Қандастар Ассамблея

Құлеке батыр туралы деректер

03.09.2014 2771
Құлекенiң есiмi соңғы рет 1765 жылдың қаңтарында жазылған «Сыртқы iстер алқасының қазақтарға астық сату жөнiндегi жұмысының көшiрмесiнде» аталады.

Құлекенiң есiмi соңғы рет 1765 жылдың қаңтарында жазылған «Сыртқы iстер алқасының қазақтарға астық сату жөнiндегi жұмысының көшiрмесiнде» аталады. Бұдан кейiн ресми документтерде Құлеке туралы ешбiр дерек жоқ.

Құлеке батырдың ата­бабалары бұрын Сыр бойында тұрса керек. «Ақтабан шұбырынды…» кезiнде халық босып көшкенде олар да көшiп, осы күнгi Ақмола облысына қарасты Азат станциясының маңына орналасыпты. Құлекенiң атақты ұлы Тiлеуке (Шал ақын) сонда 1748 жылы дүниеге келген. Болашақ ақын ес бiлiп, ержетiп қалған шағында Бәйiмбет, Құдайбердi тайпалары Есiл бойына қоныс аударады. Бұл жердi мекендеген естектермен соғыста Құлекенiң ағасы Тiлеке қаза табады.  Алайда,  осында  көшiп  келген  қазақтар  өздерiнiң басшысы Құлеке батырдың қайраты арқасында естектердi Есiлден ығыстырып шығарады. Естектердiң Шуда, Бағанаты, Сарыбұлақ есiмдi үш батырын Құлекенiң жекпе­жекте өлтiргенi туралы тараған аңызды осы күнге дейiн көнекөз қариялар айтып отырады. Ал елiмiздiң белгiлi халық ақыны Ахметжан Нұртазин былай жырлаған:

 

Сарыбұлақ, Шуда менен Бағанаты,

Естектiң батыры екен шыққан аты.

Соғысып, сойылдасып берiлместен,

Белдеуден босамапты байлаулы аты.

 

Тiлеке сол ұрыста қаза тапты,

Құлеке ашуменен ерттедi атты.

Өлтiрiп Бағанаты, Сарыбұлақты

Ағасы Тiлекенiң кегiн апты.

 

Бұл оқиғаның дәл қай жылы болғаны белгiсiз. Ахаңның шамалауынша, бұл 1750­1760 жылдардың шамасы, өйткенi

«Ақтабан  шұбырындыдан»  кейiн  Бәйiмбет  тайпасы  Көкшетау маңында 25 жылдай  тұрған екен. Содан  соң Есiлге келiптi. Бұл есеп шындыққа келедi. Орыс үкiметiнiң ресми документтерiнен Құлеке батырдың ауылы 1761 жылы Есiл бойында көшiп жүргенiн бiлемiз. Алайда Құлекелердiң бұл жердi нақты қашаннан берi иемденгенiн дөп басып айту қиын. Құлеке қайтыс болғасын Есiл өзенiнің жағасындағы Аютас деген жерге қойылады. Ол өзi дүние салар алдында денесiн Түркiстанға,   ханның,   әулие­әмбиелердiң   қасына   апарып жерлеудi  өсиет  еткен  көрiнедi.  Соңынан  сонау  алыстағы Түркiстанға Бетпақдаланы басып өтiп, жылқы терiсiне оралған мәйiттi бiрнеше салт атпен айшылық жол жүрiп, атақты Қожа Ахмет  Иассауи  кесенесiне  апарып,  жер­ананың  құшағына тапсырған баласы Тiлеуке (Шал ақын) екен. Сөйтiп, ол әке өсиетiн  бұлжытпай  орындап,  перзенттiк  борышын  риясыз атқарыпты.  Оның  бейiтiнiң  басында  ескерткiш  құлпытасы осы күнге дейiн сақталыпты. Ол туралы Құлеке батырдың жетiншi ұрпағы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигi Аманжол Қошанов ана бiр жылдары әкесi Қошан марқұммен арнайы барып, Түркiстандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесiндегi Құлеке бабасының қабiрiнiң басына зиярат жасап қайтқандарын айтқан болатын.

Ұқсас материалдар