Жаңалықтар

Рано Убайдуллаева: Бүгінде ҚХА құрылымы әр азаматтың өмірінде маңызды рөл атқарады

Рано Убайдуллаева: Бүгінде ҚХА құрылымы әр азаматтың өмірінде маңызды рөл атқарады
13.05.2019 10:02 3845

Өңірлік Қазақстан халқы ассамблеяларында этникааралық қарым-қатынас, тұрақтылық пен байтақ елімізде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің теңдігін нығайту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы өткен жылдың өзінде тоғыз жүзден астам іс-шара өткізіп, этномәдени орталықтардың мәдениеті мен қызметін насихаттаған. 

Атқарылған жұмыстардың мән-жайын Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Рано Убайдуллаева баяндап берді.

Қандай мереке болса да назардан тыс қалмайды. Мысалы, Наурыз, Жаңа жыл, Рождество, Пасха, масленица, хануки, қытай немесе корей жаңа жылдары, Алғыс айту күні және тағы да басқа мейрамдар ҚХА этномәдени орталықтарының тікелей қатысуымен өтеді.

Сонымен қатар түрлі атаулы күндер, спорттық іс-шаралар, семинарлар мен аудандарда өткізілетін көшпелі конференциялар, қайырымдылық акциялары және форумдар да этномәдени орталықтардың өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.   

2018 жылы облыстық Ассамблеяның қолдауымен Жамбыл облысының он сегіз этномәдени орталығының Этнос мәдениеті күні ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде дұнған ұлтының Қазақстанға жер аударылып келгеніне 140 жыл толуы атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында мазмұнды әрі маңызды іс-шаралар жоспар бойынша ұйымдастырылды.

Қырғыз Республикасымен шекаралық ынтымақтастық шеңберінде «Қазақстан – достық пен татулықтың мекені», «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында бірқатар кездесулер мен концерттер өткізілді.

Облыстық Ассамблея этномәдени орталықтардың өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне көп мән беріп, осы бағыттағы жұмысты оң жолға қойған. Тарқатып айтқанда, Жамбыл облысы бойынша жиырма сегіз мың адам қамтылып, оның ішінде үш жүз екісі мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде біледі, бір мың бес жүз жетпіс төрті орта деңгейде, бір мың алты жүз жетпіс алтысы тереңдетіп оқуда.

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту бөлімі мен аймақтағы этномәдени орталықтар арасында меморандумға қол қойылып, мемлекеттік тіл мен ана тілін үйрету негізі құрылған. 

Бүгінде ҚХА құрылымы әр азаматтың өмірінде маңызды рөл атақарады деуге болады. Дәлірек айтқанда, Қоғамдық келісім кеңесі этникаралық қарым-қатынасты шешуде мемлекеттік билік пен халықтың арасын байланыстыратын көпір. Мемлекет пен қоғамның диалогтік алаңына айналған аймақта бір жүз жетпіс жеті Қоғамдық келісім кеңесі қызмет етеді.

Өткен жылдың ішінде олар бір жүз жиырма бір іс-шара өткізді, оның ішінде облыстағы діни жағдайды тұрақтандыру мақсатында отыздан астам іс-шара өткізілді. Аудандарда кеңейтілген аймақтық отырыстар ұйымдастырылды.

Аналар кеңесі қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында жұмыс атқарып жатыр. Тарқатып айтқанда, «Қайырымдылық керуені», «Қамқор», «Жақсылықта жарысайық», «Тегін нан», «Жүректен жүрекке», «Қайырымды донор» акциялары жамбылдықтардың көңілінен шықты.

Сонымен қатар Аналар кеңесі дөңгелек үстелдер, түсіндіру жұмыстары, қызықты кездесулер ұйымдастырады.

Жыл бойы облыстық этномәдени орталықтар қайырымдылық акцияларының өтуіне атсалысты. Мысалы, «Махмут Қашғари атындағы үйғыр этномәдени бірлестігі» 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және «Қамқор» қайырымдылық акциясы шеңберінде әлеуметтік жағдайы аз қамтылған алты жүз отбасына қамқорлық көрсетті. «Шиват-Цион» еврей этномәдени орталығы бір мың адамға медициналық көмек алуға жәрдемдесті. «Ақ желкен» жастар лигасы «Қайырымды донор» акциясында облыстық Қан орталығында науқас балалар үшін елу адам жиырма литрден аса қан тапсырды.

Жалпы әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар – аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедек және жалғызбасты қарттарға 939 млн 58 мың теңгеге көмек көрсетілді. Оның ішінде облыстағы Ассамблея, этномәдени бірлестіктер және меценаттар 354 млн 27 мың теңге көлемінде 11506 мың адамға қамқорлық танытты.

Жамбыл облысында жиырма алты облыстық, қырық жеті аудандық этномәдени орталықтар бар. ҚХА құрамына аймақтық құрылымдық бөлімшелер кіреді – Аналар, Қоғамдық келісім мен Ақсақалдар кеңестері, «Ақ желкен» жастар лигасы.

«Биылғы жылы аталған құрамда «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы жұмысын бастады. Аталған құрылымдармен бірге ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасы мен басымдықтары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді Рано Убайдуллаева.

Биылғы өткен ҚХА XXVII сессиясына қырық екі делегат келді, оның ішінде жиырма сегізі - ҚХА мүшесі. Оны Жамбыл облысының әкімі, аймақтық ҚХА төрағасы Асқар Мырзахметов бастап келді.

Бұл жолғы сессияға құрылымдық бөлімшелердің белсенділері шақырылды. Сондай-ақ делегация құрамын отыз пайыз жастар құрады.

Бұл күні түрлі этностар бас қосып, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Бірлік пен татулықтың арқасында жүзеге асырылатын еліміздің дамуына бағытталған бағдарламалар талқыланды.

Сессия 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігінің мерекесі күні қарсаңында өтуі де жақсылықтың нышаны. Аталған мерекеде Таразда ауқымды іс-шара өтті. Этностар ұлттық киімдерін киіп, дастарқан жайды. Оған ұлттық тағамдар қойылып, қонақтарға ұсынылды.

Этномәдени орталықтардың ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама көрсетілді. Ұлттық спорттық ойындар ойнатылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға