Қандастар Ассамблея

"Қазақ елі" мультфильмі халықаралық байқауда бағын сынайды

12.10.2015 8596
"Қазақ елі" атты толықметражды туындыда елдің тарихы, Керей мен Жәнібектің балалық шағы, ондағы хандардың билік құрған дәуірі көрініс таппақ.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша оңтүстікқазақстандық «Сақ» киностудиясы Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандарға арналған «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсіріп жатыр деп хабарлаған болатынбыз. "Қазақ елі" атты толықметражды туындыда елдің тарихы, Керей мен Жәнібектің балалық шағы, ондағы хандардың билік құрған дәуірі көрініс таппақ.

Ендігі ретте «Сақ» киностудиясы түсіріп жатқан «Қазақ елі» туындысы халықаралық байқауға ұсынылып, бағын сынап көрмек.

Барақ ханның бейнесін, оның ханға тән қырағылығы мен тұлғасын, елі үшін еткен еңбегін аниматор Жанәділ Байдарбеков суреттеп жатыр. Маманның сөзіне сенсек, алып кейіпкердің әрбір секундық қимылын жасау үшін кемінде 25 сурет салынады.

«Ханның әрбір қимылын қағазға, компьютерде салмас бұрын оның  образына енеміз, соның қылықтарын жасап көреміз. Рөлді өзіміз ойнап шығамыз. Актер болып, соны жасай отырып, кейіпкерге жан бітіреміз», – дейді аниматор Жанәділ Байдарбеков.

Туындының режиссері Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, оқиғалар көпшілікке жаңа жүйе бойынша ұсынылады. «Мультфильмде біз табиғаттың көрінісін 3D форматы арқылы көрсетіп, қолмен салынған суретпен қосып, қолданып жатырмыз. Мұндай жаңалық Қазақстанда әлі күнге болмаған. Ресейде де қолданылмаған. Бірақ біз қазір осыны қолдан келгенше кәсіби түрде жасап жатырмыз», дейді режиссер.

«Қазақ елі» толықметражды мультихикаясының дайындалуы осыдан 9 ай бұрын басталған. Ол үшін бүгінде 50-ден астам маман күндіз-түні ауысыммен «Сақ» киностудиясында қызмет етуде.

Айта өтейік, 1 сағаттық мультхикикая жасау жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, тәуелсіздік күнінде тұсауы кесіледі деп күтілуде. Одан соң «Қазақ елі» толықметражды туындысы халықаралық байқауға ұсынылады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жыл соңында «Қазақ елі» атты көпсериялы картина көрерменге жол тартады. Асылхан Темірханның айтуынша, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек туралы толықметражды анимациялық фильмнің премьерасы осы жылдың 16 желтоқсан күні Астана қаласында өтпек. Аталған фильмнің режиссеры «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков.

Еске салайық, фильмге арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев (МузАрт тобы) сынды кәсіби әншілермен қатар Нұржан Төлендиев («Алдараспан» театры), Берік Тұрсынбековтей («Шымкент-шоу» театры) елге әзілімен танылған азаматтар орындайды.


 Әзірлеген: Досжан Мейірім

Суреттер otyrar.kz сайтынан алынды.

Ұқсас материалдар