Қандастар Ассамблея

«Қазақ қызы» қыздар институты

19.11.2015 7140
«Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институты

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен БАҚ журналистері арасында пресс-тур өтті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы Астана қаласында кәсіптерін ашқан бірнеше нысанды аралады. Делегация ат басын тіреген бірінші нысан – «Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институты болды.

Инабатты қазақ қыздарын тәрбиелейтін орталық мамандарының айтуынша, білім ошағын ашудағы мақсат – қыз балаларға демократиялық және  әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыған, өзіндік ұлттық және  мәдени санаға ие Қазақстанның өкілдері ретінде қазақтың  және Еуропаның  үздік  қоғамдық-адамгершілік дәстүрлері негізінде тәрбие беру.

«Қазақ қызы» ҚБ президенті, институт жобасының авторы Қарақат Абден.

Қарақат ханымның айтуынша, қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ежелден үлкен көңіл бөлген.

– Қазіргі таңда баласын тастап кету, ата-анасының бас тарту, ажырасу секілді қазаққа жат қылықтар пайда болды, – дейді жоба авторы. – Екінші жағынан, мәдениет мәселесі бар. Мәдени жағынан ақсап жатамыз, қазақ қыздарының өзіне тән имиджі болса. Қазақ арулары ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан  салт-дәстүрлерді жақсы білуі керек. Әдемліктің сыры, жан сұлулығына көңіл бөлу керек. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. «Ана» деген ұлы ұғым. Міне сол себепті, институтымызда инабатты қыз балаға керекті қасиеттерді бойларына сіңіруге тырысамыз.

«Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институтының жұмыс істеп жатқанына  2 жыл болды. Осы уақыт аралығында білім ошағында 120-ға жуық қыз балалар тәлім алса, биыл алпыстан астам қыздар оқып жүр.

Әр жастағы топ (8-9, 10-12, 13-15, 16-17 жас) белгілі бір модульдік бағытта сабақ оқиды. Сабақ аптасына 3 рет өтеді. Оқу ақысы 25 мыңнан басталады.

Мәдени-инабаттылық қыздар институтының оқу-тәрбие бағдарламасына оқу материалдарын ұйымдастырудың модульдік қағидаты негіз болып отыр. Модульдер міндетті және қосымша сабақ болып бөлінеді. Бағдарлама барлығы 12 модульден және 45 пәннен тұрады. 1 тоқсанда 5-8 модуль бойынша сабақ өтеді.

Институт мамандары берген мәліметке сүйенсек, аптасына бір рет барлық жастағы топтарға арналып танымал қайраткерлердің қатысуымен дәріс сабағы, шығармашылық кездесу, қайырымдылық шара, тақырыптық кеш секілді ортақ сабақтар ұйымдастырылады. Әр айдың соңында кешенді шығармашылық емтихан тапсырылады, сондай-ақ толық циклдің соңында қыздарға сертификат беріледі.

Институтта еуропалық үй тұрмысы мәдениеті, ас басы, отбасы жүйелерінің қыр-сырлары, озық үлгілері таныстырылады. Мұнда  аспаздыққа, қолөнерге, билеуге, үстел мәзірін жасауды үйрететін курстар қамтылған.

Институт алғаш ашылғанда Мәжіліс депутаттары, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зағипа Балиева тұсауын кескен еді.  

Атап өту керек, «Қазақ қызы» жобасы «Қазақстан-2050» стратегиясының қазақ мәдениеті мен  дәстүрлі инабаттық нормалар мен ұстанымдарды, әдет- ғұрып пен отбасылық дәстүрлерді жаңғырту бөлімін  насихаттауға бағытталған.

Алғаш осындай институт ашу туралы идеяны қолдап, қаржылай несиелендіру бағдарламасын жүзеге асырған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болды.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар