Жаңалықтар

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – САНАНЫҢ ЖАҢАРУЫ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ  – САНАНЫҢ ЖАҢАРУЫ
31.10.2018 12:49 1779

Бүгінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ел аумағында ауқымды іс-шаралар, тың бастамалар жүзеге асырылуда.

Ауылдарда тұрмыс түзеліп, бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге жұмсалды, 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделді, жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлем тілдерінен үздік деген 18 оқулық аударылып, басылып шығарылды және 30 оқулықтың аударма ісі қолға алынуда. "100 жаңа есім" жобасы аясында қазақстандықтарға жаңа тұлғалар ұсынылды. Біз өз тарихымызды түгендеп, өткенімізге оралдық. Мәдениетіміз жаңғырып, әдебиетіміз ұлықталды. Ең бастысы, рухани жаңғыру бұл халықтың тұрмыстық-материалдық санадан рухани-идеологиялық болмысқа өтуіне негізгі аралық болды. Өткен аптада ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен ұлттық комиссия отырысында жасалған жұмыстар талқыланып, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының жаңа жоспарын әзірлеу туралы мәселе көтерілген еді.

Шынында, "Киелі жерлердің географиясы", "100 жаңа есім", "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобалары аясында ел санасында серпіліс жасар жүйелі жұмыстар жүргізілгені анық, енді оның бұқара халық үшін несімен тиімді болғанын біз де сарапқа салып көрелік.

"Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы

Әлемнің аузын айға білеген жоғары оқу орындарында ғана оқытылатын, қазақстандықтардың бәрінің бірдей қолы жете бермейтін білім қазынасы қазақша сөйледі. Бұл қазақтілді студент жастарға берілген жаңа мүмкіндік еді. Ел болашағының жоғары ғылыми стандарттарға сай білім алуы, олардың әлем мықтыларымен өз тілінде тілдесуі туралы қам жеген Елбасы: "Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз" деген болатын "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында. 

Елбасы тапсырмасымен құрылған Ұлттық аударма бюросы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша алғашқы 18 оқулықты аударып, баспадан шығарды. Ал бүгінде мемлекет басшысы тапсырған жаңа 30 кітапты аудару үстінде. Жыл соңына дейін педагогика, өнер тарихы, әдебиет теориясына қатысты оқулықтар жарық көретін болады. Бұл әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы оқулықтар жастардың жаңа білім алу стандарттарына деген құлшынысын арттырып, өзгеше ойлау мен үздік көрсеткіштерге қол жеткізуге ұмтылысына негіз болары анық. Жаңа оқулықтар батыс философиясының тарихы, тіл білімі, семиотика, жаңа педагогика, ғаламтор психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихы, сонымен қатар экономика және кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды.

Ең бастысы, бұл оқулықтар қазақшаға түпнұсқадан тікелей аударылды. Соның негізінде елде әлемнің жетекші тілдерінен тікелей аударма жасайтын аудармашылар тобы мен жалпы аударма ісінің  жаңа мәдениеті қалыптасты. Аударма ісіне, ғылыми, әдеби редакциялауға қазақстандық мамандар, сол саланың кәсіби үздіктері ғана тартылуда. Мұның өзі Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында мықты ғылыми-кадрлық әлеует қалыптасқандығын дәлелдейді.

Сонымен қатар, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде ғылыми тәжірибеде қолданылатын терминдер мен гуманитарлық, экономикалық лексиканың түсіндірме сөздігі дайындалуда. Қазақша сөйлеген оқулықтардың дені ағылшын және орыс тілдерінде жазылған. Ұлттық аударма бюросының мәліметінше, таңдап алынған кітаптардың 40 пайызы орыс тіліндегі кітаптар. Білім саласын бәсекеге қабілетті ету үшін, оқу әдістемесіне шетелдік тәжірибені енгізу кешенді түрде қолға алынуда. Елбасы жаңа оқулықтар Қазақстан үшін эксклюзивті гуманитарлық кітапхана қалыптастырады деді. Оқулықтар мұқабалы кітап түрінде ғана басып шығарылмай, көпшілікке электрондық онлайн нұсқасы да ұсынылуда.

Сонымен қатар, үздік лекторлардың ашық видеотекасы қалыптастырылады. Алдағы уақытта оны латын қарпінде басып шығару да жоспарланып отыр. Үштілділік қағидатының сақталуының маңыздылығына мән артқан Елбасы бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне аударуды да тапсырған болатын. «Ашық университет» жобасы да жүзеге асырылу үстінде.

Жастардың білім көкжиегінің кеңеюі, олардың әлемнің мықтыларымен иық теңестіріп, тілдесуі үшін олар оқыған кітапты танып, олар білген біліммен қаруланғаны абзал. Жалпы «100 жаңа оқулық» жобасы жастардың болашағына салынған интеллектуалды инвестиция болмақ.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы

Ұлттық идеология елдің санасына серпіліс беретін мықты құрал. Әр кезеңнің, дәуірдің өз батыры, ұрпағына үлгі етер тұлғасы болады. Біз осыдан 60 жыл бұрын өткен ұлттың ұлы тұлғасын қанша ұлықтағанымызбен, ол сүрген дәуірдің бүгінгі ортамен қабыспайтынын анық аңғарамыз. Сондықтан, мәселен алашордашылар жүріп өткен тар жол тайғақ кешуге бүгінгі ұрпақ бұрылып, қайта түсуі керек дей алмас едік. Қазақ қай уақытта да тарихын төбесіне көтеріп, тау тұлғаларымен мерейі артық болған ел.

Алайда, бүгін заманауи өзгерістерге сай, жаһанданудың көшіне ілесіп, өзгенің тұрмысынан жаңалық іздеп, тұлғасынан қасиет тануға ұмтылып жүрген жастарымыздың ұлттық құндылықтарымыздан, өз менталитетімізден ажырап кетпеуі үшін оған өз замандастары жүріп келе жатқан жолды нұсқап, үлгі ету қажеттілігі туды.

Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының халыққа бергені көп болды. Жобаның алғашқы кезеңінде-ақ халық тарапынан қызығушылық пен қолдау анық сезілді. Қазақстандықтар белсенді түрде ұл-қызына үлгі етер өз қаһармандарын ұсынды. 100 жаңа есім жобасына енген қазақстандық мықтылардың суреттері мен өмірбаяндары, өмірлік ұстанымдары мен жеткен жетістіктері, өз еліне деген құрметі мен сүйіспеншілігі көпке үлгі ретінде ұсынылды.

Жобаның халық тарапынан ерекше ықыласқа ие болғаны соншалық, оның екінші кезеңінің жариялануын қазақстандықтар тіпті асыға күтті. Бүгінде бұл жобаны дәстүрлі ету мәселесі көтерілуде. Халық әр кезең сайын өзі өмір жолын үлгі етер жаңа тұлғалардың қарапайым халық ішінен шыққанын қалайтындығын дәлелдеді. Өзі тұрғылас замандасының есімі үздіктердің арасына енгенін білген екінші бір адамда «мен неге сол секілді өз күш-жігерімді пайдаланып, мүмкіндігімді дәлелдемеймін» деген ұмтылыс ұшқыны пайда болары анық. Бұл өзгелер үшін стимул, алдына мақсат қойып соған жетуге ұмтылу. 

«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…» делінген Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында.

100 жаңа есім жобасына қоғамдағы барлық саланың өкілдері, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада еңбек етіп жүрген отандастарымыз қатысты. Өткен кезеңде жалпы 2100 үміткер ұсынылып,  340 мыңнан астам қазақстандық 1 миллион 376 мың дауыс берген болатын.

Бүгінде жобаның екінші кезеңі аяқталды. Қазір қазақстандықтар өз дауыстарын беру арқылы таңдаған жаңа қаһармандарының есімдерінің белгілі болуын күтіп отыр.

«100 жаңа есім» жобасы қазақстандықтарды патриоттыққа, еңбекті бағалауға, өз елін сүюге баулитын жоба. Халық өз қаһарманын өз ішінен іздейді, жариялы түрде ұсынады, дауыс беру арқылы таңдайды. Бұл жобаның өзіне сенімді, нақты мақсат қоя алатын, білімді ұрпақ тәрбиелеуде маңыздылығы жоғары.

Қазақстанның киелі жерлер картасы

Қоғамдық сананы жаңғырту, халықты рухани ояту мақсатында қолға алынған тағы бір жүйелі іс – «Қазақстанның киелі жерлері картасын» жасақтау болатын. Ұлт өз тамырынан ажырамауы тиіс. Болашақты болжау үшін де өткенімізге көз жіберіп, тарихымызды түгендеп алғанымыз абзал. Қазақ елі өзгеге өзінің кім екенін, тарихта кім болғанын, ерлігі мен елдігін дәлелдеуі үшін де, бүгінгі ұрпақ ұлт шежіресін біліп өсуі тиіс.

Бұл біздің ұлттық мақтанышымыз. Тізімге ұсынылған жерлердің көптігі таңғалдырды. Ұлы қазақ жері киелі мекендерге, таңғажайып ескерткіштерге толы. Ол жерлер бүгінгі күнге ұрпақ сабақтастығы мен тарихты қастерлей білген абзал халықтың көрегендігінің арқасында жетті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген мәдени жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», – деді Елбасы бағдарламалық мақаласында.

Киелі жерлер картасын жасақтауда туристік маршруттарды дамытуға басымдық берілді. Ол жерлерге бару маршруттары анықталып, сызбасы дайындалды. Бұл жабайы туризмге шектеу қойып, халықаралық туризмді дамытудың бірден бір ғылыми дәйектелген анықтамалығы болады. Қасиетті орындарды әлем халқына таныстырып қана қоймай, болашақ ұрпақ санасына сіңіріп, тереңірек түсіндіру маңызды.

Қоғамның рухани жаңғыруына ықпал еткен бұл жобаның сонымен қатар, ғылыми маңыздылығы, археологиялық құндылығы жоғары. Бүгінде осы бағытта ішкі туризм, мектеп туризмін жолға қою жұмыстары жүргізілуде. Мектеп оқушылары мен студенттердің Қазақстанның табиғи, тарихи ескерткіштері орналасқан аймақтарына саяхатқа шығуы ұйымдастырылуда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы

Ауыл тұрмысына жаңалық енгізуі тиіс тың жоба. "Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы "Ауыл - ел бесігі" атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек" деген еді Елбасы өз Жолдауында бұл жоба туралы.

Жобаға ауылдарды қайта түлетуге жол ашады деген сенім артылып отыр. Осы жылдың алты айында 44 мың адам ауылдан қалаға қоныс аударған. Ауылшаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың сөзінен дерек келтірер болсақ, 2017 жылы ауылдан 49 795 адам, 2016 жылы 84 мың адам үдере көшкен. Ал ауылға қайта көшіп баруға қызығушылық білдірушілердің қарасы тіпті аз. Оқу бітірген студенттер ауылға баруға көп жағдайда келісім бермейді. Әрине, мемлекет тарапынан жас маманға жасалып жатқан қамқорлық, көтерме жәрдемақы, тұрғын үй көмегі жастардың ауылға ат басын бұруына серпін береді деген сенім болғаны рас. Алайда, қаржылық-материалдық қызығушылықтарын ояту арқылы да жастардың ауылда қоныстанып қалуына қол жеткізу, өкінішке орай, мүмкін болмай отыр. Бұл Қазақстан экономикасының негізін құраушы салаларының біріне айналуы тиіс ауылшаруашылығын дамыту ортасының күйреуіне соқтыруы мүмкін күйзеліс. Мемлекет басшысы қай уақытта да ауылды аяғынан тұрғызу мәселесіне басымдық беріп келеді. Оның үстіне қазақтың қазығы ауыл деп білеміз.

Бейімбет Майлиннің жыр шумақтарын келтірер болсақ, «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз». Табиғи ресурстар шексіз емес, сондықтан Қазақстан экономикасы ауылшаруашылығында өндіріс пен өнім көлемін арттыруды көздейді. Күндердің күнінде ауылшаруашылығы тәуелсіз елдің экономикасының құраушы негіздерінің құрылымдық бөлімі болады дегенге сенеді. Егер ауылда ол үшін жеткілікті деңгейде еңбек нарығы қалыптаспайтын болса, онда ауылдың гүлденуі неғайбыл. Жаңа жоба ауыл-аймақтарда еңбек нарығын қалыптастырып, ауылдың жаңа сипатта дамуына серпін беруі керек. Ол үшін Елбасы атап көрсеткендей, ауылда әлеуметтік орта жаңғырып, еңбек идеологиясы жүруі тиіс.

Рухани жаңғыру Қазақстанның жаңа кезең дамуындағы шамшырағы іспетті. Ол халықтың ой-санасын кемелдендіріп, дүниетанымын өзгертіп қана қоймай, оның рухани жаңаруы мен дамуына бағдар көрсетеді.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға