Қандастар Ассамблея

"Қалың мал" туралы бүгінгі түсінігіміз қандай?

04.11.2014 14124
Мәдениетке ұмтылудың кепілі ескіні жоққа шығару емес, ескіні шыңдау болса керек еді. Қазақтың ең мазмұнды дәстүрі қыз ұзату, келін түсіру және өлік жөнелту арқылы көрінеді.

Бүгінде "қалың мал" рәсімі туралы әртүрлі пікір қалыптасты. Біреу дәстүрдің озығы десе, бірі тозығы деп жүр. Осыған байланысты белгілі жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің 1989 жылы жазылған жазбасын ұсынып отырмыз. Мақала өзектілігі әлі де күшін жоймады деген себеппен танымдық дүниелерді де жариялауды жөн көрдік.

Адам өмірін мағыналы ететін салт-дәстүрдің бәріне қамқорлықпен қарауға тиіспіз. Сол салт-дәстүріміздің бір ғажабы, сұлуы, адам өміріне мән-мазмұн дарытатыны «қалың мал» рәсімі еді.

Бұл осы күнгі түсінігіміздей «қалыңдық сатып алу» дегенге мүлде сай келмейді. Біріншіден, қай ата-ана өзінің ішінен шыққан перзентін малға сатпақ! Бұл қазақ психологиясына мүлде жат жала болатын. Ал егер көшпелі өмір салттағы рулық біртұтастықты, намыс ортақтығын елестетсек, онда «қызын малға сату» деген ұғымның мүлде дәйексіздігі айқындала түседі. Екіншіден «қалың мал» деген сөздің дәстүрлі болмысымен шендес этимологиясына мән беру керек. «Қалыңдықтың малы» – яғни, үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылу үшін «қалың мал» жорасынан басқа қандай кісілікті, қызықты үлгіні ұсынуға болар еді! Салт-дәстүр, жөн-жаралғы  үлгісінде өтетін қалыңмал дәстүрлі құдалар арасындағы таза саудаға құрылатын меркантилді пиғылды мүлде ығыстырып, ұлттың мәдени-рухани дәстүріне айналған. Сондықтан да халық даналығы: «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды!» дейді. Яғни, негізгі мақсат салт-дәстүр, ата-баба рәсімі дегенді бәрінен жоғары қою болғанын аңғартады.

Не нәрсе нәтижесімен өлшенбек. Қазақтың қалың мал дәстүрі бас құраған екі жасты бірден ел қатарына қосып, үй етеді екен. Көп ретте қыз алып, қалың мал берген жаққа қарағанда, қыз берген жақ көбірек материалдық шығынға ұшырайды. Ол шығынның басым бөлшегі қыздың жасауына жұмсалады. Қыз беруші жақтың көбірек шығындалуы таза пендешілік психология тұрғысынан да түсінікті. Себебі, қыз алған жақ көп қиналмайды, адамына адам, басына бас қосылып отыр. Сонсоң да келер қызға (болашақ келініне) қалың малды тартына береді. Ал қыз берген үй, яғни мәпелеп өсірген қызғалдақтай қызын ұзатқан үй одан ештеңесін аямаған. Тіптен, қыздың жасауы сол қыз шыр етіп дүниеге келген күннен бастап әзірленетін болған. Іштен шыққан перзентінің мәңгілікке бауырынан бөлектенуі ата-анасы үшін психологиялық тұрғыда ауырлығы өз алдына, әсіресе қызының жат жұртқа барғанда бірден ел қатарлы болып кетуі ең негізгі мақсат-мұраты болған. Сондықтан да «қалың мал» жаңа семьяны ел қатарына қосудың ғасырлар сынынан өткен сұлу рәсіміне айналған.

Біз осы рәсімнен қол үзу арқылы қазақ халқының жас шаңырағын бейнет пен қиындық құрсауында қалдырдық. Өмір тәжірибесі аз бүгінгі жастар дүрілдетіп ресторанда той өткізгеннен кейін азапты жылдарын бастайды. Олар ас ішетін аяқтан бастап, бастарындағы баспанаға дейінгі қажеттіліктеріне қол жеткізу үшін өмірдің азапты жолдарынан өтеді. Қаншама жастар сол қиындыққа шыдамай ажырасып жатыр.  Қаншама жастар құдандалық рәсімнің тыйылуына байланысты бір-бірімен ұшыраса алмай салт жүр.

Мәселе, әрі-беріден соң «қалыңмал» деген атауда да емес. Қалай аталса олай аталсын, үй болып бас құраған екі жасты бақытты ететін ғажайып дәстүріміздің аяқасты болғаны қынжылтады.

Мәдениетке ұмтылудың кепілі ескіні жоққа шығару емес, ескіні шыңдау болса керек еді. Қазақтың ең мазмұнды дәстүрі қыз ұзату, келін түсіру және өлік жөнелту арқылы көрінеді. Біздің барша рухани төлтума мәдениетіміз осы үш науқан үстінде бүткіл болмысымен жария болады.

Тек қана жігіттің қызды алып қайтар шағындағы рәсімді көктей шолып көрелік: хабаршының кәдесімен жетуі, яғни күйеу баланың келе жатқанын білдіруі; күйеу баланың «ауыл айыбын» көлденең тартуы: жеңгелердің «ентікпе» алуы; «тойға сояр», «үйге кірер», «өлі-тірі», «отқа құяр» сияқты рәсімдердің жасалуы т.б.

Мұның бәрі атан түйе бастаған «үлкен тоғыз», жібек шапан бастаған «кіші тоғыз» түрінде ауыл-үйді риза етіп, мәре-сәре күйге бөлеп жатады.

«Үлкен тоғыз» күйеудің ауылға келу айыбы ретінде болса, «кіші тоғыз» күйеу мен қалыңдықты табыстырар, оңаша отауға кіргізер, сонан соң небір көңілді думаннан кейін екі жасты оңаша қалдырар жағдайға байланысты болады. Бұл рәсімнің сақталуына мұрындық болып, басы-қасында жүретіндер – қыздың жеңгелері. Олардың күйеуге қадам аттаған атап-атап алым-салық алып, осынау киелі қадамды қызықты дәстүрге айналдыруы, түптеп келгенде қалыңдықты бұлдауға саяды. Қалыңдықты марапаттап, оның қоғамдағы орнын киелі деңгейге көтеруге саяды.

Енді күйеуге қыз жеңгелерінің қоятын шарт-талаптарын көктей шолып көрейік: жеңгетайлық жолы (жігіт қыздың жақын жеңгесінің қолына жүзік салып, иығына шапан жабады); ит ырылдатар (есік алдындағы қабаған иттерді қорушыларды риза ету рәсімі); төсек салар (екі жастың төсегін салған келіншекті риза ету рәсімі); шымылдық байлар (төсек тұсына шымылдық құратын келіншекті риза ететін рәсім); қол ұстатар (қызды отау үйге алып келген жеңгесіне көрсетілер рәсім); көрпе жабар; от кемер, түндік жабар, іргенек байлар т.б.

Осының бәрі екі жасты тым арзан табыстырмай, оларға киелі сезім дарытып, жауапкершілік жүктейтін, тәрбиелік мәні ерекше зор дәстүрлер. Ал күйеуінің жанына ілесіп, тілеуін тілеп, көрнекі сый-сыяпатты арқалап жүрген күйеу жолдастар ше? Олар да болашақ жарларымен танысып, бірін-бірі сын үстінде танып, өмірдің ұмытылмас мазмұнды қызығына батады...

Міне, түптеп келгенде, төлтума мәдениет дегеніміз осылар болса керек.

Ақселеу Сейдімбек /«Ойтолғақ»/ 14.01.1989 жыл.

Ұқсас материалдар