Қандастар Ассамблея

«Қазақ философиясының тарихы» атты еңбек жарық көрді

21.04.2015 2868
Бүгін Алматыда өткен ғылыми форум барысында «Қазақ философиясының тарихы» атты кітаптың алғашқы 1-2 томдығының тұсауы кесілді.

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында біршама дүниелер жасалынып жатыр. Соның бірі – «Қазақ философиясының тарихы» атты еңбек.

Алматыда өткен ғылыми форум барысында «Қазақ философиясының тарихы» атты кітаптың алғашқы 1-2 томдығының тұсауы кесілді.

 ҚР Білім және ғылыми министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты ғалымдарының бұл еңбегі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. 

Кітаптың бірінші томы «Қазақ философиясының қалыптасуы: ежелгі түркілік дәуір», екіншісі «XV-XIX ғасырлардағы қазақ философиясының тарихи сипаттамасы» деп аталады.

«Моральдық құндылықтар – ең негізгі философиялық көзқарастың түп-тамыры, іргетасы екенін біз анықтап көрсетіп бердік. Сонау әл-Фараби философиясы, Қорқыт философиясы, одан бергі мынау қазақ жыраулары, ақындары, би-шешендері - бәрі топтастырылып, осы екі томда көрсетілген. Негізгі ой – тек қана мақтай беру емес, оның ішіндегі мынау қайшылықты кезеңдер қандай, адамды неге сондай ойға жетеледі, міне соларды ашып беруге тырыстық», – деді өз сөзінде философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов.

Ол сонымен қатар, қазір үшінші, төртінші және бесінші томдарға қажетті материалдарды жинау, топтастыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

«Бұлар Абай, Шәкәрім одан кейінгі қазақ зиялыларын қамтиды. Бұдан соң кешегі кеңестік дәуірдегі кәсіби философиямызды талдап береміз. Содан кейін тәуелсіздік кезеңіне ауысамыз. Бұл жерде қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі жинақтаған даналық сөздері қандай, халқымызға қандай құндылық ұсынуға болады, студент жастар нені алып, нені оқи алады, халықтық философия қандай? Міне соларға жауап беруге тырысамыз», – деді С. Нұрмұратов.

Сонымен қатар, ғылыми форумға қатысушылар қазақ рухани әлеміне қатысты соңғы жылдары институт мамандарының жеке және ұжымдық монографиялар түрінде жариялаған еңбектерінің топтамасымен, кәсіби мамандар дайындаған «Философия және саясаттану» саласы бойынша терминологиялық сөздікпен танысты.

«Дөңгелек үстелде» қазақ философиясының тарихын зерттеудің ғылыми әдістемесі, қазақ болмысын зерттеуде қол жеткізілген ең маңызды нәтижелер, оның келешегі сияқты көкейтестілігі зор мәселелер бойынша еліміздің белгілі философтары, мәдениеттанушылары және гуманитарлық салалардың жас ғалымдары өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Ұқсас материалдар