Қандастар Ассамблея

"Қазақ елі" телесериалы желтоқсанда көрсетіле бастайды

03.09.2015 2648
Қазақ хандығы туралы түсіріліп жатқан "Қазақ елі" фильмнің алғашқы сериялары желтоқсанда көрерменге жол тартады.

Қазақ хандығы туралы түсіріліп жатқан "Қазақ елі" фильмнің алғашқы сериялары желтоқсанда көрерменге жол тартады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

«Өздеріңіз білесіздер, кино өндірісі өте күрделі. Оның дайындық, түсіру мерзімдері бар. Біздің үлкен жобамыз, яғни Қазақ хандығы туралы сериал дайындық мерзімінен өтіп, бүгінде кино өндіріске түсірілімдер басталып жатыр. Сондықтан қаражат шегінде жоспарланған шаралар бойынша жұмыстар жүруде. Желтоқсанға қарай бірінші серияларды көреміз деген үміттеміз», – дейді Ақтоты Райымқұлова.

«Қазақ Елі» туындысының режиссері - Рүстем Әбдiрашев. Сондай-ақ, департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова «Қазақ хандығының мерейтойы екі кезеңде өтеді: біріншісі – Астанада, ал екіншісі – Таразда. Астанадағы салтанатты шаралар 11 қыркүйекте ұйымдастырылады», деп хабарлады.

Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойындағы жарқын оқиғалардың бірі - «Мәңгілік Ел» театрландырылған қойылымы болмақ. 

11 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді.

Ал түстен кейін Назарбаев Университетінде «Мәңгілік Ел» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ. Оған мыңнан астам отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық сарапшылар, депутаттар мен ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Сол күні кешқұрым «Барыс» мұз сарайында театрландырылған ауқымды мерекелік қойылым өтеді.

Белгілі болғандай 9 қазанда Таразда жалғасатын екінші кезең аясында «Қазақ хандығына 550» монументін салтанатты түрде ашу, «Көне Тараз» мұражайының ашылуы, сондай-ақ бірқатар мәдени шаралар қамтылып отыр.

Өз кезегінде Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов елордада өтетін бағдарламаға сәнді қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің көрмесі, еліміздің үздік шығармашылық ұжымдарының концерттері кіретіндігін атап өтті.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы мәдени шаралардың негізгілерінің бірі республика аймақтарының қатысуымен «Қазақ елі» монументі маңындағы алаңда өтетін этно-ауыл мен бұқаралық серуен болып табылады. «Қазақ Елі» монументі алаңы үш күнге елорда тұрғындары мен қала қонақтары тамашалай алатын үлкен этно-ауылға айналады. Алаңда елу киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, алтыбақандар, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылады», – деді басқарма басшысы.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар