорымдар мен зираттардағы құлпытастар тарихын келешекте кеңінен зерттеу ісі өлкеміздің өткенін ғылыми негізде саралаудың жаңа көкжиегін ашуға жол салатыны анық. Олай болса, құлпытас мәтіндерін оқып, зерделеу бабаларымыздың бай да баға жетпес тарихи мұраларына деген ынта-ықыласты оятып қана қоймай, өлкеміздегі тұлғалар тарихын толықтыра түсері хақ.


 Жәнібек АЛЛАЯРҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Ұқсас материалдар