Жаңалықтар

«Жасыл» экономиканың басты міндеті – қоршаған ортаға келетін зиянды азайту

«Жасыл» экономиканың басты міндеті – қоршаған ортаға келетін зиянды азайту
18.09.2018 04:29 3630

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері «жасыл» экономиканы таңдайды. Себебі, балама қуат көзін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған.

2013 жылы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында арнайы тұжырымдама бекітілген еді.

Бұл туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» атты жолдауында кеңінен тоқталып, экономиканың бұл түрінің тиімді екеніне, сондай-ақ, еліміздің экологиялық ахуалының жақсарып, дені сау ұрпақтың өмірге келуіне септігін тигізетініне екпін түсірген-ді. Яғни, «жасыл» экономикаға негізделген бағдарлама жергілікті тұрғындардың, еліміздегі халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына да түрткі болмақ.  «Жасыл» экономика — жаңа ғасырдың жетістігі. Мұның нәтижесінде табиғи ресурстар да ысырап болмай, тиісті деңгейде пайдаланылады. Себебі, бүгінде қуат көзінің шамадан тыс қолданылуы үнемшілдікті ұмыттырып барады. Жаңа технологияның арқасында бірқатар балама қуат көзі пайда болды. Мәселен, кейбір елдерде жел, күн энергиясының өзінен қуат көзі алынады. Балама қуат көзі — дербес экономиканы қалыптастырады. «Жасыл» экономиканың тиімділігін арттырып, энергия көзін үнемдеуді қамтамасыз етеді.

Бұл түйткілдің бәрі 2014 жылы күшіне енген «Жасыл экономика туралы» заңда жан-жақты айтылған. Бұл бойынша баламалы энергия қорын тұтынушы халықаралық ұйымдар арнайы стандарттық жүйеге орай энергия менеджменті жүйесін енгізуге тиісті. Демек, заң табиғи ресурстарды өз орнымен қолданып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмысын арттыру, сондай-ақ, соңғы кезде әлем болып алаңдап отырған су қауіпсіздігі мәселесін шешуді қарастырады.

Шын мәнінде, «жасыл» экономика, су мәселесі — ғаламдық түйткіл. Осыдан екі жыл бұрын БҰҰ өзінің тұрақты даму бағдарламасын қабылдаған кезде бүкіл дүниежүзін қауіп-қатерден сақтау, қорғау мәселесіне басымдық берді. Атап айтқанда, әлемде өмір сүріп жатқан халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты жиырмаға жуық міндет жүктелді. Мұның ішінде біз айтқан жайттардан бөлек, ғаламшарды ұстап тұрған бірқатар басымдықтар бар. Ол — әлгінде ғана айтқан су тапшылығын жою, жер бетіндегі халықтың әлеуметтік тұрмысын арттыру, энергия көзін ұтымды әрі тиімді пайдалану. Яғни, Қазақстан да бұл мәселені БҰҰ қабылдаған қарарлар мен бағдарламадан тыс шеше алмайды. 2016 жылдың басында БҰҰ-ның тұрақты даму ғаламдық мақсаты қабылданды. Әлемдік көшбасшылар тарапынан ғаламшарды сақтауды қамтамасыз ету мен оның халқының әлеуетін арттыруға бағытталған 17 негізгі мақсат айқындалған. Қазақстан жасыл экономика принципін тек елдің ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де жемісті түрде енгізуде. Осы жобаны сәтті жүргізу үшін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы қолға алынды. Мұндағы мақсат — экологияны басымдыққа ала отырып, су, жер, сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Яғни, жергілікті халықтың жағдайын ескере отырып, жаңа экологиялық технологияларды енгізуге күш салу.

Бүгінде еліміздегі мамандар осы бағдарлама аясында түрлі жобалар ұсынуда. Бұған халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін белгілі мамандар да көмекке келді. Әрине, кез келген жобаның астарында  халықтың әл-ауқаты, жергілікті жердің экологиялық ахуалы, қауіпсіздік мәселесі жатыр. Басты назарда — экологиялық технологияларды елдің ішінде енгізу. Осыдан үш жыл бұрын халықаралық деңгейдегі ұйымдар елімізде жасыл экономикаға өту үлгісіне байланысты жобаларға мықтап кірісті. Бұл жобалар халықтың жағдайын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Яғни, тұрғылықты халықтың әл-ауқаты артқан экономикасы бар, қабылданған халықаралық экологиялық міндеттерге байланысты бүгінгі және келер ұрпақтың табиғи ресурстарын ұқыпты әрі шашау шығармай қолдану керек.  

ХХІ ғасырдың алға қойған міндеті көп. Кез келген мемлекет қай жағынан да бәсекеге қабілетті болуды мақсат етеді. Ал, бұл жолда дәстүрлі экономиканың шығындарын ескеріп, жасыл экономикаға бет бұру маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бір қуаныштысы, еліміздің осы жолды таңдауына мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Тіпті, табиғи байлық жағынан да ешқандай мәселе жоқ. 

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілдігі мамандары еліміздің «жасыл» экономикаға көшуіне толыққанды жағдайы жетеді дегенді айтады. Атап айтқанда, жер көлемінің аумағы, су ресурстары, географиялық орналасу жағынан қолайлы болуы айтулы жобаның жүзеге асуының алғашқы баспалдағы.

Сондықтан, елімізде «жасыл» экономикаға қадам басу саты-саты бойынша жүзеге асуда. Мәселен, 2013-2020 жылдарға арналған бірінші кезеңде инфрақұрылым құру, 2020-2030 жылдарға бекітілген екінші кезеңде жаңартылған қуат технологиясын пайдалану шарасы қарастырылған. Сол сияқты 2030-2050 жылдарға бағытталған келесікезеңде үшінші өнеркәсіп төңкерісіне біртіндеп көшуді жүзеге асыру жүктелген. Мұнымен қоса, тұрғын үйлерге жылы су жеткізуді қамтып, көшеде соңғы еуростандарттағы көліктерді жүргізу, энергия саласына жауапты мамандар даярлайтын арнайы академия ашу жоспарға іліккен.  

Егер аталған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асса, алға қойған мақсатқа жететін күн таяу. Сондықтан, әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған бағдарламаны да, әлгінде сөз еткен тұжырымдаманы да келешек ұрпақтың қамы деп ұққан жөн. «Жасыл» экономика — жаңашылдыққа ұмтылу. Біз білетін байырғы дәстүрлі экономика — өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу болса, «жасыл» экономика балама қуат көзін өндіріп, үнемшілдікке бастайды. Бірақ, еліміздегі кейбір өнеркәсіп шоғырланған аймақтар бұл талапқа сай ма? «Жасыл» экономика тұжырымдамасындағы міндеттемелерге көз жүгіртсек, Қазақстан 2050 жылдары қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуді 50 пайызға жеткізуі тиіс. Ал, бүгінде 6 млн тонна қалдықтың тек 2 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді.

Ол үшін кез келген өнеркәсіптік кешен балама қуат көзін шамадан тыс шығын етпейтін көліктер сатып алса құба-құп. Әрине, болашақтың кілті — экологиялық қауіпсіздік пен балама қуат көзін пайдалану деп түсінетін кәсіпорын бұған көңіл бөлетіні сөзсіз. Мәселен, кейбір алпауыт компаниялар бұл үрдіске көшіп те кетті. Осы жолды таңдаған аймақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқаты да жақсарады. Неге десеңіз, «жасыл» экономика — мемлекеттің қаржылық әлеуетін арттыруға жол ашады. Бұл әрі жұмыссыздықпен күресті тиімді жүргізіп, екі қолға бір күрек іздегендерге таптырмас мүмкіндік бермек. Яғни, қоғамдық тепе-теңдік сақталған жерде адам мен табиғаттың өзара қатынасы да тұрақты болады. Сондай-ақ, халықтың өмір сүру жасын ұлғайту, кедейлікті төмендету, денсаулық жағдайын жақсарту, балама қуат көзін пайдалану арқылы экологияны сақтау — «жасыл» экономиканың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау — табиғатты қорғау. Бұл экологияның ластанбауын қамтамасыз етеді. Таза қоғам — адами капиталдың сапасын арттыруға септігін тигізеді. Мұның бәрі дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеген еліміздің негізгі мұраты. 

Айта кету керек, шетелдік сарапшы мамандар да Қазақстанның бұл мақсатқа оңай-ақ қол жеткізетініне сенімді. Біз үнемі ауыз толтырып айтатын еліміздің аумағына бес Франция мемлекеті сыйып кететінін ескерсек, «жасыл» экономика жобасын ойдағыдай жүзеге асыруға әбден болады. Тіпті, бұл арман-жоспарды БҰҰ-ның «РИО+20» дүниежүзілік саммитінде ерекше леппен айтып, «жасыл» экономиканың ғаламдық мәселе екеніне назар аудартқан еді. Біздің мемлекет балама қуат көзін пайдаланып, оның тиімділігін көріп отырған кейбір шетелдің тәжірибесіне сүйеніп, экологиялық стратегияны дамыту жөнінде жоба ұсынды. Еліміздің бұл бастамасын дүйім әлемдік қауымдастық өкілдері қолдап, дегенмен, оны жүзеге асырудың оңай еместігін, сол сияқты кейбір елдер сияқты ЖІӨ-нің 2 пайызын тек қана «жасыл» экономикаға көздеу керектігін тілге тиек етті. Яғни, бұл салаға көптеп инвестиция тартып, салық бойынша белгілі бір жеңілдіктер қарастыру жағы да ескерілуі тиіс.

Бір айта кетерлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы Еуроодақтың қаржылық көмегі арқылы «Қазақстанды қолдау» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жобаның құны шамамен 7 миллион еуро тұрады. Соның 3 миллионы көзделген төрт жобаға бөлініп, сәтті түрде іске кірісті. Солардың  басы-қасында жүрген маман Гүлжамал Исаева суды, қуат көзін үнемдеу — «жасыл» экономикалық технологияларды дамытуға алып келетінін айтады. Шынында да, бұл жобаның тиімділігі сол, кез келген өңір, елдімекен халқы заманауи мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, әлеуетін көтеруге күш салады.

Бүгінде бүкіл әлем «жасыл» экономикаға бет бұруда. Бұл тұрғыда Оңтүстік Корея, Германия көш бастап тұр. Аталған елдер осы жоба аясында белгілі бір табысқа да қол жеткізіп отыр. Демек, алдыңғы қатарлы 30 елдің тізіміне ену үшін шетелдің тәжірибесін тиімді пайдалану керек. Бірінші, «жасыл» экономикаға алғашқы қадам — қоқыс өңдеуден басталады. Осыған байланысты қырықтан астам қоқыс өңдеуші кешен салу жоспарланды. Елордада испандық технология негізінде іске қосылған зауыт бір жылда 400 мың тонна қоқысты қайта өңдеуге кірісті.

Мұның ішінде соңғы кезде нәтижесін көріп жүрген жел арқылы пайда болатын қуат көзі, балама қуат көзін пайдалану арқылы энергия үнемдеу, өндірістік қалдықты қайта өңдеп, пайдаға асыру да бар. Осы жетістіктерді еңсеру үшін бұған дейін қабылданған бағдарламалардың жұмыс істеуін қадағалау маңызды. Сол сияқты оның елімізге әкелетін пайдасына үңілген жөн. «Жасыл» экономиканы енгізу әрі іске асыруда көбінесе Оңтүстік Кореяның тәжірибесі ұтымды екені айтылады. Мұнда осыдан жеті жыл бұрын-ақ, яғни, 2011 жылдан бері «жасыл» экономиканы қолға алуға 60 млрд доллар бөлінді. Нәтижесінде 1,8 миллион адамға жұмыс табылды. Тіпті, бұл елде жыл сайын ЖІӨ-нің 2 пайызы инвестиция ретінде құйылады. Ал, мұның пайдасы шаш-етектен екені айтпаса да белгілі. Біздің мемлекетіміз де Оңтүстік Корея сияқты негізгі үш элементке — өнеркәсіпке инвестиция тарту, тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу технологиясын өркендету, сондай-ақ, балама қуат көзін пайдалануға басымдық бергені жөн.

Кейбір шетелде қоғамдық орындарда қоқыс тастайтын жәшіктер бөлінген. Біріне — қағаз, екіншісіне пластмасса заттары тасталады. Бұл қалдықты қайта өңдеу ісін жеделдетеді. Дәл осы үрдіс соңғы кезде бізге де келді. Өкінішке қарай, әлі күнге қоғам бұл мәдениетке бой үйрете алмауда. Алайда, «көш жүре түзеледі» демекші, бірте-бірте батыстық мәдениеттің оң тұстарын сіңіру артықтық етпейді. Тіпті, экономикасы қарқынды дамыған Қытай да қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу бойынша алдыңғы қатарға кірді. Ол ол ма, Моңғолия да маңызды жобаның өміршең екендігін түсініп, бірқатар нақты жобаларды жасақтауды қолға алды. Демек, әлемнің 200-ге жуық елі бұл жобаға бекер білек сыбанып кіріскен жоқ. Біз «бісміллә» деп, бағдарлама қабылдап жатқанда, жарты ғасыр бұрын тиімділігі мен пайдасын ескерген кейбір мемлекеттер биік мақсаттарды бағындырып үлгерді.

Демек, Қазақстан алдағы уақытта инфрақұрылымды дамытып, электр стансаларын жаңарту керек. Сонымен қатар, автопарктегі қоғамдық көліктерді жаңалап, Еуро-4 стандартын енгізу қажет. «Жасыл» экономикаға көшудің алғашқы тетіктерін осыдан бастау тиіс. Онсыз ауқымды жобаны жүзеге асыру мен оның пайдасын көру құрғақ сөз болып қала бермекмақ.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға