Қандастар Ассамблея

"Қазақ елі" көпсериялы киножобасының 40 пайызы түсіріліп болды

10.11.2015 7044
"Қазақ елі" көпсериялы киножобасының 40 пайызы түсіріліп болды

Биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтіліп жатқан заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің (1915-1983) «Көшпенділер» трилогиясындағы "Алмас қылыш" романының негізінде "Қазақ елі" атты сериал түсіріліп жатыр. Киножобаның бірінші 10 сериясы Қазақ хандығының құрылу кезеңі туралы алғашқы маусымда көрсетілмек.

"Қазақ елі" көпсериялық фильмі 1465 жылы қазақ мемлекетінің құрылу кезеңін, Жәнібек пен Керейдің, олардың балалары Қасым мен Бұрындықтың билік еткен кезеңін қамтиды. Режиссер Рүстем Әбдрашевтің айтуынша, қазіргі уақытта материалдың 40 пайызы түсірілді, монтажы қатар жасалып жатыр.

Эпикалық шайқастар мен майдан алаңдарындағы соғыс көріністері түсіріліп, компьютерлік графика мен арнайы эффектілі амалдар жасалуда. 2015 жылдың желтоқсан айында телесериалдың премьерасын көрсету жоспарланып отыр.

Картинада басты рольдерде Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепберген (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым), Бекболат Тілеухан (Қазтуған), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мадина Ысманова (Жәнібектің әйелі) ойнайды. Сериалға қазақстандық әртістер ғана түспейді, сонымен қатар, Хакасия, Монғолия, Өзбекстанның актерлері де тартылады. Ал трюктерді танымал каскадер Жайдарбек Күнғожиновтың командасы жасайды.

Ашық далада Керей мен Жәнібектің көштегі сәті түсірілді. Көш кезінің түсіріліміне 200-ден аса адам, 150 жылқы және 10 түйе қатыстырылған. Режиссер Рүстем Әбдрашевтің картинасының түсірілім жұмыстары ресми түрде 7 қыркүйекте Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының территориясында басталған болатын. Команда "Қазақфильм" территориясындағы киіз үйлер мен сарайлардағы түсірілімдерді аяқтады. Ал 15 қарашада түсірілім тобы Қапшағайға аттанады. 

"Қазақ елі" фильмінің түсіріліміне мемлекеттік бюджеттен шамамен бір миллиард теңгенің бөлінгені белгілі. Сонымен қатар, жобаны меценаттар қолдап отыр, олар 100 миллион теңге шамасында қаражат жинаған. 

"Тарихи картинаны жасау оңай емес, қазір әлемдік дағдарыстың кезі. Мұның бәрі әсер етті. Кешіктік, қиындықтар болды. Барлығымыз жұмылып, мақсатты орындағымыз келеді. Үлкен түсірілім тобымыз бұл істі махаббатпен, патриоттық сезіммен істеп жатыр. Біз қыруар қаржы таппаймыз. Алайда әр кадрдың кәсіби болып шығуы үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Осы ірі жобаның бөлшегі болғаныма қуаныштымын", – дейді режиссері Рүстем Әбдрашев.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Суреттер qazaqeli550.kz сайтынан алынды

Ұқсас материалдар