Жаңалықтар

МЕДИАТОР – АДАМДАРДЫ ТАТУЛАСТЫРУШЫ ДЕЛДАЛ

МЕДИАТОР – АДАМДАРДЫ ТАТУЛАСТЫРУШЫ ДЕЛДАЛ
21.11.2018 11:06 3617

Медиация институты - сотқа дейін мәмілеге келу деген мағынаны білдіреді. Бірақ, бұл процесс түгелдей осы ортақ мәмілеге келтіретін делдалға байланысты екенін ұмытпаған жөн. Кәсіби медиатор - дәл осы делдал.

Ол түрлі даулы мәселелерді шешу үшін күш салатын, білікті де білімді, жан-жақты маман болуы тиіс. Медиация процесіне бейтарап делдал ретінде қатысады. Оның басты мақсаты - жанжалдасқан екі тараптың да мүдделерін қорғай білу. Өз бейтараптығын ол даулы мәселе толық шешілмейінше ұстанып отыруы шарт. Сонда ғана оған сенім артуға болады. Дауласқан тараптардың келіссөздері кейде өте ұзаққа созылып, күрделене түсуі мүмкін. Осы ретте медиатордың көмегі ауадай қажет. Себебі ол жанжалдасып қалғандарды бір-бірін ең алдымен тыңдауға, кейін түсінуге және белгілі бір ұстанымға келуге көмектеседі. Оның түпкілікті мақсаты - дауласқан тараптардың барлығы да қанағат қыла алатын ортақ шешімге келтіру. Былайша айтқанда, жанжалдасып қалған тараптар бір-біріне жұдырық ала жөнелмей, қол ұстасып, ұрыссыз тарайтын болса, мұны медиатордың жеңісі деп санауға болады.

Кез келген адам медиатор бола алады ма деген заңды сауал туындайды. Бұл ретте айта кеткен жөн, қазір елімізде кәсіпқой медиаторлар қоғамдастығы қалыптасқан. Олар – осы іспен айналысуға рұқсат беретін сертификатқа ие тұлғалар. Яғни, олар оқу оқып, арнайы даярланған мамандар. Бұдан бөлек, кәсіпқой емес медиаторлар бар. Мұндайлардың айқын бейнесі - кешегі билер. Ұлы дала елінде талай даулы мәселелерді реттеп, сан алуан адамдарды қантөгістен арашалап қалған бабаларымыз бүгінгі медиацияның негізін қалап кетті десек те болады. Ал, қазіргі таңда кәсіпқой емес медиаторларға үлкен ұжымдардың басшыларын, білікті менеджерлерді, сыйлы ақсақалдарды жатқызуға болады. Әрине, қалауы бойынша медиатор болып кету оңай шаруа емес. Қандай да бір білім болуы керек, беделі өскен азаматтар болуы шарт. Арнайы дайындығы болғаны да абзал. Қазір заң бойынша бекітілген критерийлер де бар. Олардың ішінде жоғары білімі, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол, адамдармен тіл табыса білу қабілеті, шешендік өнер, ашықтық, әділдік деген сияқты талаптар тізімі құжаттарда көрсетілген. Алайда, бұл қатып қалған қағида емес. Айталық, білімі бойынша заңгер болуы міндет емес. Дегенмен, заңгерліктен құлағдар болғаны да абзал. Психолог, дипломат болғаны да жақсы. Өзінікін ғана дұрыс деп санайтын, тәкәппар, менмеңшіл адамдар медиатор бола алмайды әрине. Бір жағынан медиатор - бұл қорғаушы да емес, айыптаушы да емес, судья да емес екенін ешқашан естен шығармауы қажет. Бұл дауласқан жақтар өздері таңдайтын, тәуелсіз әрі бейтарап тұлға. Оның басты міндеті - жанжалға түскендерді татуластыру емес, медиатор – бұл тараптардың өздері ортақ мәмілеге келуді таңдайтын жағдайға жеткізетін адам. Кеме капитаны тәрізді көптеген кедергілерді айналып өтіп, өз кемесін қажетті жерге жетелеп әкелуі тиіс.

Медиатордың міндеттеріне келетін болсақ, ол тараптардың келіссөздерін ұйымдастырып отыруы керек, әрбір тарапқа заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге тиіс. Сонымен қатар тараптардың бір-біріне айтар реніштерін тізіп, жан-жақты зерттеп алуы шарт. Содан барып, жұмысты ары қарай ұйымдастыруды қолға алады. Ортақ шешім жобасын әзірлейді. Барлық айтылған уәждерді тізбектеп, солардың негізінде өзінің де ұстанымын қалыптастырады. Оның түпкілікті мақсаты - дауласқан тараптарды татуластыру деп жоғарыда айтып кеттік. Осы мақсатқа жету үшін бар білімін, қабілеттері мен өнерін салу керек.                  

Елімізде медиация туралы заң қабылданғанына жеті жылдан асып барады. Алайда, олардың көмегіне жүгінетіндер саны көңіл көншітпейді. Халықтың қалың бұқарасы әдетінше сотқа барады. Мұның бір себебін судьялар түрлі дауларды сотқа жеткізбей-ақ шешуге болатын механизмдер туралы көптеген азаматтарымыз бейхабар екенімен түсіндіреді. Яғни, түсіндіру шаралары мықтап қолға алынған жағдайда, бүгінгі көрініс басқаша болар ма еді? Бұл ретте ағарту жұмыстарының маңыздылығын естен шығармаған жөн.  

Әрине, қазір аса ауыр қылмыстар бойынша істерді медиатордың көмегімен қарауға болмайды. Қылмыстық заңнаманың өрісі бөлек. Алайда, өндірістік, отбасылық, мәдениетаралық дауларда медиатор көмегіне жүгінген дұрыс. Олардың қарауына орта және жеңіл қылмыстар бойынша істер де берілуі ықтимал.   

Медиацияның сот ғимаратындағы даулардан басты артықшылықтары - ол әрине, қаражаттың үнемделуі. Сот ғимаратында өтетін процедуралардың барлығы заңмен реттеледі. Яғни, қандай бір өзгеріс енгізу мүмкін емес. Айыпталушы мен айыптаушы қалауы да ескерілмейді. Сотта тек заң мүддесі ең биік. Демек, барлық жағдай заң талаптары бойынша реттеледі. Соның салдарынан да кейде әділетсіз болып көрінетін шешімдер де қабылданып жатады. Ал, медиатор көмегімен реттелетін дауларда мұндай мәселелердің барлығы да өз еркімен шешіледі деуге болады. Ең бастысы, медиаторды тараптардың өздері таңдайды. Соттта судьяны төраға тағайындайды. Ал, ортақ делдалды тараптар өздері таңдайды. Соттағы процесс көбінесе жариялы түрде жүргізіледі. Ал, медиаторлық реттеуде тараптардың құпиялылығы басты назарға алынады.

Еліміздің медиация туралы заңында медиаторларға қойылатын талаптар толық жазылған. Оның үстіне Біріккеy Ұлттар Ұйымының медиацияның типтік регламенті деген құжаты бар. Онда барлығы жазылған. Яғни, тараптар келісіп жатса, бұл келісім заңға қайшы болмауы керек. Айталық, заң бойынша медиативті келісімді судья тексереді. Яғни, құжатта барлық тараптардың мүдделері ескерілуі тиіс. Егер келісімде мін табылмаса, судья оны бекітеді. Сөйтіп, медиативтік келісім де сот шешіміне теңеседі. Оған сәйкес тараптар құжатта жазылған ортақ мәміле туралы талаптарды орындауы шарт. Осы орайда айта кететін бір маңызды жәйт - дауласқан тараптардың бірі мемлекеттік орган болса, онда ешқандай медиативті келісім бекітілмей қалады. Себебі, бұл заңға қайшы.  

Судьялардың өзі қазірдің өзінде бұл тәжірибені кеңінен қолдануға шақырады. Себебі медиация судьялардың жұмысына ауыр салмақ түсіретін ұсақтұйек дауларды шешуге көмектеседі. Егер ол елімізде кеңінен тарала бастаса, онда судъялардың қағазбастылық жұмысы азайып, олар аса күрделі істерді егжай-тегжейлі зерделеп, зерттеуге мүмкіндік алады. Демек, шығаратын шешімдерінің сапасы да жоғарылайды.    

Ал, азаматтар сотқа жүгінбей, осы медиаторлар көмегіне жүгінсе, онда қыруар ақша, көп уақыт үнемдеуге көмектесіп, жүйкеңізді тоздырудан аулақ қылады. Бұл ең басты айырмашылық десек, артық болмас. Себебі соттағы даулы мәселелер айлап созылып кетуі мүмкін. Медиацияның өзі - жұмсақ процесс, өйткені, барлық мәселелерге екі тарап та араласа алады. Бірақ, бұл жерде айта кететін маңызды мәселе - медиация туындаған жанжал себептерін анықтаумен айналыспайды. Медиацияның басты мақсаты - ортақ мәміле тауып беру және осы процесс барысында тараптар ортақ шешімге келіп, кейде, тіпті, қайта татуласуға бел буатынын да естен шығармаған жөн.     

Асан ҚАЛИАХМЕТ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға