Қандастар Ассамблея

"Әлем Барысы" туралы не білеміз?

17.10.2014 6306
25 қазан күні қазақ күресінен Павлодар қаласында өтетін "Әлем Барысы" халықаралық турнирі туралы қажетті ақпарат.

25 қазан күні қазақ күресінен Павлодар қаласында өтетін "Әлем Барысы" халықаралық турнирі туралы қажетті ақпарат. 

1. "Әлем Барысы" деген қандай жарыс?
2. "Әлем Барысы" қай күні, қай қалада өтеді?
3. "Әлем Барысына" кімдер қатысады?
4. "Әлем Барысының" билеттері қанша тұрады, қайда сатылады?
5. "Әлем Барысын" тікелей эфирде қай арналардан көруге болады?

"Әлем Барысы" аты айтып тұрғандай әлемдік жарыс. "Әлем Барысы" биыл тұңғыш рет өтеді және бұл жарыс дәстүрге айналады.  Биыл 25 қазан күні Павлодар қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» атты халықаралық турнир өтеді. Бұл – қазақ күресінің тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Оған әлемнің 32 елінен ең үздік балуандар келіп, өзара кім мықтыны анықтайды. Әр мемлекеттің намысын қорғау үшін сол елдің бір балуаны сынға түседі. Жарыс жоғары деңгейде, халықаралық турнир деген мәртебеге лайық болу үшін салмағы арнайы 90 келіден жоғары дүлей күш иелері келеді. Әрбір жарысқа қатысушы – өз елінің мақтанышы, бетке ұстар балуаны. 


"Әлем Барысы" халықаралық турнирі 25 қазан күні Павлодар қаласындағы "Астана" мұз сарайында өтеді. 


«Әлем Барысы» халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын кілем иелері ретінде 4 балуанымыз қорғайтын болады. Әзірге ел намысын қорғайтын үздік алты балуанымызды таңдап алдық. «Қазақстан Барысының» төрт маусымында жеңімпаз атанған Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ыстыбаев (2012), Айбек Нұғымаров (2013), Мұхит Тұрсынов (2014) және жүлдегерлер қатарында 2014 жылы финалда өнер көрсеткен Асыл Бәрменов пен қола жүлдегер Руслан Әбдіразақов бар. Қазір аты аталған балуандар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, «Әлем Барысына» жанын салып дайындық жүргізіп жатыр. Жарыс жақындаған сәтте осы алты балуанның ішінен бабы келіскен төртеуін таңдап алатын боламыз.  Ал, өз балуандарымыздан бөлек 32 елден менмін деген 32 балуан келеді. 


Павлодар қаласында 25 қазанда өтетін "Әлем Барысы" халықаралық турнирінің билеттері дәл қазір сатылымда. Билеттің құны – 5 000, 10000, 15 000 теңгені құрайды.  Билетті Павлодар қаласындағы «Астана» мұз сарайының кассасынан ала аласыздар. Ал, қосымша сұрақтарыңыз болса 8 (7182) 61-94-00 және 8 701 100 43 44 анықтамалық телефонына хабарласып, барлық сұрақтарыңызға жауап алуға болады.  Билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылады. Жүлдеге Nissan Almera автокөлігі тігіліп отыр.


Көрермендер "Әлем Барысын" елімізде Қазақстан ұлттық арнасы мен "ҚазСпорт" арналарынан тікелей тамашалай алады. Сондай-ақ, бұл жарысты ресейлік «Боец» және түркиялық «ТРТ» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ұқсас материалдар