Қандастар Ассамблея

«Қазақстан – менің екінші Отаным»

02.02.2015 3436
«Қазақстан – менің екінші Отаным»

Тәжікстанның халық ақыны Мумин Қонаат: «Тәжік пен қазақ халқының ғасырлар бойғы өзара ізгі қарым-қатынасына зиялы қауымның достығы үлкен рөл атқарып отырды. 1957 жылы маусым айында Мұхтар Әуезовпен кездесудің бақытына ие болдым. Сол жылы ұлы ақын Тоголок Мулдоның 250 жылдық мерейтойы өтті. Қонақтар Қырғызстан Министрлер үйінің резиденциясында жатты. Көне тәжік әдебиетін атақ та, даңқым да жоқ жас ақын мен басқардым. Менімен бірге әдебиеттанушы Р. Хадизаде болды. Ол менен жас жағынан да ой жағынан да үлкен еді. Мұхтар Омарханұлы бірінші күні-ақ өзінің столына шақырды. Шай үстінде ол біздерге: «Менің тәжіктерім, маған Хафиз Хилалидің газалдарынан мені бақытқа кенелтетін сый тартыңдаршы» деді. Шамамыз келгенше біздер оның өтінішін орындадық. Мен қызыға оның жүзіне назар аударғанда байқағаным: айдың бетіндей албыртып, нұрлы сәуле шашып, байыпты отырды. Ол өзінің биігіне талмай еңбек етіп жетті. Оның парасатты, ақылды жүзі ылғи да менің көз алдымда тұрады. Оның жүзі қазақ халқының образы еді».        

«Жеті жарғы» баспасының құрылтайшысы әрі кеңесшісі Дилбар Дадохановна Түркбенбаевна: «Қазақстан – менің екінші Отаным. Мұнда мен өмірімнің көп бөлігін өткіздім. Балаларым осында туып-өсіп ер жетті. Сонау бір ерте кезде есімде қалған, мен үшін ерекше жарқын естелікті сіздермен бөліссем деп отырмын.

...Бұл осыдан 20 жылдай бұрын болған еді. Сол жылы шешем қатты ауырып қалған соң мен өзімнің туған елім Гиссар ауданына бардым. Тәжікстан өзінің мерекелі 60 жылдығын тойлап жатқан кез. Әкем екеуміз шешемді Гиссардан Душанбенің ауруханасына әкелдік. Әкем екеуміз мерекелі кештің киноконцерт залынан тікелей жүргізілген хабардан көріп отырдық. Шақырылған арнайы қонақтарды қошаметпен Президиумға шақырды. Олардың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Мәскеуден келгендер бар. Бір кезде экранға таныс жүз Нұрсұлтан Назарбаев алынды. Ол кісінің Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде жүрген кезі. Осы кезде менің аузымнан «Біздікі» деген сөз еріксіз шығып кетті.

Нұрсұлтан Әбішұлын тыңдап отырып, алыста болса жақын туған Тәжікстанымдай Қазақстаным ыстық болып көрінді. Шығыс елінің тәрбиесінен бе екен өзімнің ішкі сезімімді сыртқа шығара алмасам да бүкіл жүрегім мен көңілім ерекше бір күйге еніп кетті. Мені Н.Назарбаевтың әр сөзі тебірентіп жіберді. Барлық шығып сөйлегендер «Қымбатты жолдастар» немесе «Қымбатты жолдастар, достар» деп сөз бастаса, тек қана Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзін «Қымбатты тәжік бауырластар мен қарындастар» деп бастады. Міне, оның бұл сөзі осы уақытқа дейін көзіме жас ұялатады, жүрегімді елжіретеді. Оның мына сөздері: «Өрікке тұнған Ленинабад», «Көгілдір Памир таулары», «Аппақ қар сықылды мақталы алқаптары» деген сөздері естен кетпейді. Нұрсұлтан Әбішұлы басқа шығып сөйлегендерге қарағанда Тәжікстанның мәдени-рухани дамуына ерекше терең тоқталды. Маған осы кезде Қазақстан Республикасына деген зор мақтаныш пайда болды».

 Журналист Саломат Назарова: «Біздер әртүрлі себептермен әр кезеңдерде Қазақстанға келіп, тұрып жатырмыз. Бұл жер біздерге ең сүйікті туған жеріміздей болды. Біздің балаларымыз ержетіп өсті. Оларға Отан деген түсінік, ата-ананың үйі, осы жермен байланысты. Біздің көбіміз қазақ тілін меңгеріп алдық. Халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін өмірдің бір салты ретінде қабылдадық. Қазақтың көне жырларын, музыкасын біліп қанықтық. Ұлттық тағамды дайындауды үйрендік. Біздерге мұның бәрін үйрену, білу қиынға түспеді. Себебі біздің халықтарымыздың мәдени жағынан ортақтығы бар. Біз бұл жерді қатты сүйіп, құрметтейміз. Бұл жерде барлығы да өзіміз сияқты. Кейде бір жерден тәжік әуенін естіп қалсақ немесе журналдардан өзімізге таныс суретті көріп қалсақ жүрегіміз қобалжып, көңіліміз бір түрлі болып қалады».


Дайындаған: Ануар Жұмабаев

Ұқсас материалдар