Жаңа жол салынып, тынысымыз кеңейсін десек...

19.09.2018 1110

Кез келген мемлекет экономикасының негізгі күретамыры — жол. Жолы арқылы сол елдің әл-ауқаты мен әлеуетінің қаншалықты деңгейде екенін аңғаруға болады.

Тіпті, дамыған елдерде жолдың әрбір шақырымына бөлінетін қаржыда есеп жоқ. Есесіне, жолы тақтайдай батыс мемлекеттерінің табыс көзі де, әлеуметтік жағдайы да әлдеқайда көш ілгері.

Әрине, егемендігін алып, экономикасына өзі иелік ете бастаған Қазақстанның кезінде бұл салаға көңіл бөлуге мұршасы да бола қоймады. Бір жағы, жас мемлекет, екіншіден, тәжірибенің аздығы бар. Алайда, бұл мәселені кейінге шегеруге болмайтынын мемлекет тізгінін ұстағандар білді. Сол себептен Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жолдауында елімізде жолдар салу мен жөнделуіне айрықша көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Бұл құжатта Елбасы бірнеше бағыттағы мәселеге басымдық берді. Атап айтқанда, көлік логистикасы инфрақұрылымын дамыту. Екіншіден, елімізде индустрия инфрақұрылымы бойына қан жүгірту. Үшіншіден, энергетика инфрақұрылымын дамыту. Мұнымен қоса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен су және құбыр жылуларын жаңарту да назарда. «Нұрлы жол» бағдарламасы мұның ішінде жол, тұрғын үй құрылысының жандануына серпін береді.

Бүгінде «Нұрлы жолдың» орындалу барысы ҚР Инвестициялар және даму министрлігін ғана алаңдатып отырған жоқ. Үкіметте өтетін отырыстың бәрі бағдарламаның жүзеге асуына айтарлықтай көңіл бөледі. Мәселен, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын сөз еткен жиында Елбасы қойған жаңа міндет пен талапты орындауды жүктеген Үкімет басшысы Б.Сағынтаев тиісті қаражаттың дер уағында бөлінетінін жеткізген-ді.

Бағдарламаны жүзеге асыруда қаржының діттеген жеріне бөлінуін қадағалайтын Ұлттық экономика министрлігі былтыр шамамен 830 млрд-қа жуық теңге көзделсе, қазір оның 167 млрд теңгеге жуығы игерілгенін хабарлады. Мұнымен қоса, өңірлерге берілген қаражат та авто жол, тұрғын үй салуға жұмсалған. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында транзиттік көліктерден түсетін кіріс көзін 4 млрд долларға дейін арттыру енгізілді. Бағдарлама негізінен басымдық беріп отырған сала — автожол салу. Айта кету керек, 2017 жылы 4,4 мың шақырым көлік жолы жаңғыртылса, 600 шақырым автожол жөндеуден өтті.

Бүгінде елімізде бес халықаралық теміржол және алты автомобиль дәлізі бар. Оларды әлі де жан-жақты дамыту кемшін. Егер тиісті шараларды қолға алсақ, шетелге шығатын жүкті тасымалдау уақытын үнемдейді.

Екінші басымдық — Қазақстан мемлекетінің транзиттік көліктен түсетін пайданы көбейту. Яғни, логистикалық жобаны іске асыру арқылы Құрық теміржол паром терминалын тиімді пайдалану көзделген. Бұл паром терминалының құрылысы толықтай биыл жыл аяғына дейін бітеді. Сол кезде жыл сайын 2 млн тонна жүкті артып, тиеп отыруға мүмкіндік туады. Каспий аймағындағы теңіз порттары Түркіменстанға, Ресей мен Иранға, Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне жүкті жедел жеткізе алады. Болжамға сенсек, 2020 жылдары 300 мыңнан астам контейнер тасымалданбақ.

«Нұрлы жол» бағдарламасына жүктелген ендігі бір міндет – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. Бәрімізге белгілі, тұрғын үй кешендерінің көбінің коммуналдық қызмет көрсетуі ескірген. Тіпті, кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген тұрғын үйлер қаншама. Яғни, бұған кіретін инженерлік желілерді жаңарту кезек күттірмеуі керек. Биыл 800 шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бұған дейін тозығы жеткен желілердің 60 пайызға жуығы жөндеу көрген-ді.

«Нұрлы жол» міндетіне алған тағы бір мәселе — еліміздегі білім ұяларының апаттық жағдайына көңіл бөлу. Бізде әлі күнге үш ауысыммен оқитын мектептер азайған жоқ. Оның үстіне жағдайы сын көтермейтін білім мекемелері апаттық жағдайда тұр. Жыл сайын жаңа мектеп, жаңа балабақша салынып жатқанын ескерсек, былтыр 763 мектеп есігін айқара ашқан. Ал, бағдарлама қолға алынған жылдары 100-ден астам мектептің құрылысы жанданып, пайдалануға берілді.

Ал, соңғысы, Елбасыдан бастап ерекше ықылас танытып отырған сала –кәсіпкерліктің тамырына қан жүгірту. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысында кәсіпкерлікті қолдау, индустриялық аймақтар құру және оған керекті инфрақұрылым нысандарын салып, инвестициялар тарту.

Жолдың ақылы болуы тиімді ме?

Соңғы жылдары елімізде ақылы жолдың қатарына кіріп жатқан көлік магистралы көбеюде. Бұл жүйе тағы да пайдалануға берілетін жолдарға да енгізілмекші. Ал, келешекте мұндай жолдардың бағасы көтеріле ме? Бұған дейін Астана мен Бурабай тас жолы ақылы қызмет көрсетуді бастаған еді. Мұнда төрт-бес жылдан бері жол жүру бағасы баяғы қалпында. Мәселен, жеңіл көлік бір шақырым жүрсе, 1 теңге төлейді, ал, жүк тиеген ауыр көлік 6-8 теңге тастап кетеді. Алайда, осы салаға жауапты Инвестициялар және даму министрлігі алдағы жылдары бағаны өсіру керектігін алға тартады. Неге десеңіз, бүгінде құрылыс материалдары қымбат, сондай-ақ, автожолды баптап ұстайтын шығындар да шаш етектен дейді министрлік. Сол себептен де, «Нұрлы жол» бағдарламасы ақылы жүйені 2020 жылдан бастап 7 мың шақырым жолға енгізуді қарастырып отыр. Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас жол учаскелері арқылы зымырайтын көліктер де ақы төлейді. Мамандардың айтуынша, көлік жүргізушілерінен түсетін бұл қаржы сол жолдың шығынын толық ақтайтын көрінеді. Яғни, жолды ара-тұра жөндеу, жамап-жасқау жұмыстарын осы тариф бағасы жауып отырады. Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ.

Мысалы, Астана-Бурабай тас жолынан 1 млрд 251 млн теңге жиналса, бұл қаржы жолды күтіп-баптауға жұмсалыпты. Егер әлгінде айтқан жеті мың шақырым жолға ақылы тариф енгізілсе, жол жөндеуге қаржы республикалық бюджеттен бөлінбеуі де мүмкін. Осы тұрғыда Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы М.Пішембаевтың «ақылы автожолдан 30 млрд теңге табыс түседі» дегені бекер емес. Соған байланысты автожолдардың 90 пайызын жөндеу, бірінші және екінші техникалық санаттағы автожолдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу қолға алынбақ. Демек, ақылы жолдың экономиканың дамуына тигізер үлесі мол. Біріншіден, бұл бастама жүк тасымалын екі есеге арттырса, екіншіден, уақыт шығынын 1,5 есеге қысқартады. Алдағы бес жылда 72 пайызға артатын ақылы автожолдар өзін өзі ақтап жатса, бұдан артық не керек? Тіпті, 2023 жылы 45 млрд теңге тек ақылы автожолдан түсіп тұрса, бюджет қазаны да ортаймайды.

Жол жөндеу мен жол салу — экономика тетігі

Біз мақаламыздың басында айтқандай, әр мемлекет, ең алдымен, жолын түзеуі тиіс. Еліміздің шалғай жатқан өңірлеріндегі автожолдың жағдайын сөз етпей-ақ қояйық, мегаполистен ірі облыс орталықтарына созылып жатқан күре жолдардың ахуалы қалай? Ал, жаңадан салынып, пайдалануға берілген автокөлік жолдары сын көтере ме?

Бұл сауалға жауап іздеу барысында күмілжіп қалатынымыз рас. Себебі, жолға бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей жатады. Бір қуаныштысы, осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынып, қыруар қаржы қарастырылған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің қызығын енді көріп жүрген жүргізушілер алғыстан басқа ештеңе айтпайды. Бұрын бірнеше сағатта жететін олар жолдың қысқарғанын тілге тиек етеді. Оның үстіне халықаралық көлік дәлізі басқа шетелдерге транзиттік тауар тасуға жол ашады. Бұл — бір. Екіншіден, 2020 жылға қарай жүктелген тағы бір міндет — 6 мыңнан астам шақырым жолды жөндеу. Яғни, бұл жобаны жүзеге асыру әлемдік жол салу техникасын меңгерген мердігер компанияға жүктеледі. Соңғы үлгідегі техникалық құралдар мен жаңа технологияны мүмкіндігінше пайдаланатын мамандар жол салуға сақадай-сай. Тіпті, олар жол салуға кететін құрылыс материалдарының 95 пайызы отандық өнім екенін айтады. Мәселен, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Алматы қаласындағы битум, цемент, темірбетон, тас т.б. өндіретін зауыттардан тікелей сатып әкелінеді. Ал, арматура сияқты құрылыс заттары алыс-жақын елдерден жеткізіледі. Осылайша, білек сыбана кіріскен жол салушылар ешбір мұқтаждыққа тап болмайды. Олар тек сапалы жол салуды мойнына алса және сол үдеден шығуға тырысса, құба-құп.

Жол азабын тартып, әбден зәрезап болған көлік жүргізушілерінің арманы да сол. Қазір жолдардың шұрқ тесікке айналып, мүлдем жарамсыз күй кешуі жол апаты дерегінің көбеюіне әкелуде. Сол сияқты көліктің ойламаған жерден бұзылып, тезірек тозуына да әсер етпей қоймайды. Осындай түйткілді шешу үшін бәрінен бұрын жол салуға басымдық беру керектігі, айтпаса да түсінікті. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырза «Нұрлы жол» және «Көлік жүйесінің инфрақұрылысын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі» мемлекекеттік бағдарламасы не үшін біріккеніне екпін түсірді. Айталық, екі жобаның да көздегені бір. Оған қоса бұл екі бағдарламаның негізінде 2017-2019 жылдары бағасы 1,7 трлн теңгеге лайықталған 23 жоба іске асырылмақшы. Автожолды қайта жөндеуге Ұлттық қордан да ақша қарастырылды. Бұл — 143,5 миллиард теңгені құрайды. Өйткені, жол салу —  қыруар қаржы талап етеді. Бір шақырым жолға пәленбай ақша жұмсайтын кез келген шет елдің жолына қарасаңыз, олар жол салудан ешқашан ақша аяған емес. Министрдің айтуынша, ұзақтығы 3,2 мың шақырымға жететін 16 жоба басталып кетті. Жол салу және жөндеу жұмыстары нәтижесін берсе, бұл іс тоқтамайды. Осы бағыт, осы қарқын бойынша еліміздің автожолдары жаңарып қалатын түрі бар. Әрине, министрлік жол салуға тікелей мұрындық болған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жеті бағытты негізгі басымдыққа алған. Бұл бағдарламаға 2015-2019 жылдары 5 триллион 300 миллиард ақша көзделсе, сондай-ақ, автомагистраль жолын салуға 2 триллион 400 миллиард теңге жұмсалатыны белгілі.

Әрине, жол салу және жөндеу — нағыз қара жұмыс. Бұл жоба қаншама адамға екі қолға бір күрек. Әсіресе, облыс, аудан тұрғындары жол салу жұмысына тартылса, бірнеше жыл көлемінде тиісті жалақысын алып отырады. Ең бастысы, қаржының орынды жұмсалуы. Бұл мәселені Мемлекет және Үкімет басшысынан бастап, министрліктер, жергілікті әкімдіктер тікелей қадағалауына алып отыр.

Демек, «Нұрлы жол» бағдарламасы алдағы жылы толыққанды нәтижесін беруі тиіс. Бұл бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстардың бір парасы биыл нақтыланбақ. Яғни, төрт жыл ішінде не атқарылды, не атқарылуы тиіс деген мәселе сарапқа салынады. Оған кеткен шығын діттеген жеріне барды ма, жоқ па деген сауалдың да қылтиятыны сөзсіз. Алайда, келер жылы аяқталуы тиіс бағдарлама алға қойған жоспарды берілген межесінде орындаса, үміттің ақталғаны.

«Нұрлы жол» 2019 жылға дейін діттеген мақсатына жетсе, еліміздің тас жолдары тақтайдай болса, онда бізге келетін инвестицияның да көлемі артып, экономикамыздың дамуына септігін тигізетін болады. Жол түзелмей — экономика да көңілдегідей оңала қоймас.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.